Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кеттің бе – қайы­рыл­ма!": Қасым-Жомарт Тоқаев елді қосарланған билік арқылы басқарғысы келгендер туралы айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев “Егемен Қазақстан” газетіне берген ауқымды сұхбатында қосарланған билікті Қаңтар оқиғасының алғышарты деп атады. Мемлекет басшысы сол кезде кейбір тұлғалардың елді қос билікпен басқарғысы келгенін ашық айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тоқаев

Сурет Ақордадан

Мемлекет басшысының айтуынша, бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынған. Тіпті мұндай әрекеттерді әдейі әрі мұқият ұйымдастырғанын растады.

"Билік транзиті" кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысты. Елімізде Президент әрі Жоғарғы Бас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы Президент иеленген Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы лауазымы бір бөлек болды. Осы екі лауазымның иелері бір мезетте қатар қызмет атқарды. Түптің түбінде бұл жағдайдың билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді”, – деді ол.

Тоқаев соның салдары қаңтар дағдарысына әкеп соқтырғанын жеткізді. Айтуынша, ымыраласқан қаскөйлер өздері ойлап тапқан қосарланған билік идеясын дәріптеп, оны өз мүддесіне пайдаланғысы келген.

“Кейбір лауазымды тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы Әділет министрінің мәртебе жағынан Елбасы Президенттен жоғары тұратынын айтқаны естеріңізде шығар. Кейбір шенеуніктер біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді. Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. Мен кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-тал­қа­нын шығара жаздағанын ашық айттым.

Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын. "Кеттің бе – қайы­рыл­ма!" Болашақта ел тізгінін ұс­тайтын азаматтар осы жағдайдан сабақ алып, мұндай нәрседен қашық болуға және тек қана мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауға тиіс”, – деп қосты президент.

Сонымен қатар мемлекет басшысы осы тұста негізгі құқық қорғау органдары басшыларының бетпердесі ашылып, олардың кәсіби біліксіздігі мен сатқындығы әшкере болғанын жеткізді.

“Ата заңға сәйкес жұмыс істейтін орнықты әрі тиімді мемлекеттік институттар жүйесін құру ауадай қажет екені “Қаңтар оқиғасынан” айқын көрінді. Кейін кейбір қаскөйлер тергеу кезінде халық жауапты сәтте жұды­рықтай жұмыла біледі, билік қандай қатерге де қаймықпай төтеп бере алады деп еш күтпегенін мойындады”, – деді Тоқаев. 

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі жыл бұрын болған “Қаңтар оқиғасының” себептерін ашып айтқанын хабарлаған едік. 

Талқылау