Семейде жолдан такси ұстап тұрып жоғалған қыздың денесі табылды: Оның өліміне анасы кінәлі деп айыпталды
Семей маңынан бір апта бұрын жолдың бойында таксиге мініп, жоғалып кеткен 30 жастағы қыздың денесі табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
1 маусымда күні кешке жақындары жоғалған қызды табу үшін көмекке жүгініп, полицияға 2 маусымда ғана хабарласқан екен.
"2024 жылдың 2 маусымында “102” арнасына Бородулиха аудандық полиция бөліміне "Ауыл" станциясының 59 жастағы тұрғыны хабарласып, 26 мамыр күні 1994 жылы туған қызы Динара Досымбекованы табуға көмектесуін сұраған. Полиция қызметкерлері оның жүрген жерін анықтау мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", – деп хабарлады бізге Абай облысының полиция департаменті.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі өлімнің себебі анықталып жатқанын айтты.
"Полиция қызметкерлері жүргізген шаралардың нәтижесінде 30 жастағы қыздың із-түзсіз жоғалуының мән-жайы анықталып, күдікті әйел қамауға алынды, Тиісті сараптамалар тағайындалды", – деп хабарлады Абай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тергеушілердің айтуынша, қыздың анасы кісі өліміне қатысы бар деп күдікке ілінді.
Еске салайық, 2 маусымда Абай облысында бойжеткен Семейге бара жатқан жолда өтіп бара жатқан таксиге отырып, кейін жоғалып кеткенін жазған едік.