Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайрат Боранбаев мемлекетке қайтарған Астанадағы қонақүй америкалық компанияға өтті

Бұрын сотталған олигарх Қайрат Боранбаевтың мемлекетке қайтарған “Comfort Hotel Astana” қонақүйі кімге сенімгерлік басқаруға берілгені белгілі болды. Оны басқару америкалық инвестицияларды басқару компаниясының қазақстандық өкілдігіне өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото 2gis.kz

Аукционды ұйымдастырушының мәліметінше, Астана әкімдігінің Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасына қонақүйге қатысты сауда-саттықта бір ғана өтінім түскен. Сондықтан аукцион жеңімпазы автоматты түрде қонақүйге қызығушылық танытқан жалғыз компания болды.

Comfort Hotel Astana қонақүйін кейіннен сатып алу мүмкіндігімен сенімгерлік басқару құқығын "Invesco powershares Capital Management" ЖШС алды. Бұл фирма Астанада 2021 жылы тіркелген. Кейінгі рет 2024 жылдың наурызында қайта тіркеуден өткен. Компанияның жалғыз құрылтайшысы — Әсел Мамыралиева.

"Invesco powershares Capital Management" ЖШС Іnvesco тобына кіреді, негізгі кеңсесі Чикагода орналасқан. Америкалық компанияның Қазақстандағы бөлімшесі осы қонақүйді сенімгерлік басқаруға алып отыр. Компания биржалық инвестициялық қорларды басқарумен (ETF) айналысады. Атап айтқанда өз клиенттеріне түрлі активтерге, соның ішінде шағын бизнеске инвестиция салуға мүмкіндік береді. Шетелдік инвесторлар қонақүйді дамытуға одан әрі инвестиция салуға қызығушылық танытуы мүмкін.



Бұған дейін Боранбаевтың мемлекет меншігіне қайтарған Comfort қонақүйі екінші рет сатылымға шығарылғаны туралы жазған едік.

Айта кетейік, 2023 жылдың қазан айында Қайрат Боранбаев құны 1,4 миллиард теңгеден асатын “Comfort Hotel Astana” қонақүй кешенін мемлекет меншігіне өткізген еді. Кейін Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қонақүйдің елорда әкімдігінің меншігіне берілетінін мәлімдеді.

Талқылау