Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шетелдіктердің сүйікті қазақстандық кәдесыйлары белгілі болды: Олар біздің елден не алып кетеді

Қазақстанға келетін туристер өз елдеріне көбіне қандай кәдесый әкететінін білесіз бе? Туризм саласындағы мамандар туристер біздің елден көбіне киізден жасалған заттарды, шұбат пен қазақстандық шарапты әкететінін айтады. Stan.kz тілшісі туристер сұранысындағы кәдесыйларға шолу жасады.

Фото: Pixabay.com

Алматы туризм бюросының PR менеджері Жанар Нұрлыбек соңғы кезде елімізге қызығушылық танытып келетін туристер саны артқанын алға тартты. Айтуынша бұған әртүрлі себептер бар. 

“Елімізге араб елдерінен келетіндер саны көбейген. Тікелей рейс ашылғандықтан Үндістан, Малайзия, Корея елдерінен де келеді. Келушілер қатарында италиялық, франциялық туристер де жоқ емес. Олардың көбі әдемі табиғатымызға қызығады. Үндістан мен араб елдерінің туристері көбіне арнайы қар көру мақсатында келеді. Көктемде ауа райы жылы болса да, Шымбұлақта қар жатқандықтан туристер осы орынды ерекше бағалайды. Италиялықтар түрлі көрмелер мен мәдениетімізге қызығады. Олар Алматы облысындағы Көлсай, Қайыңды жерлерін көріп, кейін көбіне еліміздегі Маңғыстау өңіріне жол тартып жатады. Туристерді жалпы алғанда Қазақстан бойынша Шымкент, Түркістан қалалары қызықтырады”, – деді маман. 

Осы тұста тілшіміз маманның айтуымен туристердің елімізден жиі алып кететін заттарына шолу жасады:

Фото: Pinterest.com

Киіз кебіс аяқкиімдер 

Жанар Нұрлыбектің айтуынша, соңғы кезде киізден жасалған аяқкиімдер туристердің қызығушылығын тудырып жүр. Осындай өнімді Қазақстаннан кәдесый ретінде әкететіндер көп екен. Жалпы қазақ халқының мәдениетімен жақынырақ танысқандар табиғи киіз өнімдерінің тұрмыста қаншалықты маңызға ие болғанын бағалап жатады. 

Қазақстан шоколады

Бұл шоколад сыйлық ретінде ел ішінде де, туристер арасында да танымал. Мамандар елімізге келген туристерге осы шоколадтар кәдесый ретінде ұсынылатынын айтады. Бұл шоколадты шетел асқан студент жастарымыз да өзге ұлт достарына да апарады. 

Ұлттық нақыштағы сувенирлер мен ойыншықтар

Көбіне сувенирлер қатарында киіз үй, алма, домбыра, алтын адам пішініндегі бейнелер танымал. Туристерге сонымен қатар түрлі ұлттық киімдегі кішкентай қазақ қызын бейнелейтін қуыршақтар мен еліміздің түрлі аймақтары бейнеленген магнитиктер де ұсынылады. 

Фото pinterest.com

Кесе ыдыс-аяқтар

Қазақстанның тағы бір символы  ретінде ағаш ыдыстар мен кесе, тостаған, табақтар да кей туристердің қызығушылығын тудырады екен. 

Зергерлік бұйымдар, тақия

Жанар Нұрлыбекованың айтуынша, соңғы кезде сырға, шашбау, заманауи стильде тігілген кәжекей мен тақия сәнге айналған. Бұл туристердің де назарынан тыс қалмаса керек. Кәдесыйға зергерлік бұйымдарға деген сұраныс та көп көрінеді. 

Ұлттық тағамдар

Туристерді ақпаратпен қамтамасыз ететін орталық маманы Гүлбану Танатованың айтуынша кейбір туристер жылқы етінің дәмін көруге қызығушылық танытады. Ал кәдесый ретінде өздерімен бірге көбіне тары, жент, ірімшік пен шұбат алып кетеді. 

Фото: Gov.kz 

Қазақстанның шарабы

Осы саладағы мамандардың айтуынша негізінен туристер Қазақстанның шарабы туралы көп біле бермейді. Бірақ елге келіп, естіп, дәмін көргендер бізден жасалған табиғи шарапты кәдесый ретінде де алып кетеді екен. 

Туристерді ақпаратпен қамтамасыз ететін орталық маманы Гүлбану Танатова қонақтардың сұрақтары мен қызығушылықтары әртүрлі екенін айтады. 

“Көбінің біздің елге келудегі мақсаты Орталық Азияда орналасқан елдерді аралау. Туристер әсіресе қазақтың ұлттық тағамдарының дәмін қай жақтан көрсек болады деп сұрап жатады. Жылқы етінің дәмі қандай болады деп қызығатындар да бар. Біз туристерге ақпарат беретін жерлерде қазақтың ұлттық киімдері ілініп тұрады. Туристер шапандарымызды киіп суретке түседі. Олар көбіне қазақтың салт-дәстүрімен танысқысы келеді. Біздің елден олар өздерімен ашықхаттар, ту мен біз ұсынған Қазақстан шоколадын алып кетеді”, – деді ол.

Осы тұста Гүлбану еліміздегі кемшіліктерді де айта кетті. 

“Көбіне туристер елімізден жақсы эмоциялармен қайтады. Олар біздің қонақжайлығымызға таңданып, жақсы әсер алады. Алайда бізде әуежай алдындағы такси қызметімен үлкен мәселе бар. Олар көбіне туристерден көп ақша сұрап, келіспеушілік туындатып жатады”, – деп қорытты ол. 

Талқылау