Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астаналық Кентау қаласы әкімінің лауазымын төрт миллион теңгеге сатқан

Елорданың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты алаяқтық жасау фактісі бойынша үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сот үкімінде Д. есімді азамат А-дан Кентау қаласының әкімі лауазымына жұмысқа орналастырам деген уәдемен 4 млн теңге сомасында ақшалай сыйақы сұрап, оның 650 мың теңгесін алдын ала алғаны айтылған. 

“Одан бөлек, аталған азамат М-дан 3,6 млн теңге көлемінде ақша алып, жалпы сомасы 4 млн теңгеге банк директоры лауазымына орналастыруға уәде еткен. Сотталушы өз кінәсін толық мойындамады. Д-ның кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, хат-хабар скриншоттарымен, аудиохабарлама және қылмыстық істің басқа материалдарымен дәлелденді", - делінген сот үкімінде.

Үкімде айтылғандай, айыпталушыға жаза тағайындау барысында келген шығынның жартысын қайтарғаны және 3 кішкентай баласының бары ескерілді.

"Сот үкімімен Д-ға 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалып, Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1, 4 тармақтарының 3-тармақшасына сәйкес кінәлі деп танылды. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары толығымен қанағаттандырылды" деп жазылған елорда сотының ресми ресурсында.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Талқылау