"Он күннен бері ес жимады": Оралда туыстары жаңа туған келіншектің жағдайына дәрігерлерді кінәлап отыр
Орал қаласының 29 жастағы тұрғыны Таңшолпан Мұқанова он күннен бері комада жатыр. Туыстары бұған дәрігерлерді кінәлайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.
Олардың айтуынша, құрсағында жеті айлық сәбиі бар келіншекке дәрігерлер мүлдем көңіл бөлмей, қараусыз қалдырған. Осының кесірінен Таңшолпанның халі нашарлап, жансақтау бөліміне түскен.
Туыстарының айтуынша, Таңшолпан Мұқанова перзентханаға 13 сәуірде түскен. Бес күн бойы қан қысымы ұдайы көтерілген келіншек кейін мүлдем қараусыз қалыпты. Әйелдің нашарлағанын түнде ғана байқаған дәрігерлер таңға дейін система құйып, жағдайы түзелмегесін, сәбиді кесерь тілігімен алған. Осы отадан кейін науқас комаға түскенін естідік, дейді туыстары.
“Келінім аузынан көбігі ағып, кереуетте жатып, екі қолын аспанға көтеріп жатады. Сол уақытқа дейін не акушер қарамайды не медсестра қарамайды. Сол күнгі кезекшілікте болған гинеколог-дәрігер, акушер, медсестра мен түнде кешкілікте приемда айттым ғой, басым қатты ауырып тұр деп, 11-ге дейін неге қадағалауға алмаған? Неге аузынан көбігі аққанша комнатта ұстаған? Сол жеріне жауап берсін! Және келінімді аяғына тұрғызып берсін”, – дейді енесі Жаңыл Иманқұлова.
Таңшолпанның анасы да акушер. Ол құрсағында 7 айлық сәбиі бар қызының ауыр халге түсуіне әріптестерінің біліксіздігі мен салғырттығы себеп болғанын айтады. Мұндайда уақыт оздырмай, басшылық пен жақын туыстарына бірден хабарласып, шұғыл түрде санавиациямен бас қалаға жіберу керек еді, дейді.
“Нейрохирург әйел бізге келгенде мүлдем ауыр жағдайда болды дейді. Мидағы қан айналымы баяғыда тоқтап қалған дейді. Қан көп мөлшерде құйылған. Бүкіл уақ тамырына дейін жарылған дейді. Әйелді жас болғасын, операция жасадым дейді. Бір шанс беріп, мыңнан бірі болып қалар деген оймен отаға алдым деп отыр. Оған дейін неге консилиум болмаған? Неге үйлерінде ұйықтайды дәрігерлер? Басшылары қайда? Неге келмейді?” – дейді келіншектің анасы Бибігүл Мұқанова.
Бүгін Таңшолпанның комада жатқанына он күн болды. Төрт жасар тұңғышы Назгүл қазір анасын күтіп аурухана есігін күзетіп жүр. Ал дәрігерлер не боларын нақты айтпай отыр.
“Науқас бізге "преэклампсия" диагнозымен түсті. Жағдайы нашарлағасын, консилиум шақырылып, шұғыл түрде кесарь тілігі жасалды. Кейін облыстық аурухананың жансақтау бөліміне ауыстырылды. Күн сайын республикалық деңгейдегі мамандармен консилиум өткізіп, кеңесіп отырамыз. Перинаталды орталық қызметкерлерінің әрекетін бағалап, тексеру үшін комиссия құрылды”, – дейді БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асхат Балықов.
Науқастың мұндай халге түсуіне не болғанын осы комиссия анықтайды. Ал сәбидің жағдайы қалыпты. Ата-әжесі оған Айша деп ат қойыпты. Қазір ол да перзентханада, дәрігерлердің бақылауында. Туыстары ақ халаттыларға Таңшолпанды аяғына тұрғызсын деп талап етуде.