Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"ӨКМ Операторы" басшылары мен бұрынғы экология вице-министрі сотталды

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында "ӨКМ Операторы" ЖШС басшылығы мен бұрынғы экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұловқа үкім шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сот ӨКМ-нің үш басшысы 2016 жылдан бастап, кезекпен сол кездегі экология вице-министрінің қолдауымен (Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы) бірнеше рет аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын ұрлағанын анықтады.

Жымқыру қолданыстан шыққан көлік құралдарын кәдеге жарату жөніндегі үлестес компанияның қызметтеріне негізсіз қымбат ақы төлеу жолымен жасалған. Осылайша, жалпы сомасы 26,8 млрд теңге залал келген.

Сонымен қатар, экология вице-министрі өз өкілеттіктерін асыра пайдаланып, кабель-өткізгіш өнімдерін өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелерін енгізген заңсыз бұйрыққа қол қойған. Соның салдарынан 325 млн теңгеден астам залал келген.

"Осы кезеңде "ӨКМ операторы" ЖШС басшылары бұрынғы вице-министрдің көмегімен ЖШС шотындағы 180 млрд теңгені жымқырмақ болған. Сотталғандар Қазақстан аумағындағы үлестес компания 6 қоқыс өртейтін зауыт салу кезінде ұрлық жасауды жоспарлаған. Олар бұл құрылысты қаржыландыруды 2022 жылға арналған инвестициялық саясатты іске асыру жөніндегі іс-шараларға негізсіз енгізген", - деп жазды баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, ЖШС басшысы К. және құрылтайшысы М. (іздеуде) коммерциялық ұйымдағы басқару функцияларын пайдаланып, өкілеттіктерін асыра пайдаланып, дивидендтер алу жолымен бюджеттің 920 млн теңгесін ұрлаған.

Жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтары, сот сараптамалары, мамандардың қорытындылары және келтірілген залал мөлшері 28,2 млрд теңгеге белгіленген аудиторлық есептер сотталғандардың кінәлі екенін дәлелдеді.

Сот үкімімен 2016-2019 жылдары ЖШС директоры болған К. Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлімінің 2-тармағы бойынша, 250-бабының 1 бөлімі, 24-бабының 3-бөлімі, 28-бабының 3-бөлімінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды және коммерциялық ұйымдарда 10 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

ЖШС 2019-2022 жылдары директор болған Қ. Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлімінің 2-тармағы және 24-бабының 3-бөлімі бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды және коммерциялық ұйымдарда 10 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Тағы бір айыпталушы П. Қылмыстық кодекстің 28-бабы, 5-бөлімі, 189-бабы 4-бөлімінің 2-тармағы, 24-бабының 3-бөлімі, 28-бабының 5-бөлімі, 361-бабы 4-бөлімінің 3-тармақшасы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды және өмір бойы мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды.

Қаржы директоры болған Т. Қылмыстық кодекстің 250-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айырылды. "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" 2021 жылғы 7 желтоқсандағы ҚР Заңының 3-бабының 1) тармақшасы негізінде оның жазасы жартылай қысқартылды және коммерциялық ұйымдарда 5 жыл мерзімге басшы лауазымдарды атқару құқығынан айыру және 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді.

Сотталғандарды мемлекеттік наградалардан айыру туралы ұсыныс ҚР Президентіне енгізілетін болады.

Азаматтық талап "Ж" АҚ пайдасына 28,2 млрд теңге сомасына қанағаттандырылды.

Сондай-ақ, сотталғандардың қылмыстық жолмен алынған жылжымалы және жылжымайтын мүлкі мемлекет кірісіне тәркіленді.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, 2022 жылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "ӨКМ Операторы" ЖШС-нің кәдеге жарату алымын жүргізу және кәдеге жарату алымына иелік етуін тоқтату туралы тапсырма берді.

2022 жылы 26 қаңтарда Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен "ӨКМ Операторы" ЖШС Басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев ұсталды.

Сол күні "ӨКМ Оператор" ЖШС-нің басқарушы директоры Руслан Шәмшиевтің денесі табылып, елорданың Есіл аудандық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабымен (Өзін-өзі өлітурге дейін жеткізу) қылмыстық іс қозғады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, "ӨКМ Операторы" басшылығы шенеуніктермен бірлесіп, 180 млрд теңге жымқырмақ болған.

Талқылау