Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Итке жақындағанда көмек сұрап тұрғанын көрдім": Көлсайда мұздай судан итті аман алып шыққан азамат оқиғаның қалай болғанын айтты

Көлсай көлдерінде мұздай судан батып бара жатқан итті аман алып шыққан азамат – 28 жастағы қарағандылық Уалихан Бейсабаев. Оның итті құтқарған видеосы желіде тарап, қазақстандықтар арасында талқыға түсті. Кейбірі жігіттің бұл әрекетін санасыздыққа баласа, енді бірі алғыстарын айтып жатты. Белгілі болғандай, азамат осыдан бірнеше күн бұрын Алматыға жұбайы Дариямен бірге еңбек демалыс уақытында келген. Ол қалалық жедел жәрдем қызметінде фельдшер ретінде жұмыс істейді. Stan.kz тілшісі Уалиханнан не себепті иттің артынан секіргенін, қандай сезімде болғанын сұрады.

видеодан скриншот

Уалихан Бейсабаев Қарағанды қаласында туып өскен. Жұбайы екеуі Алматы қаласына қыдырып, Көлсай көлдеріне турмен келген екен. 

“Көлсайда жүргенде суда батып бара жатқан итті көрдік. Жұбайым жыламсырап “Құтқару керек шығар” деп тұрды. Мені де қимайды, итті де қимайды, “осылай қарап тұра береміз бе” деп қояды. Содан соң шешініп, суға түсіп кеттім”, – дейді қарағандылық азамат.

Айтуынша, итті құтқарып алған соң оның иесін іздеуге уақыты болмаған. Себебі Көлсайға турмен келгендіктен уақыт тығыз болды дейді. Өзін видеоға кім түсіргенінен де бейхабар. 

“Айналада туристер көп болды. Біреуі не бірнешеуі түсірсе керек. Досым біраз уақыттан соң мен жайлы жалған ақпарат таралып жатқанын көрсетті. Мына жігіт пневмониямен ауырып, ауруханада жатыр” деп мен үшін шот ашыпты. Осыдан кейін менің хабарласып, былайша айтқанда жарыққа шығуым керек болды”, – дейді ол.

Сөзінше, өзінің ауырып жатпағанын айтып, ақша қорының қажеті жоқ екенін хабарлап айтқан. 

“Қасиетті айда мұндай жалған ақпараттың таралып кетуі, адамдардың алданып қалуы дұрыс емес қой”, – дейді Уалихан.

Қазіргі уақытта Уалиханның айтуынша, денсаулығы жаман емес. 

“Судан шыға сала қызуым көтерілді. Жөтел болды. Бірақ ауруханаға жүгінетіндей көрсеткіштер болмады”, – дейді ол.

Жағдайдың қалай болғанын Уалихан толыққанды айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, суға секірген алғашқы минуттарда кері бұрылып кеткісі-ақ келген. Бірақ ол тағы да өз қамы емес басқаларды ойласа керек.

“Итті судан алып шыққанда, әйелім маған қарай жүгіріп келе жатты. Маған екен десем, итке қарай жүгіріпті (күледі – авт.) Маған қарағанда итті көбірек уайымдады. Судан шыққан соң ит адам құсап дірілдейді, мен де дірілдеп жаттым. Киініп алған соң мұнда суға түсуге болмайтын шығар деп ойланып, ары қарай жол жүріп кеттім. 

Суға түсе салған кезде қайтып кетсем бе деген ой болды. Алайда маған еліктеп тағы біреулер түсіп, батып кете ме деген қорқыныш басым болды. Ақыры түскен соң шығарамын деп шештім”, – дейді Уалихан.

Суда балықтай жүзіп, батып кетпеуіне бала кезден спортпен айналысқаны себеп болған. Сол сәтте Уалиханнан басқа да жақын маңда туристер толып жүрген. Бірақ тек біздің кейіпкеріміз ғана бұл қауіпті қадамды жасай алғанын айтады.

“Адамдар көп болды. Түйсік әсер етті деп ойлаймын. Жұмыста жүргенде әдетте 1-категориялы шақыртулар болады. Оған өрт, көлік апаты кіреді. Кейде жедел жәрдем өрт сөндіру қызметкерлерінен ерте келіп алады. Сондай жағдайларда терезені сындырып ғимаратқа кіріп кететін кездер болған. Судан шыққан соң ғана бойымды қорқыныш биледі. Ал суға түсерде жаман ойға бой алдырмадым”, – дейді ол әрекетінің себебін түсіндіре отырып. 

Дей тұрғанымен, Уалихан өзіне айтылған халықтың сыны да орынды деп санайды.

“Мұндай әрекетті ешкім қайталамасын дегім келеді. Себебі суда аяқ тартылып қалса, ешкім көмектесе алмай қалуы мүмкін. Көмектесуге келген адам үшін де бұл қауіпті болады.

Жағалауға жеткенде шаршап қалдым. Бірақ итті өзім шығарып ала алатыныма сендім. Қайтарда байқағаным, жағалаудың өзі ерекше терең екен. Жағалауға келгенде аяғымды жерге тигізіп, демаламын ба деген үміт болды. Бірақ, өкінішке қарай, көл өте терең  болып шықты. 180 метр бойыммен жағалауда аяғым су түбіне жетпей тұрды. Жақындай бергенде қолдарым талып, жігіттер ағашпен тартып шығарды. Осы орайда адамдардың айтқандары да орынды”, – дейді ол.

Тағы бір көмек болғаны, иттің өзінің аман қалуына салған күш-жігері дейді кейіпкеріміз. “Жақындай бергенде иттің түрінен көмек сұрағаны көрінді. Сондай-ақ ерекше бір дыбыс шықты. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ит те жарады, соңына дейін өмір үшін күресті. Маған да көмектесті”, – дейді ол.

Уалихан жұбайымен оқиға болған күні ертесінде орналасқан қонақүйден шығып, Қарағандыға қайтқан. Алматыға бірінші рет келуі екен. Ол қаланың өзіне қатты ұнағанын айтты.

Талқылау