Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

6 жасар Лиза Пылаеваның өлімі: Айыпталушының күйеуі өз нұсқасын айтып берді

Алматыда Лиза Пылаеваға қатысты сот отырысы барысында қызын өлтірді деп айыпталған Шмакованың екінші күйеуі Андрей Шмаков куәлік берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ашық дереккөзден алынды

1 шілдеде Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қорғаушы тарап екі куәгерден жауап алды. Бірінші куәгер – қыздың анасының құрбысы Анастасия Мороз. Екінші куәгер – қызды өлтірді деп айыпталған Ольга Шмакованың күйеуі Андрей Шмаков.

Куәгер Андрей Шмаков оқиға болған күн туралы айтып берді. Айтуынша, ол сол күні әйелі және балаларымен сауда орталығында болған. Қыздың өлімі туралы отбасымен кинотеатрда фильм көріп отырған кезде естіпті.

"Фильм енді ғана басталған еді. Әйелімнің әпкесі Марина Рыжакова маған айқайлап хабарласты. Әкесі Алексей Рыжиков екеуі баланы №4 қалалық ауруханаға апарып жатқанын айтты. Бала ес-түссіз жатқанын ғана түсіндім. Үстіне мүсін құлап кеткен бе, әлде мүсінге құлап кеткен бе, нақты есімде жоқ. Александр Пылаев айқайлап, оның өліміне бізді кінәлай бастады. "Өлтірдіңдер, өлтірдіңдер" деп айқайлады”, – дейді Андрей Шмаков.

Қыздың көз жұмғаны белгілі болған соң барлығы оқиға орнына барған. Ол кезде үйге полиция қызметкерлері келіп үлгерген.

“Оқиға орнына барған кезде 25-30-ға жуық қызметкер жүрді. Полиция көліктері, қарапайым көліктер де қоршаудың артында толып тұрған еді. Полиция қызметкерлері мен прокурорлар үйдің ішін, ауланы қарап жатты. Кейбіреулері машинаны, біреу ванна бөлмелерін, асхананы, тоңазытқышты тексерді. Мұны көріп абдырап қалдым. Өйткені әркім білгенін істеп жатты, араларында басшы да болмады.  Мүсіннің жанында адам үймелеп жүрген еді. Тіпті айналаны арнайы таспамен де қоршамаған. Біз полициямен бірге оқиға орнын аралап жүрдік. Оқиға орнында жатқан футболка жыртылып, түссіз сұйықтыққа малынған болатын. Сонымен қатар бір жұп тәпішке табылды. Алайда оның өлшемдері үлкен болатын.  Мен сарапшы емеспін, бірақ тәпішкенің шайналып кеткенін бірден байқадым. Оқиға орнында мүсін мен көрпе жатты", – дейді куәгер.

Шмаковтың айтуынша, қайғылы оқиға болған кеште оқиға орнында үш тергеу тобы бірін-бірі алмастырған.

"Бірінші тергеу тобының өкілдері мүсінді тексеріп, оның қанын жуып, барлығын конвертке салып, тексеру жұмыстарын жүргізіп, бізден көліктердің құжаттарын тәркілеуге кірісті. Осы әрекеттердің барлығы шамамен 40 минут ішінде жүргізілді. Содан кейін бұл тергеу тобы алынған заттардың барлығын тастап кетті. Артынша басқа тергеу тобы келіп, жасалған жұмысты қайтадан істеді. Біразда басқа тергеу-жедел тобы келеді, яғни оқиға орнында үш жедел-тергеу тобы болды. Оқиға орнын тергеу кәсіби түрде жүргізілмеді. Ешкім ешкімді бақылаған жоқ. Нәтижесінде, оқиға орны тапталып, мүсіннің орны бірнеше рет ауысты. Алты ай полиция қызметкерлері ешқандай айғақ таба алмады”, – дейді Шмаков.

Куәгердің айтуынша, тергеу топтарының бірнеше рет ауысуына Александр Пылаев пен оның анасының оқиға орнында баланы әлдекімнің өлтіргенін айтып шу шығаруы себеп болған.

"Қайғылы оқиғадан кейін келесі күні полиция қызметкерлері келіп, үш көлікті тәркілеп, сонымен қатар оқиға орнында қан бар-жоғын анықтау үшін ауланы және тұрақ алаңын тексерген. Оқиға орнынан қан ізі табылмады, бірақ мүсін тұрған жердің дәл астында біраз қан бар еді", – деді ол.

Ол сондай-ақ көз жұмған Лизаның әкесі мен анасының арасындағы қарым-қатынас қиын болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Марина бала туылғаннан кейін шамамен 10 ай өткен соң Александрмен ажырасуға өтініш берген. Шмаковтың айтуынша, бұған Пылаевтың бірінші некедегі әйелі мен ұлына қатысты физикалық зорлық-зомбылық көрсеткені себеп болған.

"Мен оның денесінде, аяқтарында, қолдарында көгерген жерлерді көретінмін. Ол көп уақыт бойы бұл туралы ешкімге айтпаған. Некені сақтап қаламын деп үміттенген. Ол мұны бізге ажырасқаннан кейін айта бастады. Сонымен қатар Пылаев жиендері Кирилл мен София Рыжаковтарға және оның қызы Пылева Елизаветаға қатыгездік көрсеткен", – дейді Шмаков.

Сондай-ақ куәгер әйелінің кінәсіздігіне сенімді екенін айтып, қайғылы оқиға болған күні өзімен және балаларымен сауда орталығында болғанын түсіндірді. Ол түсірілген күні мен уақытын көрсететін фотосуреттер түріндегі дәлелдері бар екенін атап өтті.

Сонымен қатар Шмаков Александр Пылаевтың марқұм Лизаның әкесі екенін және оның әйелі қызды қызғаныштан өлтіргені туралы алғашқы айғақтарын жоққа шығарды. Ол бұл іске оның Елизавета Пылаеваның әкесі емес екенін дәлелдейтін екі ДНК сынамасы тіркелгенін атап өтті.

Сөз сөйлегеннен кейін айыптаушы тарапқа сөз берілді. Марқұмның әкесі Лиза Пылаева Александр куәгерге сұрақтар қойды, бірақ жауаптарға, сондай-ақ судьяның сот талқылауын жүргізу тәсіліне қанағаттанбай, судьяны ауыстыруды сұрады.

Сот отырысы барысында тағы екі куігерден жауап алынуы керек болатын. Олардың бірі Дәметкен Әубәкірованың қайде екені белгісіз. Ал екінші аты аталмаған куәгердің көз жұмғаны айтылды. Алайда сотқа куәгердің қайтыс болғаны туралы құжаттар ұсынылмаған.

Айта кетейік, бұған дейінгі сот отырысында Лизаның әжесі Алла Пылаева өзіне және ұлына таныстары арқылы ақша ұсынғандар болғанын мәлімдеді.

Лиза Пылаева 2019 жылы жұмбақ жағдайда қайтыс болған еді. Оның өліміне қатысты сот отырысы әлі жалғасып жатыр.

Талқылау