Мәжіліс депутаты су қоймалары мафияның иелігіне өтіп кеткенін айтты
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытжан Базарбек премьер-министр Олжас Бектенов пен бас прокурор Берік Асыловтың атына сауал жолдап, Алматы қаласының іргесіндегі Ақсай бөгетінің жағдайына тоқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Мәжіліс отырысынан скриншот
Депутаттың сөзінше, Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органы Ақсай бөгетінің 22 миллиард теңге тұратын құрылысын былтыр сәуірде тоқтатқан.
“Оған тапсырыс беруші “Қазселденқорғау” мекемесінің бастапқы жобаға өзгеріс енгізіп, бірақ оны мемлекеттік сараптамаға бермеуі себеп болған. Салдарынан 30 мың адамның өмірін сақтауға тиіс нысан тапсырыс берушінің салғырттығы салдарынан 2 жыл бойы тиісті сараптама мен рұқсатсыз салынды. Яғни бөгет сапасы күмәнді. Қылмыстық тергеу органы ТЖД мен “Қазселденқорғау” лауазымды тұлғаларының әрекетіне лайық баға береді деп үміттенеміз", — дейді Бақытжан Базарбек.
Сонымен қатар ол Алматы облысы Іле ауданындағы Ворошилов су қоймасының бөгеті жарылғанын да тілге тиек етті.
“Апатқа дейін 2 ай бұрын жасалған акт “Илиирригация” мекемесі су қоймасына басшылық ететін Петровтан бөгетті нығайтуды талап етпеген. Ал үш жыл бұрын “Казгипроводхоз” Ворошилов су қоймасына зертханалық тексеріс жүргізіп, ешқандай бұзушылықты анықтамаған. Өкінішке қарай, құқық қорғау органдары су қоймасының иесіне әлі күнге дейін құқықтық баға берген жоқ", — деді ол.
“Біз елімізде болып жатқан тасқыннан сабақ алуымыз керек. Бөгет салу ережелерін тағы бір қарауымыз қажет. Су қоймалары басшыларына қатысты жазаны қатаңдату керек. Кейінгі 10 жылда рейтинг көрсеткіштері мен шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаймыз деп жүріп адамдардың қауіпсіздігі мәселесін екінші орынға қойдық. Ірі су қоймалары су шаруашылығы мен оның мекемелерінің қолынан жергілікті оригархтардың иелігіне өтіп отырған”, – деп ашынды Базарбек.
Ал олар бөгет салып, су қоймасының жағдайын жақсартуға инвестиция құйғысы келмейді дейді.
“”Жер аманаты” республикалық комиссиясының көшпелі отырысы кезінде "Үшқоңыр-ирригация" мекемесінің лауазымды тұлғалары Алматы облысының Іле және Қарасай аудандарындағы 5 ірі су қоймасын Шахворостов дейтін азаматтың меншігіне шығарып бергені белгілі болды. "Илиирригация", "Талғар-ирригация" мекемелерінде осыған ұқсас жағдай анықталды. Бұл мекемелерді мафия дерсің. Жұмыстары ашық емес, ешкім тексеріп жатқан жоқ. Салдарынан су қоймалары мен бөгеттер қолдан-қолға өтіп отыр. Бұлардың сүйеніші кім? Су шаруашылығында мафияның болуы кімге тиімді?" — деп сұрады Бақытжан Базарбек.
Депутат сауалында көрсетілген фактілер бойынша прокурорлық тексеру жүргізуді сұрады.