Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайрат Боранбаев мұнай компаниясын мемлекет меншігіне 35 миллиард теңгеге өткізді

Бұрын Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған Phystech II мұнай компаниясы толығымен мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: meta-ratings.kz

Қазақстан қор биржасының (KASE) мәліметінше, 1 тамызда Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Phystech II компаниясының 13 миллион 749 мың 100 теңге жай акциясының иесі ретінде тіркелген.



Phystech II Қайрат Боранбаевтың мемлекетке өткен алғашқы активтерінің бірі болды. Акционерлік қоғам Маңғыстау облысындағы Солтүстік Қаражанбас кен орнында мұнай өндіреді. Оның құны 35,5 миллиард теңгеге бағаланды.

Олигарх Phystech II-ді "КазТурбоРемонт" холдингі арқылы басқарған. 

Қайрат Боранбаев "Phystech II" АҚ-ты мемлекеттік балансқа өткізгенімен сыйға тарту актісіне қол қоймаған. Содан кейін Мемлекеттік мүлік комитеті компания акцияларының жүз пайызын республикалық меншікке алу үшін "шара қолданып жатқанын" хабарлады.

Еске салайық, Қайрат Боранбаев 2023 жылы қыркүйекте апелляциялық сот үкімімен 6 жылға сотталған еді. Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық сотының ұжымы кәсіпкерді ақша жымқырды және заңсыз алынған мүлікті заңдастыру бойынша кінәлі деп таныды. 

Сонымен қатар Боранбаевтың мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте және Ұлттық банкте жұмыс істеу құқығынан айырылды. 

6 қарашада кәсіпкер босап шықты. 

2023 жылдың қазан айында Қайрат Боранбаев құны 1,4 миллиард теңгеден асатын “Comfort Hotel Astana” қонақүй кешенін мемлекет меншігіне өткізген еді. Кейін Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қонақүйдің елорда әкімдігінің меншігіне берілетінін мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Боранбаевтың мемлекет меншігіне қайтарған Comfort қонақүйі америкалық компанияға өткені айтылған еді. 

Талқылау