"Мұндай стадионда өздерің ойнаңдар": Семей тұрғындары әкімдік уәде еткен ойын алаңын өздері жөндеуге кірісті
Семейлік тұрғындар футбол алаңын салу кезінде мердігер компания жіберген олқылықтарды әкімдіктің түзетуін күтпестен, өз қаражатына жөндеуге бел буды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Время
2022 жылдың қыркүйегінде Восход ауданы Заливная көшесіндегі жеке секторда футбол алаңы салынатынын естіген сол аумақта тұратын балалардың қуанышында шек болмады. Бірақ қуаныш су сепкендей басылды. Өйткені өзге қаладан келген мердігер құрылыс материалдарын да, жұмыс күшін де айтарлықтай үнемдеп қалған. Соның салдарынан спорт нысаны сапасыз болып шықты.
Бірақ жергілікті тұрғындардың наразылығына қарамастан, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі футбол алаңын қабылдап алған. Кепілдік міндеттемелері аясында барлық кемшілік жойылатынын айтқан, наразылық білдірген тұрғындарды басқан. Алайда кемшіліктер әлі күнге дейін жойылмады.
Жақында Семей қаласының әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бірнеше жыл бұрын пайдалануға берілген спорт алаңдары бар қоғамдық орындарды күтіп ұстау жұмыстарына биыл алғаш рет конкурс жариялағаны туралы ақпарат таратқан еді.
"Байқау қорытындысы бойынша мердігер "Әміржан компаниясы" ЖШС-мен балалар ойын алаңдарын, спорт алаңдарын және шағын спорт нысандарын жөндеу және қалпына келтіру бойынша келісім-шарт жасалды", – делінген таратылған хабарламада.
Бірақ Семейдегі басқа да апатты нысандар сияқты ресми түрде қалалық әкімдіктің балансында тұрған Восход ауылындағы футбол алаңы да бұл тізімге енбей қалды. Одан кейін жергілікті тұрғындар істі өз мойнына алып, жөндеуге қаражат жинаған.
"Біз ең алдымен қоршаудың барлық жағын қайта жасап шығуға бел байладық, өйткені қоршау өте осал. Доптың соққысынан-ақ металл торы сынып қалды. Барлық бағытта шығып тұрған темірлер допты жарып тастайды. Одан балалар да зардап шегуі мүмкін. Біз қоршауды мықты тормен ауыстыруды шештік. Жарықтандыруды ауыстыру да жоспарда бар. Қазір күн шамдары жарық бермейді. Бірақ көктемде ойпаңда жатқан футбол алаңын су басып кететінін түзете алмаймыз. Оны салу кезінде ескеріп, жер деңгейінен жоғары көтеріп, жағалау жасау қажет болған. Бірақ мердігерге артық шығын қажет болмады", – дейді қала тұрғыны Дмитрий Куим.