Тоқаев, Құлыбаев, Абаев: Бейжіңдегі қысқы Олимпиаданың ашылуына Қазақстаннан кім барады
Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Қысқы Олимпиадаға Қазақстан делегациясымен қандай лауазымды тұлғалар баратыны хабарланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Брифинг кезінде қойылған сұрақтардың біріне жауап бере отырып, Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Крюков Қазақстан бірқатар өзге елдер сияқты, Бейжің Олимпиадасына бойкот жарияламағанын айтты.
"Спорт пен саясат екі бөлек әлем. Біз – спортты қолдаймыз. Оны үлкен саясатқа араластырмау керек", – деді ол.
ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Олимпиадаға министр Дәурен Абаев және өзі қатысатынын айтты. Одан басқа делегация құрамында – 34 спортшы, 20 бапкер, 7 қызмет көрсетуші, 7 штаб қызметкері және 10 дәрігер бар.
Сондай-ақ "Қазақстан Бейжің Олимпиадасына бойкот жариялады ма?" деген сұрақтың жауабын толықтырған спикерлер бойкот болмайтынын, оның үстіне, ұйымдастырушы тарап салтанатты ашылу салтанатына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шақырылғанын және Мемлекет басшысы баруы мүмкін екенін мәлім етті.
Сонымен бірге, тілшілер "Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев ашылу салтанатына қатыса ма?" деген сұрақ қойды.
"Олимпиада комитеті басшысының қатысуы жоспарланған. Бұл міндетті. Оның Олимпиаданың ашылу рәсіміне қатысуы жоспарда бар. Олимпиада тек қана кездесулер мен жарыстардан ғана тұрмайды. Көптеген сессиялар мен кездесулер өтеді. Барлық жұмыс Олимпиада ойындары кезінде қатар өтеді", - деп жауап берді ҰОК Бас хатшысы Андрей Крюков.
ҰОК өкілінің айтуынша, қазақстандық делегация құрамында шамамен 100-ге жуық адам болады.
"Қазір ковидтік шектеулерге байланысты үлкен талаптар бар, сондықтан коронавирусқа шалдыққандар Олимпиадаға жіберілмейді. Делегация саны әлі де нақтыланады, шамамен 100-ге жуық адам болуы мүмкін", - деді Андрей Крюков.