Қайрат Боранбаев шетелге аударған 30 миллиард теңгесін қазақстандық қорға берді
Қайрат Боранбаевтың компаниялары шетелден қайтарылған қаражат есебінен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сурет Қайрат Боранбаевтың Instagram парақшасынан
ҚР Қаржылық маниторниг агенттігінің мәліметінше, Қайрат Боранбаевқа қатысты жүргізіліп жатқан сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында ол өз еркімен тергеумен ынтымақтасу ниеті туралы мәлімдеген.
“Боранбаевқа тиесілі компаниялар шетелден қайтарылған қаражат есебінен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 66 млн АҚШ долларын, яғни 30 млрд теңгеден астам қаржы аударды. Бұған дейін көгілдір отынды әкелу кезінде қаражат ұрлау фактісі бойынша жүргізілген тергеу аясында Боранбаев 14,5 млрд теңге көлемінде материалдық шығын өтеген болатын”, – делінген ведомство хабарламасында.
Агенттік бұл қаражаттың қолданыстағы заңнамаға сәйкес білім беру саласын қолдауға, мектептер мен басқа да оқу орындарын салуға және қайта жаңартуға, сондай-ақ бүкіл республика бойынша әлеуметтік салаға бағытталатынын жеткізді.
Айта кетсек, бұған дейін Қайрат Боранбаевтың компаниялары мемлекеттік мүлік комитетіне жалпы құны 1,4 миллиард теңгеден асатын "Comfort Hotel Astana" қонақүй кешенін мемлекет меншігіне өз еркімен беру үшін тиісті өтінімдер берген болатын. Аумағы 5 мың шаршы метрден асатын бұл қонақүй кешенінің жылдық айналымы 900 миллион теңгеге жуықтайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қайрат Боранбаевқа тиесілі Phystech II мұнай компаниясы мемлекет меншігіне өткен еді.