"Ажырау": Қазақстандағы орыстандыру саясаты туралы деректі фильм Алматы кинотеатрында алғаш рет көрсетілді
Қазақстандағы орыстандыру саясаты мен оның қазіргі қоғамға әсері туралы деректі фильм алғаш рет үлкен экранда көрсетілді. Бұл туралы Stan.kz агенттігі хабарлайды.
Алматыдағы Chaplin MEGA Alma-Ata кинотеатрында "АЖЫРАУ. Қазақстандағы орыстандыру саясаты" деректі фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Фильмде документалист Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов сияқты зиялы тұлғалардың балаларымен, тарихшылармен, зерттеушілермен, лингвист мамандармен сұхбаттасып, архивтегі деректерге сүйеніп, қазақ халқының неге орыстанып кеткенін, қазақтардың өз ана тілінде емес, орыс тілінде сөйлеп кеткеніне не себеп болғанын анықтауға тырысады.
Туындының авторлары – журналист Әлия Әшім мен Сәуле Темірбаева. Олар оны "Qrec productions" медиакомпаниясымен бірлесіп түсірген. Әлия Әшімнің айтуынша, бұл деректі фильм қазақ тілінде және орыс тілінде сөйлейтін ел азаматтарына бір-бірін түсінуге көмектесу үшін түсірілген.
"Ана тілі – кез келген халықтың, кез келген мәдениеттің іргетасы. Тіл – біздің ортақ естелігіміз және болашағымыздың кепілі. Естелік, мәдениет, тіл болмаса, ұлт та болмайды. Біздің фильмнің негiзгi идеясы – қазақтардың назарын ана тіліне аударту және тіліміздің біртұтас әрі дара ел ретінде танылуымыздың негізі екенін түсіндіру. Біз фильмде мұндай жағдайға, қазақ өзінің ана тілін білмейтін хәлге қалай жеткенін анықтап көруге тырыстық. Бұл туындыны көрген әр адам тілдің маңызы жөнінде ойланып, бәрімізге бірге қазақ тіліне еліміздегі жетекші тіл ретіндегі рөлін қайтарып береміз деген үміттемін”, – дейді Әлия Әшім.
Әлия Әшім
Фильмнің жабық көрсетіліміне көп адам жиналды. Олардың қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Юрий Шин, әнші Сәкен Майғазиев, актриса Зарина Кармен, блогер-коуч Роза Әшірбаева, лингвист Назгүл Қожабек, режиссер Мұрат Есжан және тағы басқалары бар.
"Біз, қазақстандықтар – көп ұлтты халықпыз. Әрине, бізді Отанға деген махаббатымыз біріктіреді. Бiрақ бiздiң бiрлiгiмiздi нығайтатын – тiл, қазақ тiлi. Ол бізді ұлт ретінде қалыптастырып, Қазақстанның ұлан-ғайыр кеңістігінде бәріміздің араласып, бірге тұруымызға мүмкіндік береді. "Ажырау" фильмі – тарихымызды, оның мұрасын түсіну мен қабылдаудағы маңызды қадам", – дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Юрий Шин.
Режиссер Мұрат Есжанның айтуынша, “Ажырау” фильмі – орыстану саясатын әлсірететін, қазақ тілін дамыту жолындағы ең үлкен қадамның бірі.
“Фильмде маған екі нәрсе қатты әсер етті. Біріншісі – Арсеннің “Біз тарихта кері айналған дөңгелекті дұрыс орнына түсіруіміз керек” деген сөзі. Екіншісі – Әлияның “мен қазақша сапалы дүние жасағым келеді” дегені. Шынымен де біздің қазіргі міндетіміз – өнерде, ғылымда, экономикада және тағы басқа салада қазақ тілін дамыту үшін еңбек ету. Фильмді көріп отырып, осы мақсаттың бір парасы орындалды деп есептеймін”, – дейді режиссер Мұрат Есжан.
Мұрат Есжан
Әнші Сәкен Майғазиев та өз ойын бөлісті.
“Бұл тұшымды дүниені көріп, бір жағынан тебірендік, бір жағынан бізге жұбаныш болды. Тілімізге қатысты үміт пайда болды. Авторлар басқа ұлттармен тереземіз тең болуы үшін өзге тілдерді білудің маңызын да түсіндірді. Бұл фильмді әр қазақ көруі керек деп ойлаймын”, – деді әнші Сәкен Майғазиев.
“Ажырау. Қазақстандағы орыстандыру саясаты” деректі фильмі бір ай бұрын Youtube арнасына шыққан. Дегенмен оның кинотеатрдағы жабық көрсетілімін ұйымдастыруға Choco Holding басшысы Рамиль Мухоряпов қолдау көрсеткен. Мухоряпов деректі фильм арқылы қазақ тілі мәселесінің маңызын тереңірек түсінгенін айтты. Оған қоса ол бұған дейін қазақ тілі туралы айтқан пікірі үшін тағы бір мәрте кешірім сұрады.
“Фильм санамды селт еткізді. Ол маған өзімді жақсы тануға, Қазақстанда туып-өскеніме қарамастан, ана тілімді дұрыс білмеуімнің түпкі себебін анықтауға көмектесті. Мен бұған дейін тіл мәселесі мұндай өзекті екенін білмедім. Халықтың маған деген ашуын түсіндім. Сол үшін де тағы бір мәрте кешірім сұрағым келеді. Әлияның фильмі сияқты жобалар – біздің қоғамның дамуына көмектесетін маңызды процестің бір бөлігі. Мен осындай қазақ тіліндегі жобалардың дамуына қолымнан келгенше қолдау көрсетемін”, – деді Choco Holding негізін қалаған Рамиль Мухоряпов.
Рамиль Мухоряпов
Еске сала кетейік, 2022 жылы қазақ тіліне қатысты айтқан мәлімдемесінен кейін Chocofamily Holding басшысы Рамиль Мухоряповтың басы дауға қалған еді. Кейін кәсіпкер осы сөзі үшін Қазақстан халқынан кешірім сұраған.