Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өлімінің себебін үш адам үш түрлі айтты": Әскерде өз-өзіне қол салған түркістандық сарбаздың денесі жер қойнына тапсырылды

Табытпен оралған сарбазды "отбасындағы тұрмысқа төзе алмай өлді" депті Маңғыстау облысына әскерге кетіп, үйіне табытпен оралған сарбаздың денесі жер қойнына тапсырылды. Әскерилердің айтуынша, 19 жастағы  Еділ Тешебаев отбасындағы тұрмыстық жағдайға төзе алмай, өзіне қол салған. Тіпті өлер алдында бірнеше хат жазып қалдырған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

сарбаз

Дегенмен марқұмның жақындары мен достары хаттағы қолтаңба Еділдікі еместігін айтады. Үнемі туыстары мен жолдастарынан телефон арқылы ақша салуды өтінетін сарбазды әскерде қинап өлтірді дейді олар.

Төрт ұлдың екіншісі Еділ Отан алдындағы борышын өтеп, әскери қызметте қалуды қалаған екен. Сондықтан былтыр күзде әскерге аттанған. Алайда Бейнеудегі шекара қызметінде борышын өтеп жүрген сарбаздың қаруластары хабарласып, Еділдің енді жоқтығын айтыпты. Бірақ өлімнің себебін айтқанда "өздері әбден шатасты" дейді марқұмның туыстары.  

“Үш адамға үш түрлі айтып отыр. Пышақтады деп бірінші айтады, артынша баласына бәтеңкенің бауына асылып қалды дейді. Енді кеп подполковник анасына белдігіне асылып қалды, екі белдікті  байлап асылып қалғанын айтқан”, – дейді марқұмның апасы Гүлжәмилә Алтынбекова.

Еділ Тешебаев шекара қызметінде "бір құпияны біліп қойып, қасақана өлтірілуі мүмкін" деп болжады туыстары. Сондай-ақ сарбаз атанғалы жақындарынан үздіксіз ақша сұраумен болыпты. Сондықтан әскердегі әлімжеттіктің құрбаны болуы да мүмкін дейді қара жамылған отбасы.

“Біреуден бес мың сұраған екен. Ол ақшаның бәрін неғыла береді дедім. Сол кезде 5 мың атаңа нәлет деп, салып жіберуім керек еді. Ойламадым ғой мұндай болады деп. Демек баламнан ақша сұраған. Ақша бермегеннен кейін ұрып өлтірген де. Басқа несі бар. Асылып қалды дейді, балам менің асылмаған. Көзім жетеді оған. Бұлар өлтіріп алып, содан кейін жала жауып отыр”, – деді марқұмның әкесі Бақыт Алтынбеков. 

"Жала жабылды" дегенді Еділдің достары да айтады. Себебі тоғыз айдан бері әскерде жүрген сарбаз өлер алдында үш бірдей хат жазып, өзіне қол салуына үйіндегі тұрмыстық тапшылық себеп болғанын айтқан. Бірақ марқұмның сыныптастары хаттардағы қолтаңба "Еділдікі емес" деп отыр.

“Әр хатта әртүрлі жазылған. Маған жазылған хатта басқаша жазылған, анасына жазылған хатта жазуы мүлдем басқаша. Екеуін екі адам жазған. Оның жазуы сәл нашарлау еді. Тіпті дәптерге жазғанда сөздердің арасында "ы", "і" деген әріпті жазбай тастап кетуші еді, бір екі әріпті. Ал бұл жерде хатта "ы", "і" әріптер былай тұрсын, үтір-нүктеге дейін қойылған. Еділ олай жазбайды”, – деп қосты марқұмның досы Ерсұлтан Қанжігіт. 

Ұлының денесін Ақтаудан алып келген анасы Еділдің шаты көгеріп кеткенін айтады. Медицина саласында істеген ол ұлының қасақана өлтірілгеніне сенімді.

“Мен өзім хирургия саласында жұмыс істегенмін, біз де мәйітханадан адам шығарғанбыз. Ол денесінен жылу кеткеннен кейін мойны және бар жері қатып қалады, қимылдамайды. Мұның мойны мен омыртқалары әр жаққа айналып жатыр. Оны әдейі өлтірген негізі, сөйткен де, өзі дарға асылды деп айта салған”, – деп мәлімдеді сарбаздың анасы Нағима Нұрбайқызы. 

Ал сарбаздың мәйітін жеткізген әскери бөлімнің командирі кешірім ретінде миллион теңге әкелгенін айтқан. Бірақ марқұмның жақындары өре түрегелді. Қазір тергеу жүріп жатқанын айтқан басшы "Еділ жиі есінен танып қала беретін" дейді.

“Есінен танып қалатын, ауа жетпей. Армияға келгенен бері. Тоғыз  ай бойы емес. Соңғы айда бір рет болды. Есінен танды, одан кейін Ақтаудағы госпитальға емделуге кетті”, – деді ҚР ҰҚК шекара қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асқар Аяғанов. 

Қазір әскери тергеу басқармасы шекарашының өлімі бойынша қылмыстық іс қозғап, арнайы тексеруді бастады. Бірақ бұл туралы не қорғаныс министрлігі, не шекара қызметіндегілер ресми ақпарат берген жоқ. Ал бала күннен әскери болуды армандап, 19 жасында әскерден табытпен оралған Еділ Тешебаевтың денесі бүгін туған жері Сарыағашта жерленді.

Талқылау