AAPL
137.59 $
0.17 %
TSLA
709.42 $
-0.05 %
NDAQ
143.08 $
0.7 %
GOOGL
2207.68 $
-1.35 %
FRHC
40.71 $
-0.97 %
AAPL
137.59 $
0.17 %
TSLA
709.42 $
-0.05 %
NDAQ
143.08 $
0.7 %
GOOGL
2207.68 $
-1.35 %
FRHC
40.71 $
-0.97 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Айтсақ, орнымыздан айырыламыз": Базарға барған мәжіліс депутаттары сценарийде жоқ жағдайға кезікті

Мәжілісмендер министрсіз базар аралады. Депутаттар мұның алдында ұсыныс жасағанымен, үкімет мүшелері оларға жолсерік болғысы келмеген сыңайлы. Депутаттардың өңірлерге іссапары басталды. Кімнің қайда баратыны бір ай бұрын белгілі болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

Арнайы мекемелер дайындалып та қойған. Бірақ астанадағы ірі көтерме сауда орталығына барған мәжілісмендер сценарийде жоқ жағдайға кезікті. 

Таңғы төртте тіршілігі қызатын базар қатаң ережеге бағынған. Кіріп-шыққан көліктен ақша жинайтын аппарат сөніп тұр. Бұған жүргізушілер дән риза. Мұның бәрін полиция қатаң бақылап жүр. Әдетте шақырмасаң төбе көрсетпейтін тәртіп сақшыларынан көз сүрінеді. Ал насыбай сияқты тыйым салынған заттар қуысқа тығылған.

Базар әкімшілігінің депутаттарды қарсы алуға ыждағаттылықпен дайындалғаны бекер емес екен. Бұл топтың кім екенін білген саудагерлер қонақтар кірмей жатып айқайға басты.

"Қазір айтсақ, орнымыздан айырыламыз. Еститін ешкім жоқ. Бұл жерде ешқандай еркін бәсекелестік жоқ".

Депутаттарды кіреберістен күтіп алған Бауыржан Сайдашев жұмыртқа сатады. Саудасын көтерме базарда жасап жүрген. Бірақ жазылмаған заң бойынша мұнда таңдаулы бірді-екілі саудагерге ғана жұмыртқа сатуға рұқсат беріліпті. Бауыржанның монополияға арызданып жатқанын естіген базар басшылығы лезде жетіп келіп ақтала жөнелді.

"Бұл кісіні карантин кезінде санитарлық тәртіпке бағынбағандықтан базардан шығарғанбыз. Сол себептен жанжал шығарып тұр", - деді "Шарын" базарының бақылаушысы Ержан Әлімбеков.

Бауыржанның бағы бар, ал таңнан қоймада жүрген Ләззат Сопқанова қаласа да, қалаулыларды көрмей қалды. Отыз жылдан бері саудада жүрген әйелдің айтпағы көп еді. Шекарадағы жемқорлық, алыпсатарлардың көбеюі, Қазақстанда көкөніс, жемістің жоқтығы оны толғандырады. Базарда қарапайым тазалық жоқ. Депутаттардың қуанышына, Ләззаттың өкінішіне қарай, оны ешкім тыңдамады.

"Депутаттар келеді деп айтқан. Ешкімді көрмедім, білмеймін. ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Біз қандай жерде отырмыз? Қазақстанның еш жерінде өркениетті базар жоқ қой, көріп отырсыңдар. Отырған жеріміз мынау! Қандай болу керек базар? Жағдай жасалмаған", - дейді Ләззат Сопқанова.

Біреуі барын айтып жан салса, енді біреулер қаша жөнелді. Ал депутаттар көпшілікті тыңдағысы келіп әлекке түсті.

"Келсеңізші, әңгімелесейік. Қорықпаңыздар, біз де сіз сияқты адамбыз. Біз Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаттарымыз. Менің атым Лариса Павловна".

Тыңдай берсе базарда түйткіл шаш етектен. Ал базардың тұрақты клиенті болса да, мәжілісмен Елдос Абақанов бұл мәселелерді бүгін ғана біліп тұр екен.

"Кейбір адамдар дайындалғаны көрініп тұр. Мен азамат ретінде әрдайым келіп тұрамын. Осы "Шарын" базарына болсын, көк базар болсын, Орталық базар болсын. Базарға өзім жиі келемін. Аптасына бір рет. Көбінесі апталық тамақ алуға келеміз. Кей жағдайда киім-кешек алуға да келеміз", - дейді мәжіліс депутаты Елдос Абақанов.

Елордадағы Байқоңыр ауданы еншісін алғанда жаңалану керек бірінші ғимарат осы "Шарын" базары болған. Төрт-бес жыл өтті. Баяғы жартас сол жартас. Ескі инфрақұрылым қаз қалпында. Әлі орталықтандырылған кәріз құбыры, су мен жылу жоқ.

Саудагерлердің "жаңа базар салынады" деген жаңалыққа еті үйренген. Таңғаларлық ғажайып күтпейтін де сияқты.

Депутаттар әкімдік өкілдері мен полицейлердің қорғауында Қазақстанның астанасын көкөніс пен жеміспен қамтамасыз етіп отырған көтерме сауда кешенін жарты сағатта аралап шықты. Оларды біреуі таныса, біреуі танымай қалды. Ал қалған жүзінің сұрағы естілмей қалды. Сонда да жылы суға қолын жуып, жылы жерге отырғысы келетін базардағы жұрт халық қалаулыларының асығыс аралауынан жақсы нәтиже күтеді.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр