14 жылдан бері пәтер жалдап тұрады: Танымал блогер Нұр-Сұлтанда үш жасар қызды құтқарған азаматқа үй алып бермек
Танымал блогер Дәулет Мұқаев оқырмандарымен бірге Нұр-Сұлтанда 8-ші қабаттан құлап бара жатқан үш жасар қызды құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевқа үй алып бермек, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Блогердің айтуынша, Сәбит Шонтақбаев оның оқырманы көрінеді. Бүгінде елордада құрылыста қара жұмыс істейді.
“Бұл 3 жасар қызды құтқарған Сәбит Шонтақбаев. Туған жері Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы. Қазір бала-шағасы, әйелі Қызылордада 14 жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрады. Өз үйлері жоқ. @batyr_bloger өз оқырмандарымен Сәбиттің 450.000 тг қарызын жауып бермек. Каспийде шоты бұғатталып тұр. Ал Дәулетті оқырмандар Қызылордадан жер үй алып берсе қалай қарайсыздар? Алда қайырымды жұма”, – деп жазды ол.
Бұдан кейін жалдамалы жұмыс істеп жүрген жігітке дәл осындай ерлігі үшін @dauletten_qory-мен бірлесе отыра Қызылордадан баспана алып беруді жөн көргендерін мәлімдеді.
“Осының алдында салған постқа 40 минутта "қолдаймыз" деп 7000-нан аса пікір жазылды. Бүгінде көрсеткен батылдығы мен қаһармандығы біраз жанға үлгі. Қайырымдылыққа үлес қосамын десеңіз: КASPI арқылы - ПЛАТЕЖИ - "Dauletten" қайырымдылық қоры, HALYK BANK арқылы - ПЛАТЕЖИ - "Dauletten" қайырымдылық қоры. Берген садақаларыңыз қабыл болсын!Көп түкірсе - көл. Мына постты барынша бөлісуді сұраймын”, – деп жазды Даулет Мұқаев Instagram парақшасында.
Еске салсақ, төтенше жағдайлар министрлігі 8-қабаттың терезесінен құлап кете жаздаған баланы құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевты "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" төсбелгісімен марапаттады.
Бұған дейін Сәбит Шонтақбаевтың төрт баланың әкесі екенін жазған едік. Ол Қызылордадан елордаға жұмысқа келген.