Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістандық келіншек АҚШ-та жүк көлігін жүргізіп, күніне 200 мың теңгедей табады

Түркістандық әйел Жұлдызай Исмаилова АҚШ-қа қоныс аударып, жүк көлігін жүргізіп, нәпақасын тауып жүр. Айтуынша, ауыр жүк көлігін жүргізіп, штат арасында тауар тасығаны үшін күніне 140-200 мың теңге аралығында табыс табады. Ол Stan.kz тілшісіне қызметіндегі қызықтар мен қиындықтары, АҚШ-қа келу оқиғасын айтып берді. 

37 жастағы Жұлдызай Исмаилова Түркістан облысы Шардара ауданы Сүткент ауылының тумасы. Қазіргі таңда Пенсильвания штатының Филадельфия қаласында тұрады. Ол ең алғаш рет АҚШ-қа 2019 жылы барыпты, сонда 5-6 ай жұмыс істеп, қайтып келген. Айтуынша, АҚШ-тағы өмір сүру салты, сондағы адамдардың қарым-қатынасы және жұмысы ұнағандықтан, қайтадан сол жаққа тұрақты тұруды көздеген.

“АҚШ-қа соңғы 300 теңгеммен келдім”

“АҚШ-қа бармай тұрып, Атырау қаласындағы үлкен компанияда жұмыс істедім. Менің сол жұмысымда шетелдіктер өте көп еді, олар АҚШ-қа барған кездерін, сондағы жұмыстарды айтып, мені қызықтыратын. Жұмысымда америкалықтар болды, олармен жақсы араластым. Содан соң Шымкентте алтын, күміс сатумен айналыстым. Бір кездері доллар бағасы көтеріліп, ол алтынға әсер ете бастады. Саудамыз қиындай түсті. Жанымда Салтанат деген тағы бір келіншек алтын сататын. Ол Америкаға кетіп қалды. Шетелде жүріп, маған сондағы өмір, табысы туралы айтатын, түрлі фото-видеолар жібереді. Осыдан кейін мен де барамын деген шешім қабылдадым”, – деді ол.

Ол 2020 жылы АҚШ-қа аттанды. Алайда онда күтіп тұрған жұмысы болмаған. Барар билетіне ғана ақша тауып, шекара асып кеткен.

“Шынымды айтсам, ол кезде ақшам жоқ, тек билетке қаржы тапқан едім. Америкаға келгенде, қалтамда қағаз ақша жоқ, тиыннан құралған 300 теңгем ғана болды. Сауда арқылы тапқан құрбым Салтанат күтіп алып, жататын жерімді дайындады, жұмыс табуға көмектесті. Ең алғаш рет кір жуу орнында жұмыс істедім”, – дейді Жұлдыз.

Ол АҚШ-та жүріп, түрлі жұмыстарды істеген. Айтуынша, хаускипер, яғни қонақ үй немесе жеке үйлерді тазалаумен айналысып, үй қызметкері, бала күтуші болған. 

“Кір жуу орындарында жұмыс істегенімде, өте қауіпті ауданда тұрдым. Бұл жерде көбінесе қара нәсілділер жүретін. Қылмыс жиі орын алып, атыс-шабуылдарды да өз көзіммен көрдім. Алғашында өзімді құдды бір криминалды кинода жүргендей сезінетінмін, алайда үйренісіп кеттім, кейін басқа аймаққа орналастым”, – дейді шетелдегі қазақ әйел.

Күндік табысы 200 мың теңгеге жуықтайды

Ол жат елде трак көлігін жүргізетін бірнеше қазақ қыздарымен танысыпты. Олардың жұмыстарына, жалақысына қызығып, өзі де сонымен айналысып көруге бел буған.

Видеодан скриншот

“Қазақстанда көлік жүргізуді үйрететін мектепке барып, жүргізуші куәлігін алсам да, мүлдем көлік айдамағам. АҚШ-та жүргенімде жүк көлігін жүргізетін бірнеше қызбен таныстым. Олар АҚШ-тағы барлық штаттарды аралай алады екен. Саяхаттауды ұнататындықтан, осыны естіп, мен де көлік жүргіземін деп шештім. Онымен қоса жүк көлігі жүргізушілерінің табысы өте жоғары. “Адам істей алғанды басқа адам да істей алады” деп көлік жүргізіп үйрендім. Жол жүру ережелерінде айырмашылық болғандықтан, қайтадан оқыдым. Жеңіл көлік жүргізуден бастап тракқа көштім”, – дейді ол.

Айтуынша, трак көлігін жүргізушілер Аляска мен Гаваийдан басқа барлық штатқа бара алады. Қазіргі таңда Жұлдыз Исмаилова бір штаттан екінші штатқа құрылыс материалдарын тасиды. Кеме жасауға арналған заттарды зауыттарға жеткізеді. Күніне 11 сағат жұмысы өзіне өте қатты ұнайды екен.

“Жұмысым қызыққа толы, АҚШ-тың түкпір-түкпірін аралап, неше түрлі табиғатты тамашаладым. Бір штатта қар жауып тұрса, 3-4 сағаттан кейін жаз болып тұрған аймаққа тап боласың. Бір күнде төрт мезгілді де көріп шығасың. Алайда бір қиыны – қимылдің аздығы. 11 сағат бойы көлік орындығында қозғалмай отыру денсаулыққа да әсер етеді. Мен осы жұмыста жүріп, салмақ қоса бастадым”, – дейді тракист келіншек.

Көлік жүргізіп-ақ бір айда шамамен 4 миллион теңгеге дейін табыс табуға болады дейді ол.

АҚШ-та трак жүргізетін қыздарға ерекше құрмет көрсетіледі

Айтуынша, ТМД елдерінде көлік жүргізетін қыздарға сыни көзбен қарайтындар көп болғанымен, мұнда, керісінше, кемсітушілік немесе менсінбеушілік мүлдем жоқ екен. Оның сөзінше, көлік жүргізу қыздарға қиын емес.

“Түзу тас жолымен жүргендіктен, аса қиындық байқалмайды. Ал кішкентай ауылдық жерлерде көше тар болғандықтан, ыңғайсыз болады. Қаланың ішінде, ауылдық жерлерде сақ болу керек. Көлік ұзын болғандықтан, тұрақ бекетіне қойғанда да сәл қиындық байқалады. Алайда мұнда жүргізуші қыздарды ешкім сынамайды, оң көзбен қарайды. Керісінше, үнемі жол беріп, сыйластық көрсетеді. Әсіресе, трак жүргізу жоғары бағаланатындықтан, ерекше құрмет көрсетіп тұрады”, – дейді ол.

Көлік жөндеу, дөңгелектерін ауыстыру тракистің міндетіне кірмейді екен. Айтуынша, көлік жүргізбей тұрып, олар қауіпсіздікті, көліктің ақауларын тексеріп алу керек. Ал жолда көлік бұзылса немесе дөңгелектерін ауыстыру қажет болса, арнайы сервисті шақырады.

“Жүк көлігін жүргізіп жүрген 10 шақты құрбым бар. Сонымен қатар ТМД-дан келген тракист қыздардың әлеуметтік желіде бөлек тобы бар. 200-300-дей адамбыз. Бір-бірімізбен тілдесіп, араласып тұрамыз”, – дейді түркістандық келіншек.

Ол қазіргі таңда шетелдегі жағдайы жақсы екенін айтады. Сөзінше, табыс көзі шығындарға сай. 

“Қазақстанда азық-түлік бағасы өсіп, қымбатшылық жайлап жатқанын естіп жатырмыз. Ондағы жалақы күн көріске сай емес. АҚШ-та табыс жақсы болғанымен, мұнда да табыс көлеміне қарай ірі салық төлейміз әрі пәтер жалдау құны да жоғары”, – деп түйіндеді ол.

Талқылау