"Бет-ауызым қисайып кетті": Жазира Байырбекова әлдекімнің өзіне қиянат жасағанын жасырмай айтты
Танымал әнші Жазира Байырбекова “Менің өмірім” бағдарламасында қатты сырқаттанып қалған кезін еске алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
©instagram.com/zhazira_bairbekova
“Бір кездері қатты ауырдым. Бүкіл денеммен сылқ құладым. Ауызым бір жаққа қисайып, көзім жабылмай қалды. Бет-ауызым қисайып қалған кездер де болды. Мен әр түрлі мамандарға бардым. Жанболат емші, молдаларға барғанды ұнатпайтын. Бірақ мен ауырған кезде өзі жүгіріп кетті. Медицинаға, психологқа жүгінсек, жүйке шаршаған деді. Молдалар көз тигенін айтты, құмалақ ашатындар екі рет дуа салынғанын айтты. Айтуларынша, жиырма жыл бұрын бір рет, он жыл бұрын бір салынған екен. Мен бәрінен емделдім, бірақ емнің неден қонғанын білмеймін. Ол бір Құдайға ғана аян. Жаман нәрселерге сенгім келмейді. Маған дуа салған адамдардың өзі менің жақсы адам екеніме көздері жетіп, керісінше, жақсы көріп кетті деген ойдамын. Мен бәрін кешіремін”, – дейді Жазира Байырбекова.
Өнер иесі дұшпандарды жеңудің жолымен бөлісті.
“Дұшпанды дұшпан деп санамасаң жеңесің. Мен қатып қалған қағидамен өмір сүрмеймін. Өмірде барлығы өз ретімен болады. Пікірталастан шаршаймын. Бәрі қызығатын дүниеге мен қызықпаймын. Біреу президентпен суретке түскісі келеді, енді бірі министрдің қолын алып қалғысы келеді. Осы уақытқа дейін өзімді мәжбүрлі түрде түрлі нәрсеге қызықтырып келдім. Ана әншіде атақ бар, менде неге жоқ деген секілді. Бірақ сол қызығушылығымды оятамын деп шаршап кеттім. Содан биылдан бастап: “Қызығушылығым жоқ болса, ол дүние маған керек емес” деп шештім. Атақ алу үшін жанталасып өмір сүргім келмейді. Құнсыз дүниелермен өмірімді өткізгім келмейді. Мен үшін құндылық – жақындарымның маған айтқан жылы сөздері. Мысалы, енем маған: “Сен – Алланың маған берген бағысың” деген. Осыдан бірнеше жыл бұрын баламның айтқан сөзі бар. Ұлым – өте аз сөйлейтін, салмақты жігіт. Екеуіміз терең әңгімелесіп қалған кезде: “Сіздей ана әлемде жоқ, сіздей ана тарихта да болмаған” деді. Сол сөздер маған біраз жылға жетеді. Маған сондай жылы сөз болса болды”, – дейді әнші.