Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда желтоқсаннан бастап кеншілердің жалақысы 17 пайызға өседі

"Арселор Миталл Теміртау" компаниясына қарасты шахталардағы кеншілер жалақысы желтоқсан айынан бастап 17 пайызға өсетін болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.

Абай шахтасындағы апаттан кейін кеншілер жалақыны көтеру талабын қойған. Кеншілердің талабы орындалады.

Компаниядағылар жалақыны елдегі инфляция деңгейіне сәйкес жылда көтеріп отырамыз дейді. Кеншілерді таситын автобустар келесі жылы толық жаңартылады.

Ал шахталардағы кадрлерді толықтыру үшін айына 100 адам жұмысқа қабылданады. "Арселор Миттал Теміртау" компаниясы бұл мәселелерді шешуге жағдайымыз жетеді деп отыр.  Ал кеншілердің зейнет жасын азайту туралы талабы орындалмайды. Өйткені бұл сұрақ Үкімет деңгейінде реттелуі тиіс. Көмір департаментінің директорын қызметтен босату туралы талап та қараусыз қалды.



Ал негізгі мәселе – ескірген құрылғыларды жаңарту үшін компанияға қарасты өндіріс орындарында алдағы екі ай ішінде аудит жүргізіледі. Қанша қаражат құю керектігі сол кезде анықталады.

“Жалпы үш-төрт жылдың ішінде 3 миллиард доллар компанияға келуі тиіс. Бұл мәселе бойынша компания Үкіметпен және министрлікпен келісімге келіп отыр. Оның 35 пайызы кеншілерге барады. Ең басты мәселе, аудиттан кейін көреміз, қай құрал-жабдық ескі, заманауи емес, қайсысын ауыстыру керек. Ол жалпы қауіпсіздік мәселесі емес, жоспарды орындауға кедергі”, – дейді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек. 

Талқылау