Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұлдары бар алқабилерді таңдамады": Бишімбаевтың адвокаттары судья Құлбаеваны жәбірленуші тарапқа жақтасты деп кінәлады

Адвокат Ерлан Ғазымжанов Бишімбаевтың апелляциялық шағымы бойынша сот процесінде бірінші сатыдағы соттың 20 заң бұзушылық жасағанын алға тартты. Айтуынша, судья Құлбаева жәбірленушілер тарапына жақтасып, тек балалары бар алқабилерді таңдаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Жоғарғы сот

Бишімбаевтың адвокаты бірнеше сатыда өтетін алқабилерді іріктеу рәсімін еске салды. Айтуынша алдыңғы сотта оларды таңдау кезінде заңбұзушылық болған. Сол себепті қазір үкімді өзгертуге болатынын алға тартты.  

"Алқабилерді таңдаудың төртінші кезеңінде 21 үміткер болды. Ал біз дәл 17 үміткерді таңдауымыз керек еді. Заңда нақты жазылған. Егер үміткер саны 17-ден асса, сотта төрағалық етуші оларды іріктейді. Олардың тегі көрсетілген билеттерді араластырып, соның ішінен 17-сін шығарады", – деп түсіндірді адвокат. 

Алайда адвокаттың айтуынша, судья Айжан Құлбаева осы кезеңде жеке шешім қабылдаған. Ол үміткерлер арасынан шамамен айыпталушымен жасты балалары бар алқабилерді алып тастады.

"Егер сол кезде жеребе тастағанда, негізгі құрам аралас болғанда, үкім басқаша болуы мүмкін еді", – деп қосты адвокат.

Қорғаушы мұның үкімнің күшін жоюға негіз болатынын түсіндірді.

"Алғашқы сот отырысынан бастап судья жәбірленуші тарапқа жақтасып, тиімсіз үміткерлерді алып тастауға көмектесті. Құрам сотталушыларға әділ үкім шығару мүмкіндігі аз болатындай етіп таңдалды", – деп қосты Ғазымжанов. 

Адвокат тергеу органы қылмыстық істің барлық материалын сотқа жібермес бұрын беруге міндетті екенін жеткізді. Айтуынша, Бишімбаевтың телефоны мөрленіп, өздеріне зерттеуге рұқсат етілмеген.

"Бұрын таныспаған телефонды сотта зерттей алмаймыз. Біз сотта кенеттен туындаған жағдайларда жұмыс істемеуіміз керек. Әрбір фактіні жоққа шығару үшін немесе керісінше, қорғауға қолдану үшін дайын болуымыз керек. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырудан заңсыз бас тартты", – деп қорытындылады ол.

Ерлан Газымжановтың бір жарым сағаттық сөзінен кейін Бишімбаевтың екінші адвокаты Назкен Құсайыноваға сөз берілді. Ол да сотта әріптесін қолдап, судьяның ұлдары бар алқабилерге үміткерлерді қабылдамай тек қызы барларды қалдырғанына шағымданды. 

Талқылау