Талдықорғанда "үтікпен азапталған" Азамат Батырбаев іс жүргізу туралы келісімге қол қойды
Қаңтар айындағы оқиғалар кезінде ұсталып, азапталған Азамат Батырбаев өз кінәсін мойындап, процессуалдық келісімге қол қойды. Ол қаңтардағы тәртіпсіздіктер туралы қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылды. Ақпаратты оның адвокаты Бауыржан Азанов растады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Өз тарапымнан Азамат Батырбаевтың процессуалдық келісімге қол қойып, кінәсін мойындағанын растай аламын. Ол өзі маған бұл туралы айтты. Мен оның процессуалдық келісімге қол қоюына үзілді-кесілді қарсы болғанмын. 2022 жылдың 2 ақпанынан бастап бүгінгі күнге дейін оны қорғау үшін жасаған барлық жұмысым далаға кетті”, – деді адвокат.
Талдықорғанда қаңтардың басында болған дүрбелеңнен кейін Азамат Батырбаев жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген күдікпен қамауға алынған. Бұдан кейін 38 жастағы азаматтың тергеу изоляторында азапталған жантүршігерлік суреттері әлеуметтік желіде жария болған еді.
Суреттен Азамат Батырбаевтың қатты соққыға жығылғанын байқауға болады. Жақындары оны "мойындату үшін" денесіне "ыстық үтік басқанын" айтты.
23 қаңтарда жауап алу кезінде, ол 10 қаңтарда ішкі істер органдарының қызметкерлері оған дене жарақатын келтіргені туралы айтқан. Батырбаевтың бұл арызының негізінде Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Кейін наурыз айында оны азаптады деген күдікті ұсталды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық телеарналарға берген сұхбатында бұл жағдайды жақсы білетінін және мұндай жағдайға жол берілмейтінін мәлімдеді. Батырбаевтың адвокаты Бауыржан Азанов қылмыстық істі тергеуде көптеген заң бұзушылықтар болғанын жиі айтқан.
Қазақстанда қаңтар оқиғасына байланысты мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру", "қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылды. Ұсталғандардың дені тергеу кезінде азапталғанын мәлімдеді.
Ресми мәлімет бойынша, азаптау кезінде алты адам қайтыс болған.