Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Сәулетшілерге мүмкіндік берілмейді”: Не себепті Астананың инфрақұрылымы дұрыс дамымаған

Елорда тез дамып, жиырма жыл ішінде толығымен өзгерді. Құрылыстың бас жоспарымен шетелдік компаниялар да, шетелдік архитекторлар жұмыс істегені белгілі. Дегенмен соңғы уақытта қоғам белсенділері қаланың инфрақұрылымы туралы көптеген сын-пікірлер айтып жүр. Біз қазақстандық сәулетшілерден Астананың инфрақұрылымы қаншалықты дұрыс жасалғаны туралы сұрап білдік. 

Үкімет әу бастан қаланың құрылысына байыппен қарады. Мәселен, елордалық шедеврлердің ішіндегі ең танымал – "Бейбітшілік және келісім сарайы", "Бәйтерек", "Хан Шатыр" және "Әбу Даби Плаза" сияқты жобаларды британдық сәулетші Норман Фостер жобалаған. Сондай-ақ қаланың бас жоспарын жапондық сәулетші Кисе Куракава жасағаны белгілі.  Астанада ғимараттар мен кешендер әдемі салынғанына қарамастан, қаланың инфрақұрылы қоғам белсенділері арасында сұрақ туғызады. 

“Идея күшті, бірақ іске асыруға келгенде біз қалағандай бола бермейді”

Астаналық сәулетші Арман Жасқайратов сын әсіресе қала құрылысы секілді күрделі мәселелерде бекер айтылмайды деп ойлайды. 

“Менің ойымша, мәселе белгілі бір аспектіге сүйенбейді. Бұл бұлыңғыр мәселе. Урбанизация, құрылыс бизнесін жүргізу, тіпті сыбайлас жемқорлық, осы құбылыстардың барлығы қаладағы оңтүстік және оңтүстік-шығыс бағытта тығыз тұрғын үй құрылысын жүргізуге алып келді деп ойлаймын. Құрылыс пен инфрақұрылымды жоспарлау мүлдем дұрыс деп те айта алмаймын. Жалпы қанағаттанарлық десе болады. Тұрғын үй кеңейген сайын инфрақұрылым да дамиды. Инфрақұрылымды дамыту және жүргізу процесін іске асыру идеясы күшті болуы мүмкін. Бірақ іске асыруға келгенде біз қалағандай бола бермейді”, – дейді ол. 

Сонымен қатар сәулетшінің сөзінше, Астанадағы су жетіспеушілігі және жылуға қатысты бірқатар мәселелер осы саладағы лауазымды тұлғалардың дер кезінде болжам жасамауынан және онымен дұрыс жұмыс жүргізе білмеуінен туындап отыр.

“Қаланың дамуы қарқыны да, адам санының да өсу деңгейі соншалықты жылдам болуының әсерінен міне бүгінде  осындай проблемалардың куәсі болып отырмыз. Бұл қателіктер алдағы уақытта ескеріледі деп  үміттенемін. Өйткені қала өсіп келеді, климаты жазда құрғақ және ыстық, қыста суық, кейде ылғалды. Ал бұл мәселелер, негізінде  күн тәртібінде ең бірінші болуы керек”, –дейді ол. 

“Сәулетшілерге мүмкіндік берілмейді”

Оның ойынша, инфрақұрылым барлық аспектілерді, яғни әлеуметтік, экономикалық, техникалық және тағы басқа дүниелерді ескере отырып, сауатты дамуы керек. 

“Мысалы, сол жағалауды алып қарайық, оның басым бөлігі тұрғын үй кешендерінің үлесіне тиеді, бұл әрине дұрыс емес. Демалыс аймақтары, саябақ аймақтары өте аз. Бульварлар туралы тіпті үндемей-ақ қояйын, көп ескертулер бар. Олардың қарастырылуы екіталай. Алдағы құрылыс пен жоспарлау барысында бұл айтылған сындар ескеріледі деп үміттенемін. Аз қабатты тұрғын үйлерді құрылысын дамыту керек, жекеменшік құрылыс болса тіптен жақсы. Мысалға коттедждік қалашықтар. Қоғамдық ғимараттар құрылысын дамытуға тиіспіз. Сол арқылы біз  әлдеқайда инфрақұрылымды көтерер едік”, – дейді сәулетші. 

Сондай-ақ сәулетші қала тұрғындарына көше кеңістігі, тіпті әлеуметтік нысандар жетіспейтінін тілге тиек етті. 

“Барлығы қолжетімді, жайлылық жайлы айтар болсақ, кей жерлерде ол мүлдем қарастырылмаған. Ғимараттардың сыртқы қасбеті де көп рөл атқарады.  Біз білетіндей, Астананың сәулетіндегі дизайн коды әртүрлі. Сәулеті келісіп тұр деу екіталай.  Сәулетшілерге мүмкіндік берсе жайлы өмір сүрудің көптеген әдістерін ұсынар еді. Сәулетшілер көбіне әлеуметтік, экономикалық факторлар мен сол бюрократияға байланысты сапалы шешімдерді шеше алмайды. Сондықтан бізде бұл мәселеде қиындықтар туындап жатыр, бірақ біз бұл үшін күресеміз, өйткені бұл біздің жұмысымыз”, – дейді сәулетші. 

“EXPO қалашығы – бос ғимарат”

Сонымен қатар Арман Жасқайратов шетелдік сәулетшілердің жұмысынан бүгінде бас жоспардағы және урбанистика саласындағы олар түземеген қателерді байқауға болатынын айтты. 

“Бәйтеректен соң жасалған бульвар жайында айтсақ, қыста бұл жер бос орынға айналады. Ал урбанистика саласында болжау бірінші кезекте маңызды. Бір жағынан бұл қалыпты жағдай, өйткені Кисе Курокава бірінші кезекте урбанист емес, сәулетші”, – дейді ол. 

Бұнымен қатар сәулетші EXPO қалашығы қазір өткен күннің жаңғырығынан басқа ештеңе емес екенін сөз етті. 

“Қазір павильондар бизнес орталықтарына айналған. Қалай салынды, сол күйі қалды. Мен үшін бос ғимарат сияқты. Расымен де   2017 жылы EXPO кезінде бұл нысан өте көрікті және әдемі орын болды. Қазір өкінішке қарай ол жер ешкімге қажет емес. Тек, әртүрлі шараларды өткізуге арналған жақсы алаңға айналған. Жалғыз артықшылығы сол болуы мүмкін”, – дейді сәулетші. 

“Қаланың бас жоспары жобасын әзірлеу кезінде қаланың мүмкіндіктері жете бағаланбады”

Ал сәулетші Аманжол Чиканаевтың айтуынша, жапон сәулетшісі Кисе Курокава Астананың бас жоспары жобасын әзірлеу кезінде қаланың мүмкіндіктерін жете бағаламаған.

“Курокава қаланың бас жоспарын 90-жылдардың соңында әзірледі. Ол кезде еліміз ең қиын кезеңді бастан өткеріп жатқан еді. Қала жиі жарық сөніп, электр қуаты өшіп қалатын. Халық айлар бойы жалақы алмады. Ол тұратын жерде бәрі басқаша құрылған. Ол үшін Астанадағы көп нәрсе түсініксіз болды. Сәулетшінің ұсыныстары біздің менталитетке, біздің ауа райы жағдайына келе бермеді. Дегенмен біз оған жағдайды түсіндірдік. Ол соған қарай түзетулер енгізе білді. Мәселен, жапон сәулетшісі бас жоспардың қаңқасының, яғни инженерлік инфраструктурасының ондаған жылдарға дейін мызғымастай қатып қалуын, ал қаланың тіні өзгере беретінін, яғни үйлер мен ғимараттарды қалауымызша сала беруге болатынын айтты. Алайда олай ету мүмкін емес еді. Өйтсек, қала өсе келе инфраструктуралық жүйенің барлығын қайта қопара жасауға тура келер еді. Бұл тұста мен бас жоспардың иілгіш, өзгермелі болғаны дұрыстығын айттым. Сол себепті қазір көлік инфрақұрылымы аса жетілмеген деп айтса да болады", – дейді Чиканаев.

Сонымен қатар сәулетші Кисе Курокава қала халқының өсу туралы болжамынан қателесті деп ойлайды.

“Кисе Курокава ең бастысы — негізгі базалық көрсеткіштің болжамынан, қала халқының санынан қателесті. Мен оның қызметкерлерімен болған дауына куә болдым. Ол 2030 жылы 1 миллион адамға жетеді есептеуді ұсынды. Оған голландиялық әріптесі: "Қайдағы миллион, ол ешқашан болмайды!" деп айтты. Нәтижесінде олар 800 мыңға тоқтады. Ол 2010 жылы шамамен 400 мың халық болады деп болжады, ал 2002 жылы бізде 500 мың адам болды. Сондықтан бәрін қайта жасауға тура келді. Біз басында шебердің мақтанышына әсер етпестен бір нәрсені түзетуге тырыстық”, – дейді ол.

Талқылау