Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Анасымен әңгіме жүргізілді": Полицейлер Нұр-Сұлтандағы қызды құтқару оқиғасының мән-жайын айтып берді

Нұр-Сұлтан полиция департаменті 8-қабаттан құлап кете жаздаған кішкентай қызды құтқару оқиғасының мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бүгін, 11 мамырда сағат 10.25-те "102" пультіне Ұлы Дала даңғылы бойындағы "Қамал" тұрғын үй кешенінің 8-қабатындағы терезеде бала ілініп тұрғаны туралы хабарлама түскен.

"Оқиға орнына дереу полицейлер шықты. Сол кезде осы үйдің тұрғыны 36 жастағы Сәбит Шонтақбаев жұмысқа кетіп бара жатқан. Ер адам аулада жұрт ерекше көп екенін, ал 8-қабаттың терезесінде жылаған бала ілініп тұрғанын байқаған. Азамат бір сәтке ойланбастан ішке жүгіріп, 7-қабаттағы көрші үйге барған. Ол өз өмірін қатерге тігіп, терезеге шығып, тәртіп сақшылары келгенге дейін баланы қағып алды", - деді полиция өкілдері.

Полицейлер 3 жасар бала үйде жалғыз болғанын айтты.

"Үш жасар бала терезенің астына жұмсақ ойыншықтар мен жастықтарды жинап, терезеге шыққан. Кейін карнизден қолымен ұстап, ілініп қалды. Қуанышқа орай, жақын жерден табылған батыл әрі қамқор жігіттің арқасында оқиға сәтті аяқталды", - дейді департамент мамандары.



Тәртіп сақшылары баланың анасымен профилактикалық әңгіме жүргізіп, жалғыз қалдырмау қажеттігін ерекше атап өтті.

"Ешқашан балаларды қараусыз қалдырмау керек, балалардың ашық терезелердің жанында ойнауына жол бермеу қажет. Терезе тұтқаларын алып тастаңыз немесе арнайы құлпы бар тұтқаларды қолданыңыз, терезе бекіткіштері мен құлыптарын орнатыңыз", - деп атап көрсетті полицейлер.

Еске салсақ, төтенше жағдайлар министрлігі 8-қабаттың терезесінен құлап кете жаздаған баланы құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевты "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" төсбелгісімен марапаттады.

Бұған дейін Сәбит Шонтақбаевтың төрт баланың әкесі екенін жазған едік. Ол Қызылордадан елордаға жұмысқа келген. 

Талқылау