"Мүгедек болып қалды": Түркістанда дәрігерлер 21 жастағы келіншектің жатырын рұқсатсыз алып тастаған
Түркістанда дәрігерлер 21 жастағы келіншектің жатырын алып тастаған. Жәбірленушінің айтуынша, жүктіліктің 28-ші аптасында ол кесарь тілігі әдісімен босанған. Жатыры алынғанын содан кейін ғана біліпті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.
"Маған ескерткен жоқ" дейді. Ал дәрігерлер "жатырды алып тастау – дұрыс қабылданған шешім" екенін айтады.
Тұңғышына аяғы ауыр Аида есімді келіншек толғағы келіп, № 3 облыстық перинаталдық орталығына жеткізілген. Жас келіншек өздігінен босана алмайтын болған соң, дәрігерлер оны кесарь тілігімен босандырып алыпты. Жас ана жүктіліктің 28-ші аптасында ұл баланы дүниеге әкеледі. Дәрігерлер шала туған шақалақтың жағдайы ауыр депті.
Аиданың анасының айтуынша, таңғы 9-да басталған операция кешкі 4-те бір-ақ біткен. Дәрігерлер оның жатырын алып тастағанын хабарлапты. "Мұны бізге ескертпей, рұқсатсыз жасады" дейді. Оны естіген қызының әлі ес жия алмай отырғанын айтады.
“Қазір қызым мүгедек болып қалды. Болашағына балта шапты. Іштен тынып өледі ғой бұл қыз. Ертең бір отбасын ойран қылады бұлар. Ал аурухананың түгі де кетпейді. Мың жерден қызым қиналады. Қызымның жатырын рұқсатсыз алып тастағандар үшін мен соңына дейін барамын”, – дейді науқастың анасы Гүлжаһан Божбанбаева.
Облыстық перзентхана бас дәрігерінің айтуынша, науқас перзентханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген. Жас ананың аспирациялық пневмония, суық тию аурулары, тұмау және 3-ші дәрежелі семіздік диагноздары болған. Және оған дейін келіншекке мүлде бала көтеруге болмайтыны туралы кеңес берілген дейді. Сондай-ақ, жүкті әйел орталыққа жетем дегенше, баланың жолдасы уақытынан бұрын ажырап кеткен. Қайта күрделі операция сәтті өтіп, ананың да, баланың да өмірі құтқарылғанын айтады.
“Бұл келіншекке мүлде бала көтеруге болмайды. Болмайды десе де жүкті болып, бала өскенше жүре берген. Мұндай жағдайға қалай жеткенін білмеймін. Ауыр жағдайда жеткізілді. Қазір енді шу болып жатыр. Адамдар, әрине, түсінбейді. Бірақ дәрігерлерімнің тарапынан ешқандай кінә жоқ. Оның тірі қалғанына шүкір”, – дейді Түркістан облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері Нұржан Махмұтов.
Науқастың анасының айтуынша, қызына бала көтеруге болмайтыны жүктіліктің 4,5-5 айында айтылған. Мұны да дәрігерлердің салғырттығына балайды.
Қазір жас ана ауруханада ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер денсаулығы тұрақталғанын айтты. Шақалақтың да адам болып кетуіне мамандар бар күш салып жатқанын жеткізді. Ал қызының өмір бойы мүгедек болып қалғанына, енді сәби сүйе алмайтынына ашынған ана кінәлілерді жазалау үшін соңына дейін күресем дейді.