Атырау-Алматы бағытындағы пойызда жас сарбаз есінен танып қалған әйелді құтқарып қалды
Атырау-Алматы бағытындағы пойызда ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметкері Өзбекстан азаматының өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл күні бір топ әскери қызметшілер Атыраудан Зайсанға, жаңа қызмет орнына аттанып бара жатқан болатын. Түн ортасында жолсерік аға топ майоры Еркінбаевтан көмек сұрайды. Ол келесі вагонда пойыздың жолаушысы ауырып қалғанын, оған шұғыл медициналық көмек қажет екенін айтқан. Көмекке қатардағы әскер Абылайхан Убайдуллаев ұмтылды. Ол мамандығы бойынша – фельдшер, әскери борышын өтегенге дейін жедел жәрдемде жұмыс істеген.
Әйел ес-түссіз жатқан. Жолдастарының айтуынша, ол жүрегінің ауырғанына шағымданып, қысымға қарсы дәрілер қабылдаған. Науқас жақын маңдағы станцияда оны әрі қарай ауруханаға жатқызу үшін дер кезінде жеткен жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырылды.
- Сәбит Шонтақбаев: Әкем мүгедек, шешем жұмыссыз болды, бала күнімнен қой бағып еңбекке араластым
- “Арқамнан, мойнымнан тиді”: Ақтауда төрт күн бұрын әскерге сау аттанған сарбаз есінен адасқан
"Көрсетілген білікті медициналық көмектің әсерімен қазір науқастың өміріне ешнәрсе қауіп төндірмейді, өзін жақсы сезінуде. "Формадағы әріптесімізге" жақсы қызмет тілейміз", - деп түсіндірді Махат кентінің орталық аудандық ауруханасының невропатологі Рүстем Жалғасбай.
Алғыс сөзін Өзбекстан азаматы Бибігүл Тілеуованың өзі айтқаны атап өтілді.
"Пойызда эпилепсиямен ауырдым. Бұл сарбаздың қасымызда болғанына өте қуаныштымын. Сол кезде оған алғыс айтып үлгермедім. Көмек көрсеткені үшін алғыс айтамын және қызметіне сәттілік тілеймін", - деді ол.
"Лайық азамат, сезімтал тұлға тәрбиелегені үшін" Шекара қызметі департаментінің басшылығы шекарашының анасы Гүлбаршын Басановаға Алғыс хат табыс етті.
"Қалған сарбаздардың ішінде ол өзінің тәртіптілігімен ерекшеленді. Мен оның ата-анасына лайықты ұл тәрбиелеп өсіргені үшін үлкен рахмет айтамын", - деді оның бірінші жасақ басшысы, ефрейтор Нұрым Хабдрашитов.
Адамды құтқарудағы батыл әрі шешуші әрекеттері үшін қатардағы жауынгер Абылайхан Убайдуллаев дипломмен және сыйлықпен (қол сағаты) марапатталды.