Оралда қалаға жаңа автобустар, полиция мен әскерилерге жаңа көліктер берілді
25 қазан күні БҚО полиция департаментіне және БҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаментке су жаңа автокөліктердің кілті табысталды. Салтанатты шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Облыс басшысы Нариман Төреғалиев полиция өкілдеріне 45 машина, әскерилерге 12 автокөлікті табыс етті. Ал № 99250 әскери бөліміне бір КАМАЗ автокөлігінің кілті берілді. Сондай-ақ кәсіби шені өскен бір топ полиция қызметкеріне погондар тақты.
“Сіздерді және барлық жеке құрамды еліміздің ұлық мерекесі – Респубика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен еліміздің ұлттық мерекесі қатарына қайта қосылды. Көпшілік білетіндей, 1990 жылғы 25 қазанда "Егемендік туралы" декларация қабылданды. Республикамыз тәуелсіздікке бет бұрды. Азат ел болудың алғышарты жасалды. Сондықтан біз үшін бұл күннің орны маңызды. ҚР Президенті өз Жолдаулары арқылы құқық қорғау жүйесін толық реформалау аса маңызды міндеттердің бірі екенін айқындап берді”, – деді салтанатты жиында сөз алған аймақ басшысы Нариман Төреғалиев.
Облыс әкімінің айтуынша, құқық қорғау және күштік құрылымдар саласы қызметкерлеріне материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін барлық жағдай жасалуда. Мәселен, былтыр Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментіне 30 автокөлік берілсе, биыл автокөліктер паркі 140 техникамен толыққан. Қажетті құрал-жабдықтар алу үшін облыстық полиция департаментіне өткен жылы 8 миллиардтан астам қаражат бөлінсе, биыл бұл сома 13 миллиардтан астам теңгеге жеткен.
Ал аумақтық қорғанысқа бюджеттен былтыр 222 миллионнан астам қаралса, биыл ол екі есеге жуық өсіп, 415 миллионнан астам қаражатты құрады. Соңғы жылы өңірдегі жалпы қылмыс саны 26,2 пайызға төмендеген. Облыс әкімі мұны жоғарыда айтылғандай саланы қолдаудың нәтижесімен байланыстырды.
Полиция департаментіне берілген 45 автокөлік учаскелік полицейлерге – 25 автокөлік қаладағы учаскелік полицейлерге, 20-сы ауылдағы учаскелік полицейлерге беріледі. БҚО Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевтің айтуынша, алдағы уақытта екі патурльдік батальонға 90 автокөлік беру жоспарланған.
Сондай-ақ Республика күні қарсаңында Оралдағы қоғамдық көліктердің қатары жаңа автобустармен толықты. Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтап, жаңа автобус кілттерін жүргізушілерге табыс етті.
"Батыс Қазақстан автобус паркі" ЖШС директорының орынбасары Данияр Мұхтаровтың мәлімдеуінше, өңірде соңғы айларда жалпы саны 23 қоғамдық көлік сатып алынған.
“Алынған автобустардың барлығы қала тұрғындарын тасымалдайды. Қазір аталған 23 көліктің 17-і әкелінді. Бүгін мереке қарсаңында пайдалануға берілген қоғамдық көліктердің көбі қаладағы адам тасымалы жиі болатын №2 бағытына арналған. Жаңа кілттері табыс етілген автобустарда тұрғындардың сұрауымен желдеткіштер орнатылды”, – деді Данияр Мұхтаров.
Оның айтуынша, жыл сайын қаладағы маршруттар бөлінген субсидияға байланысты жаңартылып отырады.
Жаңа автобустардың үшеуі метан газымен жүреді екен. Бұл үнемді және экологиялық таза отын түрі болғандықтан қоршаған ортаны ластау деңгейі де төмен. Айта кеткен жөн, жаңа автобустар мүгедектігі бар жандарға қызмет көрсетуге ыңғайлы жасалған. Кондиционер, жылыту жүйесі және бейнекамерамен жабдықталған.
"Батыс Қазақстан автобус паркі" ЖШС 2021-2023 жылдары аралығында 109 автобус, оның ішінде 43 жаңа автобус сатып алған. Аталған автопарк қаладағы № 2, 4, 19, 22, 30д, 52 және алты саяжай маршрутында қызмет көрсетеді.

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
