"Жалған ақпарат таратып отыр": Елорда тұрғынын министрдің қант бағасы туралы айтқан сөзі ашуландырды
Сауда министрлігінің комитет төрағасы өз министрлерінің сөзін жоққа шығарды. Сауда министрі Бақыт Сұлтановтың елде қант тапшылығы бар екенін мойындаған мәлімдемесіне, түс ауа қарамағындағылары қарсы дәйек келтіріп әлекке түсті. Елде шекердің жеткілікті екенін айтқан сауда комитетінің басшысы, тіпті келісі 437 теңге деп нақты бағаны да атады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Олар былай айтады. Біз бір айда 170 тонна қант сатамыз дейді. Сенбі-жексенбі күні 40 тонна сатып жібердік дейді. Екі-ақ күнде. Ажиотаж болғандықтан осындай жағдай болып тұр қазір. Биыл мамыр айында Қазақстанның төрт зауыты 33 мың тонна қант өндірді. Маусым айында 44 мың тонна қант өндіреді. Біз қантты тұрақты түрде Ресейден алып тұрдық қой. Қазіргі таңда Бразилиядан, Индиядан әкеп жатыр”, – дейді сауда комитеті төрағасының орынбасары Айдар Әбілдабеков.
Ал түске дейін сауда министрі Ресейден тоқтаған импортқа байланысты, қант тапшылығының шетін шығарған еді. Бірақ күз басталғанша 350 мың тонна қант келеді деп даурықпауға шақырды. Сырттан келетін шекер вагондарға тиеліп келе жатқанын да айтқан. Сондықтан тапшылық алды жойылады деп сендіріп отыр.
Қазақстанда қант экспортына уақытша тыйым салынды
Бақыт Сұлтановтың командасы да елді даурығып, алыпсатарлардың қолшоқпары болмауға үндеді. Дегенмен “қант бітеді” деген шуды министрліктің құрғақ баяндамасы баса алмайтын сияқты. Өйткені өңірдегі қантқа деген сұраныс күн сайын артып барады. Ал елордада оның бір келісі 800 теңгеден төмен емес. Сауда комитеті басшылығы айтқан бағаны құлағы шалып қалған тұрғынның бірі, шенеуніктің сөзін сол жерде жоққа шығарды.
“Мына кісінің оқып тұрғанын көріп, менің ашуыма тиді. Қағазға қарап оқып тұр. Шын мәнісінде 467 теңге деген жоқ. Біз қант жеуден бас тартқанымызға үш ай болды. Қалай қант қымбаттады, біз қант қолданбаймыз. Себебі, күнкөріс көзімізге 600-700 теңгеге қант алғанша, біз одан басқа нәрсе аламыз. Себебі: қазір азық-түліктің бағасы қымбат”, – дейді Жамбыл облысының тұрғыны Мадина Масақова.