Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бейбітшілік болмаса, даму жоқ": Тоқаев Ресей мен Украинаны келісімге келуге шақырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ресей мен Украинаны ортақ тіл табысуға шақыратынын айтып, делдалдық қызмет көрсетуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Тоқаев Қазақстанның позициясы мемлекетіміздің аумақтық тұтастығын, егемендігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысына негізделетінін атап өтіп, Ресей мен Украинаны келіссөздер үстелінде ортақ тіл табуға шақырды.

"2010 жылы ЕҚЫҰ саммитін қабылдаған ел ретінде біз еуразиялық қауіпсіздіктің бөлінбеушілік қағидатын ұстанамыз. Мен бұл туралы 10 ақпан күні Мәскеуге жасаған сапарымда айттым. Бөлінбеушілік принципі мен қауіпсіздіктің тұтастығы өзара сенім негізіндегі өзара түсіністікті білдіреді. Өкінішке қарай, бұл болған жоқ. Минск келісімі қағаз жүзінде қалды. Ал бұл Украина аумағындағы әскери іс-қимылдарға әкеп соқты", – деді Тоқаев Nur Otan партиясының кезектен тыс съезінде.

Мемлекет басшысы геосаяси ахуал ушығып кеткенін айтты.

"Өкінішке қарай, қазір бұл тенденцияның тоқтайтын түрі жоқ. Сондықтан біз қос мемлекетті келіссөз үстелінде ортақ тіл табысуға, келісімге келуге шақырамыз. Басқа жол жоқ. Бейбітшілік болмаса, даму жоқ", – деді мемлекет басшысы.

Ол Қазақстан өз тарапынан жәрдемдесуге, егер қажет болса, делдалдық қызметін ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.

"Қазақстан өз тарапынан барлық жәрдемін, оның ішінде арағайындық қызметін көрсетуге дайын. Әрине, егер ол қажет болса", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінде бірқатар жұмыс жиындарын өткізгенін атап өтті. Айтуынша, үкімет алдына санкциялардың күшеюін ескеріп, елдің әлеуметтік-экономикалық орнықты дамуын қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер қойылған.

Талқылау