Әртістердің жаппай қамауға алынуы, Елдос Сметовтің жеңісі: Шілде айындағы маңызды оқиғалар
Шілдеде елімізде біршама оқиғалар болды. Тоқаев лудоманияға қарсы күрес туралы заңға қол қойды, елімізде энергетикалық сусындар балаларға сатылмайтын болды. Сондай-ақ отандық спортшыларымыз Париж Олимпиадасына қатысып, жүлделі орындар алып та үлгерді. Осыған орай Stan.kz ақпарат агенттігі бұл айда болған маңызды оқиғаларға шолу жасады.
"Бәсе" YouTube арнасының авторы Айдос Садық көз жұмды
Маусымда Киевте “Бәсе” Youtube-арнасының авторы Айдос Садыққа қастандық жасалды. Садықовқа белгісіз біреу көлікте отырған жерінде оқ атқан еді.
Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайға қатысты пікір білдіріп, Садықовқа жасалған шабуылға қатысты дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы Украина тарапына ресми сұрату жіберді.
2 маусымда Айдос Садық есін жимай, ауруханада көз жұмды.
“Менің сүйікті жарым, үш баламыздың әкесі, қазақтың біртуар перзенті. Айдос Қазақстан үшін жанын беріп, қанішерлердің қолынан шейіт болды. Айдос он үш күн бойы жансақтау бөлімінде өмір үшін күресті, бірақ ғажайып болмады. Оның өлімі Тоқаевтың ұятында”, – деді Айдос Садықтың әйелі Наталья Садық.
Тоқаев лудоманиямен күрес туралы заңға қол қойды
Заң букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендерді ғимараттардың, құрылыстардың және көліктердің сыртында жарнамалауға, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары, кино, видео және анықтамалық қызметтерде жарнамалауға тыйым салады. Одан бөлек Қазақстан аумағында лицензиясы жоқ шетелдік букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендердің интернет-ресурстарының қызметіне тыйым салынды.
Құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар қосылды. Оған сәйкес мемлекеттік қызметкерлердің құмар ойын ойнауына шектеу енгізіледі.
21 жасқа дейінгілерге энергетикалық сусын сатуға тыйым салынды
Енді энергетикалық сусындарды балалар іше алмайды. Дүкендерде бұл сусын тек 21 жастан бастап сатылады.
“Өскелең ұрпақтың денсаулығын энергетикалық сусындардың зиян салдарынан қорғау үшін мұндай сусындарды 21 жасқа дейінгі адамдарға сатуға тыйым салынады”, – делінген Ақорда хабарламасында.
Мамандар құрамында таурин, мелатонин, карнитин сияқты 10-15 түрлі қоспасы бар өнімді тұтыну жүрек-қан тамыры, қант диабеті, бүйрек, жүйке тамырлары ауруына алып келетінін жеткізді.
Шымкент экс-әкімінің ағасы әйелі мен балаларын үйінен қуып шықты
Желіде Шымкенттің экс-әкімінің ағасы бұрынғы әйелі мен балаларын үйінен қуып шыққан видео тарап, халық арасында резонанс туғызды. Бұрынғы әйелі Дана Әтешова Марат Әйтеновті зорлық-зомбылық жасады деп айыптады. Жоғарғы сот зорлықпен қуып шығып, бұрынғы жұбайының абыройы мен қадір-қасиетін қорлап, оған дөрекі сөйлегені үшін Әйтеновті 5 тәулікке қамауға алу жазасын тағайындады.
Елорда полициясы қоғамда дау тудырған видеодан кейін Шымкенттік экс-әкім Мұрат Әйтеновтың ағасы Марат Әйтеновке қатысты қылмыстық іс қозғады. Қазір сот процесі жүріп жатыр.
Дана Әтешова онсыз да үйді босатпақ болғанын айтты. Оның шығу уақыты 14:00 болған, ал оны 9:00-де осылай бірнеше адаммен келіп шығарып жіберген. Марат Әйтенов зорлық көрсетіп, ұрғанын жоққа шығарды, ол да бұрынғы әйелін боқтық сөздер айтты деп сотқа берді.
Киіз үйде жартылай жалаңаш билегендерге қатысты қылмыстық іс қозғалды
Желіде киіз үйде камзол киіп билеген жартылай жалаңаш жігіт пен екі қыздың видеосы тарады. Бұл көпшіліктің ашуына тиіп, қоғамдық дау туғызды. Депутат Самат Мұсабаев бұған ұлттық алауыздықты қоздырды деп арызданды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратура депутаттың өтінішімен Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру" бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті бишілердің ниетін анықтау үшін психологиялық-филологиялық сараптама жүргізілетінін атап өтті. Биші Әлішер Сұлтанбекұлының кінәсі дәлелденсе, ол 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қазақстандық бойдақ ер адамдар бала асырап алу құқығына ие болды
Қазақстандық заңгер Ербол Аққожа некелеспеген ер адамдар бала асырап ала алмайтынына қарсы шығып, Конституциялық сотқа өтініш жазды. Заңгердің сөзінше, "Неке және отбасы туралы" кодекстің 91-бабы 2-тармағының 11-тармақшасы заңға сай емес. Ол жалғызбасты әйелдер бала асырап ала алады, ал ерлердің асырай алмайтынын кемсітушілік деп санады. Осыдан кейін Конституциялық сот ережені расымен заңға қайшы деп тапты. Қаулы талқыланбайды және парламенттің қарауына беріледі. Депутаттар 6 айда неке туралы заңға тиісті түзетулер енгізуі керек.
Алайда балалар омбудсмені Динара Закиева бұған қарсы шығып, некеде емес ер адамдарға баланы асырауға беру дұрыс емес екенін мәлімдеді.
Енді бакалавр студенттері "Болашақ" бағдарламасы бойынша шетелде білім ала алады
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек енді бакалавр студенттерінің "Болашақ" бағдарламасы бойынша шетелде оқи алатынын мәлімдеді. Бұған дейін грант тек магистратура, докторантура және тағылымдама бойынша ғана бөлінетін еді.
Бағдарлама халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда жүлделі орындарға ие болған үздік түлектерге грант береді. Бұл жарыстардың тізімін Республикалық комиссия реттейді. Әлемнің үздік университеттеріне өз білімімен түскен мектеп оқушылары да бағдарламаға қатыса алады.
Бірнеше әртістің басы дауға қалып, қамауға алынды
Танымал әзілкеш, актер Тұрсынбек Қабатов мас күйде ұшақта шу шығарып, бейәдеп сөздер айтқаны үшін әкімшілік жазаға тартылды. Ол бордсеріктің нашар қызметіне көңілі толмайтынын айтып, оларға өз ескертуін білдірген. Сол кезде ұрыс шығарып, боқтық сөздер айтқан. Сол үшін Қабатов бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Араға 1 аптадай уақыт өткен соң, 5 шілдеде әнші Қайрат Нұртас та ұшақта шу шығарып, басы дауға қалған. Өнер иесі ұшақта төбелес шығарып, жәбірленуші Асылбек Бекқайыров есімді жолаушыға күш көрсеткен. Салдарынан әуе кемесінің командирі полицияға жүгінді.
Астана әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 2-бөлігі "Жыл ішінде қайталап жасалған ұсақ бұзақылық" және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы 1-1-бөлігі "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" бойынша Қайрат Нұртастың ісін қарап, оны 15 күнге қамауға алу жазасын тағайындады.
6 шілдеде әнші Әбдіжаппар Әлқожаның ұсталған видеосы пайда болды. Өнер иесі мас болып, полицейлерге бағынбай, олардың қызметіне кедергі келтірген.
Полиция Toyota Camry көлігін тоқтатып, тексеру барысында аталған көліктің жүргізушісі көлік құралын басқару құқығынсыз рөлде отырған. Әбдіжаппар Әлқожаның өзі басқа KIA Carnival көлігінде жолаушы болған. Бірақ ол сол сәтте тәртіп сақшыларына қысым көрсетіп, құқық бұзушыны тіркеуге кедергі келтірген. Сот шешімімен әнші тәртіп сақшысының заңды талаптарына бағынбағаны үшін 10 тәулікке қамалды.
Әнші Ұланғасыр Қами хиджабқа қатысты пікірінен кейін халықтың сынына ұшырап, тіпті істі болды. Ол “ерлер әйелдерін хиджаб кимегені үшін өлтіріп жатыр” деген пікір айтқан.
“Неге хиджаб кигізесің деген сұрақ болса, ер адам өзіне жауапкершілік алады ғой... Үйленгеннен кейін ақыретке дейін әйеліңе де сен жауаптысың, сұраласың. Егер хиджаб киіп, дұрыс жүрмейтін әйел болса, үйленбей-ақ қойған дұрыс... Әйелін өлтіріп қойды дегеннің бәрі хиджаб кимегеннен басталған шаруа. Ұстаздар баяғыдан айтып келе жатыр. Әйелі санын жалтыратып көшеге шығады, күйеуі оны естиді де, барып өлтіріп қояды деген сияқты”, – деп айтты хитмен.
Қоғам белсендісі Саида Сисембаева ішкі істер министрлігіне әншінің үстінен Қылмыстық кодекстің 174-бабы “Әлеуметтік, гендерлік, діни алауыздықты қоздыру” бойынша арыз түсірді. Әрі мұны әйелдерге жасалған зорлық-зомбылықты ақтау әрекеті деп атады. Енді Қами кінәсі дәлелденсе, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қазақстандық спортшылар Олимпиадада топ жарды
26 шілдеде Парижде 2024 жылғы жазғы Олимпиада ойындары басталды. Қазақстандық делегация құрамында 206 адам бар:
- спортшылар мен жаттықтырушылар – 149 адам (оның ішінде спортшылар саны – 80)
- Туризм және спорт министрлігі – 5 адам;
- Ұлттық Олимпиада комитеті – 10 адам;
- Спортты дамыту басқармасы – 6 адам;
- Ұлттық спорттық медицина және оңалту орталығының дәрігерлері, массажистері – 23 адам;
- БАҚ өкілдері – 16 адам.
26 шілде мен 12 тамыз аралығында Парижде өтетін Олимпиада ойындарына Қазақстан атынан 25 спорт түрінен 80 спортшы бақ сынап жатыр. Әзірге еліміздің қанжығасында үш жүлде бар.
27 шілдеде қазақстандық пневматикалық мылтықтан атқыштар Ислам Сәтбаев пен Александра Ле елге алғашқы жүлдені әкеліп, қола медаль ұтып алды.
Сол күні дзюдошы Елдос Сметов Қазақстанға алғашқы алтынды сыйлады. Ол финалда француз спортшысын жеңді. Сондай-ақ Елдостың жеңісі – дзюдо бойынша Қазақстанның бірінші алтыны.
Ал 66 келіге дейінгі салмақта сынға түскен қазақстандық дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдегер атанды. Үшінші орын үшін тартыста ол сербиялық Страхиня Бунчичті жеңді.
Әлемде не болды?
Ресейдің әуе соққысынан Украинада 38 адам мерт болды
Әскерилер Украинаға әртүрлі типтегі 40-қа жуық зымыранды ұшырды. Киев, Днепр, Кривой Рог, Покровск, Славянск, Краматорск қалаларына шабуыл жасалды. Бұл шабуыл құрбандар саны бойынша 2024 жылғы ең қантөгіс шабуыл болды.
8 шілдедегі шабуылдан 38 адам көз жұмып, 112 адам жарақат алған. Украина төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, Киевте 17 адам көз жұмып, 50 адам жарақат алды. Ал Днепропетровск облысында 11 адам көз жұмып, тағы 62 адам жарақат алды. Кривой Рогта 10 адам қаза тапты.
Әуе соққысынан Киевтегі "Охматдет" балалар ауруханасы зардап шекті. Шабуыл кезінде ауруханада екі ота жасалып жатқан.
Украина билігі Ресейді екі адам қаза тапқан балалар ауруханасына жоспарланған шабуыл жасады деп айыптап отыр, алайда Ресей мұны жоққа шығарды.
"Жалпы 100-ге жуық нысан зақымданды: балалар ауруханасы, қарапайым үйлер, балабақшалар, перзентхана, колледж, бизнес орталығы", – деді Зеленский.
БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Ресейдің соққысын қатаң айыптады. Ол балалар ауруханасына жасалған зымыран соққысын "қатты таңғалдырған" деп атады
"Бейбіт тұрғындар мен азаматтық объектілерге шабуыл жасауға халықаралық гуманитарлық құқықпен тыйым салынады. "Мұндай шабуылдар қабылданбайды және дереу тоқтатылуы керек", – деді Гутерриштің баспасөз хатшысы.
Қауіпсіздік кеңесінің отырысы 9 шілдеде таңертең Ұлыбритания, Франция, Эквадор, Словения және Америка Құрама Штаттарының өтініші бойынша шақырылды.
Дональд Трампқа қастандық жасалды
Пенсильвания штатында сайлауалды науқанда сөз сөйлеген АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың оң құлағына оқ тиді. Алғашқы оқ атылғаннан кейін саясаткер мінбенің артына тығылды. Экс-президентті оққағарлары сахнадан алып кетті. Қастандық салдарынан сайлау жиынында бір көрермен қаза тауып, екеуі ауыр жараланды.
Оқ атқан адам 20 жастағы Томас Мэттью Крукс екен. Күдікті науқан өткізілген аумақтан жүз метрдей жерде орналасқан үйдің шатырынан АР-15 жартылай автоматынан оқ атқан. Алайда оны Құпия қызмет атып өлтірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трампқа жасалған қастандықты қатаң айыптады.
Израиль Йемен мен Ливанға шабуыл жасады
Йемен 1 жыл бұрын палестиналықтарды қолдау мақсатында Израильге қарсы соғыс ашатынын мәлімдеді. Содан соң Израильге қарай баллистикалық зымырандарды жіберді.
19 шілдеде таңертең жарылғыш заты бар хусилердің ұшқышсыз ұшағы Израильдің әуе қорғаныс жүйелерін айналып өтіп, Тель-Авивтегі ғимаратқа соққы берді. Бұл Израильдің қауіпсіздік жүйесіндегі елеулі бұзушылық ретінде қарастырылды. Йемен өтемақы төлеуге міндеттелді.
21 шілдеде Израиль Йеменнің Ходейда порт қаласына әуеден соққы берді. Ходейдадағы мұнай қоймалары мен электр станциясында өрт шықты. Салдарынан 3 адам қаза тауып, 87 адам жараланған.
31 шілдеде Израиль Ливан астанасына соққы жасады. Израиль әскері Бейруттің оңтүстік шетіндегі аудандарға шабуылдап, "Хезболла" радикалды исламдық тобының қолбасшысының өлтірмек болды.
Әуе күштерінің шабуылынан 2 ересек және 10, 6 жастағы тағы екі бала мерт болды. Зардап шеккендер тізімінде 74 адам бар.