"Жас таланттардың ғарыш саласына бір қадам жақындауына мүмкіндік береді": Kazakhstan Smart Space халықаралық байқауының жеңімпаздары анықталды
Алматыда 8-9 сәуір күндері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен адамның ғарышты бағындырғанына 60 жыл толуына орай ұйымдастырылған "Kazakhstan Smart Space" халықаралық байқауының финалистерін марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
БайқаудыҚР Аэроғарыш комитетінің "Ғарыштық зерттеулер және технологиялардың ұлттық орталығы" АҚ, "Eurasian Space Ventures" ЖШС, "Қазақстанның жобаларды басқару институты" ҚҚ ұйымдастырды. Оған Қазақстанның, Ресей Федерациясының 7-22 жас аралығындағы колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, мектеп және қосымша үйірмелердің оқушылары өздерінің оқытушыларымен және тәлімгерлерімен бірге қатысты.
Айта кетсек, байқау 2021 жылғы 16 желтоқсанда басталған. 2022 жылғы 11-15 наурыз аралығында тіркелген командалардың арасында финалдық турға қатысушыларды іріктеу өткізілді. Қазіргі уақытта финалға шыққандар тренингтерді, шеберлік сағаттарын, семинар-практикумдарды, сарапшылар кеңесі мүшелерінің коучинг сессияларының барлық кезеңдерінен сүрінбей өтті.
“Аэроғарыш саласында жаңа кадрлар дайындау, жас жеткіншектердің арасында техникалық мамандықтарды дамытып, олардың бұл салаға ынтасын арттыру мақсатында тұңғыш рет “Kazakhstan Smart Space” халықаралық конкурсын ұйымдастырып отырмыз. Қазақстан мен Ресейдің жас өнертапқыштары ғарыштық техника және ғарыштық технологиялар бойынша көптеген жаңа жобаларын таныстырды. Оның ішінде көріп отырғанымыздай робототехника, түрлі ракеталар мен спутниктердің жасалу жолын көрсетіп беріп отыр. Ғарыш саласына қызығушылығы мол жас буынның көп екеніне тағы да бір көзіміз жетіп отыр”, – дейді Аэроғарыш комитетінің ғылыми әзірлемелер басқармасының сарапшысы Қырмызы Жандосова.
Оның айтуынша, байқауды ұйымдастырудағы басты мақсат еліміздегі кадрлар тапшылығын азайту.
“Сол себепті біз маман тапшылығын шешу үшін осы бастаманы оқушылар мен студенттерден бастауды жөн көрдік. Сондықтан бұл жыл сайын өткізілетін байқау болады деп ойлаймын. "Kazakhstan Smart Space" жеңімпаздары кейін 12 сәуір мерекесіне орай Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрімен кездесетін болады. Сонымен қатар жүлдегерлерге дипломдар, ақшалай сыйлықтар, естелік сыйлықтар, кәдесыйлар, байқау әріптестері қатарындағы ЖОО-ға түсу үшін қосымша ұпайлар беріліп, барлық қатысушылар сертификаттармен марапатталып отыр”, – дейді аэроғарыш комитетінің ғылыми әзірлемелер басқармасының сарапшысы Қырмызы Жандосова.
Байқау ұйымдастырушысы бұл жоба балалардың ғарыш саласына деген қызығушылығы мен ынтасын арттыра түспек.
“Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтан бөлек Байқоңыр қаласына экскурция ұйымдастырмақпыз. Бізде ғарыш саласында ұсынған жобалар бірден жүзеге асып кете алмайды. Араға жылдар салып, біртіндеп жүзеге асады. Десе де балалардың бұл жерде қолдарынан келетінін дәлелдеуге үлкен мүмкіндігі бар. Сондай-ақ жобадағы жүлдегерлер ғарыш саласы бойынша басқа халықаралық байқауларға қатыса алады. Бұл балалардың ешқайсысы ақшалай сыйақыларға қызығушылық танытпайтыны көрініп тұр. Олардың бұндай конкурстарға қатысып, дұрыс бағытта жүрмін деп ойлаған сайын олардың ынтасы ашыла түседі. Мысалға кейбір өңірлердегі жастардың ғарышқа жақындауға мүмкіндігі жоқ. Ал байқау осындай жас таланттардың ғарыш саласына қадам жасауына мүмкіндік беріп отыр”, – дейді сарапшы.
Конкурсты ұйымдастырушылардың бірі, Eurasian Space Ventures (ESV) жеке ғарыш компаниясының бас директоры, Еуразиялық банк директорлар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимов Kazakhstan Smart Space байқауы осы жылы өзінің басты миссиясын орындап, ғарыштық жобалармен айналысқысы келетін талантты жастардың басын қосқанын атап өтті.
"Ғарышты игерумен тығыз байланысты біздің еліміз үшін SpaceTech индустриясын дамытуға мүдделі оқушылар мен студенттерді қолдау маңызды міндеттердің бірі. Олар – Қазақстанның осы саладағы болашақ кадрлық әлеуеті. Сол себепті жақын арада қатысушылардың бірі бізге ғарыштық технологияларды әзірлеп, коммерцияландыруға көмектесуі де ғажап емес. Күн сайын көптеген мүмкіндіктер пайда болады. Біздің міндетіміз – оларды жіберіп алмау, сонымен қатар, алға жылдам қадам жасауларына септігімізді тигізу”, – дейді Шухрат Ибрагимов.
Бұған қоса ол байқау жас дарындарға жол ашумен қатар, бизнеске әлеуетті кадрларды табуға мүмкіндік сыйлайтынын жеткізді.
"Бүгін бірінші кезекте өз болашағын ғарыштық зерттеулермен, жобалармен байланыстырғысы келетін жастардың көп болғанына қуанып отырмыз. Бұл конкурс олардың ең батыл идеяларын іске асыру үшін жаңа перспективалар ашады. Біз қазірдің өзінде халықаралық стартаптар мен компанияларды аэроғарыштық технологияларды дамыту үшін ESV ғарыштық хаб-инкубаторына тартудамыз. Бүгінде цифрландыру қарқыны артып келеді және ешқашан тоқтамайды. Ғарыш индустриясы да дамып келеді. Конкурс саланың дамуын жалғастыруға және қазақстандық мамандардың әлеуетін бүкіл әлемге көрсетуге мүмкіндік береді", - дейді Ибрагимов.
Ол бүгінде талантты кадрлардың жетіспеушілігі олардың тапшылығында емес, креативті жастардың өз қабілеттерін көрсететін платформаның жоқтығында екенін атап өтті. Байқау осындай жастардың басын қосып, жаңа жобаларды жүзеге асыруға көмегін тигізбек.
“Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы" АҚ басқарма төрағасы Марат Нұрғожиннің айтуынша, негізгі стратегия мақсат – қазақстандық ғарыш саласындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру.
"Ғарыштық технологиялар адамзаттың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналды. Бұл – ұялы байланыс, Жерді қашықтықтан көру және спутниктік навигацияның әртүрлі аспектілері. Осы технологияларды дамытуда әртүрлі саладағы мамандар қажет. Сол себепті жастардың шығармашылық ізденістер мен түрлі ғылыми ашылуларын қолдап, оны жүзеге асыру үшін барлық мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге тиіспіз. Дәл осы мақсатта Kazakhstan Smart Space халықаралық конкурсы өткізілді", - дейді Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы " АҚ басқарма төрағасы Марат Нұрғожин.
Осылайша конкурстың 4 номинациясы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлердің тізімі анықталды.
- 16 жастан – 22 жасқа дейін жас санаты бойынша Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің "Беріктігі жоғары материалмен басып шығаратын индустриялық-отандық 3D принтер" жобасы және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. "CanSat форматындағы шағын ғарыш аппараттарын әзірлеу" жобасы
- 12 жастан 16 жасқа дейінгі жас санаты бойынша Алматы қаласының Назарбаев зияткерлік мектебінің "DELTA II" жобасы
- 9 жастан 12 жасқа дейінгі жас санаты бойынша Алматы қаласының № 48 мектеп-лицейі "MAXTRON" жобасы жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Сондай-ақ Quantum STEM School-дың "FCV-TRY" шағын зымыран тасығышының ұшу прототипі " жобасы, "Г. Даукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті "SACS-3DOF – спутникті бағдарлауды басқару жүйесі" жобасы, "Хакспейс" робототехника мектебі. "Zeus" роботы, Тұран университеті “LFR” роботы жобалары да жүлделерге ие болды.