Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Осы жазда туристерге қай елдерге баруға кеңес берілмейді – Сарапшылар тізімі жарияланды

Америкалық Berkshire Hathaway сақтандыру компаниясы саяхаттауға ең қауіпсіз елдер мен баруға кеңес берілмейтін қауіпті мемлекеттердің тізімін жариялады. Сарапшылар Парижге, Дубайға, Венецияға әзірге баруға кеңес бермейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "24KZ" порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото pixabay

Berkshire Hathaway сарапшыларының мәліметінше, қазір саяхаттап баруға тұрарлық ең қауіпсіз ел – Канада. Мұнда өмір сүру деңгейі мен саяси тұрақтылық жоғары. Сонымен қатар ел қылмыс жасау бойынша әлемдегі ең төмен көрсеткішке ие. Мұнда қылмыс жасау көрсеткіші АҚШ-қа қарағанда 5 есе төмен. Тізімнің екінші қатарында лаңкестік шабуылдар, сондай-ақ әлеуметтік тәртіпсіздіктер қаупі аз Швейцария орналасқан. Сонымен қатар Норвегия да үштікте.

Көбіне саяхаттау орнын таңдау қаржыға да байланысты. Деректерге сай, былтыр шетелдік туристер көп барған қала – Ыстамбұл. Түрік мегаполисі 20 миллионнан астам қонақты қабылдаған. Туристердің бұл қалаға көп келуіне жеңілдетілген визалық режим де себеп болды. Үздік үштікте Дубай да бар. Онда шамамен 17 миллион қонақ келген.

Дегенмен кейінгі күндері Дубай ауа-райы қолайсыз болып тұр. Ең танымал туристік орындардың біріне қатты жаңбыр жауды. Деректерге сүйенсек, бұл жерде мұндай нөсер 75 жыл болмаған. Ауа-райының қолайсыздығы тек жергілікті тұрғындардың ғана емес, туристердің жоспарын бұзды. Кешіктірілген рейстерге байланысты жүздеген адам әуежайда тұрып қалды. Сарапшылар алдағы күндері БАӘ-не баруды жоспарлағандарға жағдайды бақылауға кеңес берді.

“Париж арқылы ұшып келдім. Біз Дубайдан Калькуттаға басқа рейске ауысуымыз керек еді. Мұнда мен секілді жүздеген жолаушы жүр. 10-16 сағат күткендер де бар. Кейбірі тіпті бір күннен аса күткен. Мұнда орындықтар жетіспегендіктен кейбіреулер тіпті еденде отырып күтіп жатыр”, – деді Үндістаннан келген турист Каниш Кумар.



Сондай-ақ сарапшылар экологиялық себептерге байланысты Венецияға да келуге кеңес бермейді. Қала су тасқынынан сақтану үшін саяхатшылар ағынын шектегісі келеді. Сол үшін осы көктемде қала орталығына кіру үшін 5 еуро қаражат төлеу енгізілген.

“Кейінгі жылдары Венецияның ресми бөлігі болатын көрші Местрде мыңдаған жаңа қонақүй орындары салынды. Бұл тозығы жеткен ауданды нығайтты. Дегенмен қазір қонақтар ағыны Венецияға апаратын жергілікті көлік желілеріне үлкен қысым жасап жатыр”, – деді қайырымдылық ұйымының өкілі Сьюзан Стир.

Туристік агенттік осы жазда баруды ұсынбаған тағы бір орын – Париж. Олимпиада қарсаңында мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен қонақтар ағыны өте көп болмақ. Сарапшылардың болжауынша, Парижге 13 миллионнан астам турист келеді. Бұл көрсеткіш қала тұрғындарының өзінен шамамен 6,5 есе көп. Пәтерді немесе қонақүйді жалға алу бағасы көтеріліп үлгерген. 

Сондай-ақ, сарапшылар бірқатар ауаның ластану деңгейі жоғары әрі тыныс алу жолдарының аурулары бар адамдарға бару ұсынылмайтын елдердің тізімін жариялады. Мұнда  Бангладеш, Үндістан, Вьетнам кіреді. Iqair мәліметтері бойынша, Нью-Делидегі зиян бөлшектердің концентрациясы ДДҰ ұсынған орташа жылдық деңгейден 40 есе жоғары.

Талқылау