Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Махаббат ұлтқа, дінге бөлінбейді": Афроқазақ ару қыз-келіншектердің шетелдікке тұрмысқа шығуына қалай көмектесіп жүргенін айтып берді

Алматылық 32 жастағы Каролина қыз-келіншектерге өзге ұлт азаматына тұрмысқа шығып, бақытын табуына көмектеседі. Анасы қазақ, әкесі африкалық арудың өзі бүгінде еуропалық азаматпен некелескен. Махаббат дін мен ұлтқа бөлінбейді деген ару қыз-келіншектерді бір ұстанымның шекарасында құрбан болмауға шақырды. Каролина Stan.kz тілшісіне әйелдердің 40 жаста да құлпырып, бақытты болуына қалай көмектесіп жүргенін айтып берді. 

Фото Каролинаның жеке дерегінен

“Аралас ұлттың салт-дәстүрін ұстанамыз” 

Каролинаның әкесі Браззавиль Конгодан, ал анасы қазақстандық. Аруда бірнеше ұлттың қазақ, татар, орыс, африкалықтың қаны бар. Айтуынша, таныстарының “афроқазақ” деп атағаны ұнайды екен.

“Менің отбасымда түрлі мәдениет біріккені сонша біз мерекелерді бөлмей тойлаймыз. Мәселен, мұсылмандарды мерекесімен құттықтап, қазақтың ұлттық тағамдарын дайындаймыз. Мен ет асып жегенді, қуырдақ, бауырсақты жақсы көремін. Қазақша тойда айтылатын әндерді шырқап, қалалық қыздың ауылдағы келіндік өмірін сипаттайтын “Келинка Сабина” киносын тамашалаймыз. Сонымен қатар орыстардың “масленница” мерекесін де тойлаймыз. Пасхада кулич бәліштерін пісіреміз. Ал кешке отбасымызбен афро әуенге билейміз. Аралас ұлттың мәдениеті мен дәстүрі болған керемет!” – деді ару. 

Каролина бойында бірнеше ұлттың қаны болғандықтан ұлтаралық некеге деген көзқарасы жақсы екенін тілге тиек етті. 

“Бірнеше тілде тәрбиеленіп, қазақ, орыс, африка мәдениеті мен менталитетін бойыма сіңіріп өстім. Адамдарды ешқашан да ұлтқа бөлмей, бірдей құрметтеймін. Ал бір-бірін кемсітетіндерге ашумен қараймын. Себебі бәрімізді құдай бірдей жаратқан және осы әртүрлілігімізбен ерекшеміз. Өзгелердің ұлты мен дінін құрметтеуге тиіспіз. Ешкім ешкімнен артық та, кем де емес. Адамдарды түсіне, түріне, дініне қарап бөлуге болмайды”, – деп қосты ол. 

Каролина осы тұста өзінің еуропалық жұбайымен қалай танысқанын айтып берді. 

“Құрбыларым халықаралық танысу сайтына тіркелуге көндірді. Көп ұзамай 2 ай уақыт өткен соң өмірлік жарымды таптым. Ең бірінші оның бойындағы сыйластыққа, әйелдерге деген құрметке және оның мейірімді жүрегіне назар аудардым. Одан бөлек, маған ер адамның күнделікті үй тіршілігіне араласа алуы маңызды болды. Ол үшін үй жұмысы, бала тәрбиесі, тамақ пісіру тек әйелдің істейтін жұмысы болмауы керек деп ойлаймын. Ол отбасы деген – екі адамның серіктестігі екенін түсінуі керек. Тұрмысқа шыққаннан кейін мен Еуропаға күйеуіме көшіп бардым. Қазір біз саяхаттап түрлі елдерде тұрып жүрміз”, – деп қорытты ол.

“Өзге ұлт өкілімен қарым қатынас орнатып, шетелге кеткісі келетін әйелдерге талдау жүргіземін”

Қазір ару түрлі ұлт өкілдерінің бір-бірімен табысып, некелесуіне көмектеседі. Ол өз жұмысын қатты жақсы көретінін алға тартты. Айтуынша, адамдардың өмірлік махаббаттарын ұлтқа қарамай әлемнен таңдап, бақытты отбасы құрып жатқандарын көріп шын қуанады екен.  

“Менің көмегіме көбіне 35-50 жас аралығындағы жалғызбасты әйелдер жүгінеді. Олар әлі екінші жартысын таппағандықтан мен әркез оларды кеңінен ойлануға, жаңа тіл үйреніп, әлемді аралауға, өздеріне шекара қоймауға шақырамын. Бәлкім арманындағы адамы өзге елде күтіп жүрген шығар. Маған көбіне өзін, қабілеттерін, білімін дамытпай, әлемге ашылуды ойламаған қыз келіншектер келеді”, – деді ол.

Өзге ұлтқа тұрмысқа шығуға көмектесемін деген ару өзіне әртүрлі ұлттан түрлі саладағы бизнесвумен, инженер, ұстаз, тіпті үйде отырған қыз-келіншектердің де келетінін айтады.

“Сабақтарым әйелдерге кез келген жаста әлемнің бір бұрышынан өз бақытын табуға көмектеседі. Мен өзге ұлт өкілімен қарым-қатынас орнатып, шетелге кеткісі келетін әйелдерге талдау жүргіземін. Себебі ол жақта әйел жаңа мәдениет пен менталитетке үйренуге тиіс. Ұлтаралық қатынасты қалай дұрыс құру керек, алда не күтуі мүмкін, некеге тұрар алдында қандай сәттерді білу керек екенін түсіну өте маңызды. 

Қазір кезінде маған жүгінген сұлу қыздарыммен әлі де байланыстамын. Әрқашан бір-бірімізді қолдап, араласып тұрамыз. Олардың бірі сүйіктісімен АҚШ-та тұрады. Ал кейбірі жақында ғана өзінің француздық махаббатын жолықтырыпты. Ал енді бірі саяхаттау кезінде 20 жыл Ұлыбританияда тұрған қырғыз азаматына ғашық болғанын айтады. Әлем сондай үлкен! Егер сіз миыңыздағы шекара мен кішкентай қалаңыздан шықсаңыз, міндетті түрде махаббатыңызды жолықтырасыз. Себебі кез келген жаста махаббат пен бақытты отбасылық өмірге лайықсыз”, – деді ол.

“40 жастағы әйелдер қоғамның “енді оны кім алады” немесе “тек екінші әйел бола алады” деген пікірінен қорқып қалады”

Каролина біздің менталитеттегі ерте тұрмыс құру міндетті әрекетке айналғанын сынға алды. Айтуынша, сол себепті 30 жастағы тұрмысқа шықпай қалған немесе бұрын тұрмыста болып, ажырасып балаларымен қалған 40 жастағы әйелдер қоғамның “енді оны кім алады” немесе “тек екінші әйел бола алады” деген пікірінен қорқып қалады екен.    

“Меніңше, бұл әйелдердің бағасын түсіріп, бақытсыз болуына әкеліп соғады. Ал тоқал түсінігі мен үшін тіпті дұрыс емес. Біз зайырлы мемлекет болғандықтан махаббат пен сыйластықтан құралған заңды неке болуы тиіс. Ер азаматтар әйелдерін бағаласа, оларға малайындай қарамаса деймін. Ана атанып, отбасы тіршілігіне жауап беру ең құнсыз бағаланбаған жұмыс шығар. Сондықтан балаларымызға кішкентайынан қыздарды сыйлап, оларға ешқашан күш көрсетуге болмайтынын үйреткеніміз жөн”, – деп қосты ол.

Каролина жас-жұбайлардың ата-анасынан бөлек тұруын, өз өмірлерін өздері құруын қолдайтынын жеткізді. Ол ер адамның да үй тірлігіне араласып, бала қарауы қажет екенін алға тартты. Әрі мұны әйеліне көмек деп емес, өз үйі мен өз баласына жасаған үлесі деп білуі керек деп санайтынын тілге тиек етті.

“Бұл – ұят емес. Бұл – қалыпты жағдай. Мәселен, Еуропада 40 жастан асқан әйел әлі де жас саналады. Ал бізде өкінішке қарай, керісінше оны елеуді қойып, тұрмысқа шығып, бала табатын уақыты өтіп кетті деп ойлайды. Менің ойымша адам кез келген уақытта әдемі әрі бақытты жаңа өмір бастай алады. Қыздың жасы мен оның ажырасуы өмірдің соңы емес. Тұрмысқа махаббатпен, ортақ мүдде, сыйластық арқылы шығу керек. Ешқашан сіздің таңдауыңызды сөгетін ұлтшылдарды тыңдамау керек. Махаббат ұлтқа дінге бөлінбейді”, – деді ол.

Талқылау