Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Патриотизм – қазақ болғаның үшін мақтану емес": Қазақстанның танымал тұлғалары ұлтжанды азамат қандай болуы керек екенін айтты

Патриотизмді көбі жалаң ұран тастаумен шатастырып жатады. Бірақ отансүйгіштік “Қазақ” деп аттан салудан ғана тұрмайтыны белгілі. Ел мен жерге деген махаббатты ісіңмен, оның дамуына қосқан үлесіңмен дәлелдеу керек. Бұл ұғымды ел алдында жүрген белігілі тұлғалар қалай түсінеді? Олардың түсінігіндегі патриотизм қандай? Stan.kz тілшісі танымал тұлғалар арасында шағын сауалнама жүргізіп көрді. 

Фото: instagram.com/murat_yeszhan/janym_baklajanym/travelblog.kz/adil084/medet.jan

Отанға деген сүйіспеншілік туралы толғағандардың қатарында қазақстандықтардың рухани дүниесіне серпіліс берген “Міржақып. Оян, қазақ!” фильмінің режиссері, киносценарист Мұрат Есжан бар.

“Біз “патриотизм” деген сөзді ұранға айналдырып жібергеннен кейін бе екен, бұл сөз ұнамайды. Кейде бұл жасанды, өтірік сөз болып көрінеді. Бұл сөзді ұғым ретінде қабылдасақ, патриотизм – сөзбен айтатын, кеуде керетін немесе қазақ болып туғанына мақтанатын сезім емес. Отансүйгештік әр адамның іс-әрекетінен көрінуі керек деп есептеймін. Ең оңай көрінісі – мемлекетке зиян тигізбеу, пара берме, пара алма, лауазымды асыра пайдаланба, қолдан келгенше отандық өнімдерді тұтын, салықты уақытылы төле деген секілді қарапайым дүниелер. Өз ісіне берік, бекем, кәсіби дамыған азаматтарды патриот деп айтар едім. Егер қолың ұзарып бара жатса, мүмкіндігінше маңайыңа пайдаңды тигіз”, – дейді Мұрат Есжан.

Қазақстандықтардың жүрегіндегі патриотизмді қалай оятмыз?

Алайда ол “Өзіңізді патриотпын деп санайсыз ба?” деген сұраққа нақты жауап бере алмады. 

“Патриотпын немесе патриот емеспін деп айта алмаймын. Бірақ жүрегімнің түкпірінде болашағымды осы елмен байланыстырамын. Отансүйгіштіктің минималды талабы осы шығар деп ойлаймын. Өз болашағын Қазақстанмен байланыстырмайтын адамдарды да көріп жүрміз. Олар ертең қандай да бір жағдай болса түрлі әрекеттерден тайынбайды деп ойлаймын. 

Қазір адамдар қандай да бір дүниені ұлтжанды, патриот болғаны үшін жасайды деп ойламаймын. Әр азаматтың ойында өмірдегі өзінің адам ретіндегі орнын анықтау туралы ой тұрады. “Мен кіммін? Қоғамдағы менің орным қандай?” деген сұрақтарға жауап алғаннан кейін ғана маңайыңа: отбасыңа, ата-анаңа, бала-шағаңа сәулеңді түсіруге тырысасың. Азамат ретінде бір нәрсені істеу осындай дүниелерден басталады. Ал өзіңнің кім екеніңді білмей жатып, ауқымды нәрселерге ұмтылу бос әурешілік деп санаймын”, – деп жауап берді киносценарист.

Мұрат Есжан қазақстандықтардың патриоттық сезімін ояту үшін Қазақстанның әр азаматы елінің болашағына сену керек деп есептейді.

“Біз Қазақстанның гүлденетініне, осы жерде бала-шағамыздың өсіп-өркендейтініне, қазақстандықтардың бақытты болатынына сену керек деп есептеймін. Сонда әр қазақстандық елін шама-шарқы келгенше қорғайды, үлес қосады. Ал сенім жоғалғаннан, бос кеуде қаққаннан ештеңе өзгермейді. Тағы да айта кететін нәрсе халықтың, мәдениеттің, руханияттың, білімнің сапасы дұрысталмай барлығы жалаң ұранға айналып кетеді”, – дейді ол. 

“Қазақша контентті қолдаймын, онымен мақтанамын”

1 миллион 400 мың оқырманы бар танымал блогер Медет Жанабай өзін ұлтжанды азаматтардың қатарына жатқызады. Оның айтуынша, әр қазақстандық өзінің отансүйгіш екенін іс-әрекетімен дәлелдеуі керек.

“Адам бойындағы патриотизм оның іс-әрекетінен көрініс табады. Өз Отанына деген сүйіспеншіліктен бастау алатын патриоттық сезім кемелдену жолында сан түрлі кезеңдерден өтіп, жалпыхалықтық патриоттық санаға, еліне деген саналы сүйіспеншілікке көтеріледі. Иә, мен өзімді патриотпын деп санаймын. Мысалы, күнделікті Instagram желісіне салатын stories-ті де қазақ тілінде түсіремін. Мен қазақша контентті қолдаймын, онымен мақтанамын және бұл туралы үнемі айтып жүремін”, – деп жауап берді блогер.

Алайда ол “Ұлтжанды азамат ретінде еліңізге қандай үлес қостыңыз? деген сұраққа жауап беруден бас тартты. “Өз елінің патриоты ретінде істеген игі істерім жайлы айтпауды жөн санаймын. Мұныммен көптің назарын аударғым келмейді. Отандастарымызды ұлтжандылыққа баулу үшін қазақтың ұлттық ойындарын, тарихын дамытқан дұрыс деп санаймын. Аталған дүниелерді тек мереке күндері емес, күнделікті өмірде жасауды да қолға алу керек. Қазақ елі жасасын”, – деп өз сөзін ұранмен аяқтады Медет Жанабай.

“Патриоттық сезімді ояту үшін елдегі жемқорлықты тоқтату керек”

Әлемнің 43 елінде болып, дүниежүзі бойынша саяхат жасап жүрген қазақстандық блогер Нұржан Алғашовтан да отансүйгіштік туралы сұрап көрдік. 

“Меніңше, патриот болу үшін қарапайым, бірақ өте маңызды дүниелерді қолға алу керек. Мысалы, қоқысты тастамау, қала, табиғат, жер, көл-өзендерді ластамау. Уақытылы салық төлеу. Өйткені ол қаражат Қазақстанның дамуына жұмсалады. Қайырымдылықпен айналысу, жақсылық жасау деген сияқты дүниелерді отансүйгіштікке жатқызар едім. Мен өзімді патриотпын деп санаймын. Себебі мен аталғандардың бәрін істеймін. Өз елімнің ұлтжанды азаматы ретінде мен өз компаниямды ашып, адамдарды жұмыспен қамтып отырмын. Осылайша Қазақстанның экономикасына, дамуына да өз үлесімді қосудамын”, – дейді саяхатшы блогер.

Нұржан Алғашов қазақстандықтардың патриоттық сезімін ояту үшін елдегі жемқорлықты тоқтату керек деп санайды. Сонда көп адамның жүрегіндегі ұлтжандылық, отансүйгіштік сезімі арта түседі деген ойда.

Қазақстанда қайырымдылықпен айналысып, кейін шетелдік азаматпен бақытын тапқан блогер Айдын Тоқсанбаева да патриотизмге қатысты ойын ашық жеткізді.

“Менің ойымша, патриотизм деген адамның Құдайдың қалауымен бір елде дүниеге келіп, туған жерін сол өзінің өмірлік миссиясымен байланыстыру.  Адам жайдан-жай өмірге келмейді. Оның өз миссиясы болады. Яғни, ол өз еліне, жеріне белгілі бір деңгейде үлес қосуы керек. Ол үшін әр адам өмірлік миссиясын табуы керек. 

Отансүйгіштік деген елін, жерін орынды, орынсыз мақтай беру емес. Отансүйгіш азамат сынды көріп, оны айта білуі керек. Сондай-ақ оны түзеу жолында әрекет етуге тиіс. Бірақ ол адамды тырнақ астынан кір іздеген жексұрын деп қабылдауға болмайды. “Көш жүре түзеледі”. Ұлтжанды адам кез келген нәрсені өзінен бастау керек”, – дейді Айдын.

484 мыңнан астам оқырманы бар блогер кезінде өз елінің патриоты ретінде Қазақстандағы көптеген өзгерістерге себеп боламын деп ойлаған. 

“Қазір шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққан соң мен ұлтжанды азаматтардың қатарына жатамын ба, жоқ па оны нақты айта алмаймын. Бірақ мен бір кездері Қазақстанның бұрыс жүйесін өзгертуге, жақсылық жасауға, өзекті мәселелерді көтеріп, резонанс тудыруға тырыстым”, – деп жауап берді блогер. 

Айдын Тоқсанбаева қазақстандықтардың ұлтжандылығын ояту үшін билікте жаңа буынға өз жүйесін құруға мүмкіндік беру керек деп ойлайды. 

“Сол кезде әр азамат өз елінің патриоты болады. Қазіргі жастардың өзі бұрынғы жүйеге бағынуға мәжбүр. Жас буынға мүмкіндік бергенде ғана еліміз дамып, көркейеді”, – деп сенеді ол.

“Қазақстандағы бірінші патриот – менмін”

Өнер иесі, қазақ киносында ойып алар орны бар танымал актер Әділ Ахметов өзін Қазақстандағы нөмірі бірінші патриот деп санайды. Ол әр қазақстандықтың жүрегіндегі ұлтжандылық сезімді ояту үшін тәрбиеге мән беру керек дейді. 

“Өз елін, жерін, өзен-көлін, аспанын, халқын, тілін, діні мен өнерін жақсы көретін адам – патриот. Қазақстанда бірінші патриот кім десе, мен деп жауап беретін едім. Өзімді ұлтжанды азаматпын деп есептеймін. Сондай-ақ әр қазақстандық өзін нөмірі бірінші патриот деп санауы қажет деп ойлаймын. 

Қазақстандықтардың патриоттық сезімін ояту үшін тарихты жетік білу керек. “Қазақ халқы тәуелсіздікке қалай жетті? Ата-бабаларымыз егенмендік алу жолында қандай жанкештікке барды?” деген сұрақтарға жауап тауып, сол тарихты бойына сіңдіріп өссе, саналы азаматтың еліне, жеріне, ата-бабаларына деген құрметі артады. Қазақстанды шексіз сүйіп, бағалап, өз елін мақтан тұтады”, – дейді Әділ Ахметов.

Өнер иесі кәсібіне адал, өз ісін махаббатпен істеген жан Отанының дамуына сөзсіз үлес қосады деп санайды.

“Әр Қазақстан азаматы өз ісінің маманы болса, кәсібін сүйіп істесе, сол арқылы өз еліне пайдасын тигізсе, бұл оның Отанына қосқан үлесі болады. Сондай-ақ келешек ұрпақтың тәрбиесіне де мән беру керек. Әр қазақ ұл-қыздарын қазақтың тіліне, дініне, дәстүрі мен отансүйгіштікке үйретуге міндетті. Мен де қолымнан келгенше аталған дүниелерде орындап жатырмын”, – дейді актер.

Талқылау