Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Абай" шахтасындағы апаттан аман қалған кеншілер зейнет жасын азайтуды сұрады

Абай шахтасындағы апаттан аман қалған кеншілер қауіпті өндірістерде жұмыс істейтіндерді 55 жаста зейнетке шығаруды сұрайды. Ауруханадан шыққан екі шахтер үкіметке осындай ұсыныстарын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап. 

Олардың айтуынша, ауыр еңбек жағдайында, әсіресе кен орындарында жұмыс істейтіндердің көбі зейнет жасына жетпей жатады. Басқа да өзекті мәселелер бар.

Жеңіс Маралбаев 30 жыл жер астында көмір қазған. Қазір 58 жаста. Зейнетке 4 жыл қалғанда күтпеген жағдайға тап болды. 7 қараша күні Абай шахтасында кенет тараған метанға уланып, аурухананың  жан сақтау бөліміне түскен. Алайда енді жұмысқа шықпайтынын айтты. Өйткені кеншінің денсаулығы  әлі де мәз емес.

“Менің аяғымнан бастап ауырмайтын жерім жоқ. Енді мына жағдайдан кейін жер астына түсетін денсаулық қалмады. Әйтпесе қорқып тұрғам жоқ, біз үйреніп кеткенбіз. Зейнетке шығуыма 4 жыл қалса да, енді жұмысқа бармаймын. Көбі зейнет жасына жетпейді. Қайтыс болып кетеді. Сондықтан 55 жаста зейнетке шығару керек”, – дейді кенші Жеңіс Маралбаев.



62 жастағы Элайдын Зейналов та енді жұмыс істегісі келмейді. Зейнетке шығуына бірнеше ай ғана қалған ол шахта қауіпті болса да, оны қауіпсіз ету адамның қолында дейді. Сондықтан  кен орындарының техникалық жағдайын жақсартуды сұрайды.

“Шахта қашанда қауіпті болып қала бермек. Алайда оның жұмысын қауіпсіз етуге болады. Жастарға жұмыс керек қой. Бірақ оны жаңартып отырмаса болмайды”, – дейді Элайдын Зейналов.

Кеншілер өмірлеріне араша түскен құтқарушылар мен дәрігерлерге шексіз алғыс айтады. Бірақ проблемаларды да реті келіп тұрғанда билікке жеткізуді жөн санапты. Оларға "Арселор Миттал Теміртау" әлі ешқандай өтемақы төлемеген. Бұл мәселені арнайы комиссия қарап жатырған көрінеді. Ал дәрігерлер науқастардың ауруханадан шыққанымен, оларға әлі біраз уақыт ем қажет екенін айтты.    

“Жағдайлары жақсы, бірқалыпты. Амбулаторлық бөлімшелерде невропатолог, терапевтер қарайды . Қазіргі жағдайда жұмысқа шыға алмайды. Әлі 2-3 аптадай емханада бақылауда болу керек”, – дейді Х. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың токсикология бөлімшесінің меңгерушісі Сәле Смағұлова. 

Апат салдарынан уланғандардың бірі – кенші Исмаил Мадрамов та ауруханадан шықты. Ол жапа шеккендерді ескертемін деп есікке жақындағанда метан газына уланған.  Бірақ оны үйіне барған соң ғана білген.  

"Қорғау" кәсіподақ ұйымының мәліметінше, "Арселор Миттал Теміртаудағы" келісім комиссиясының отырысында апаттан қайтыс болған 6 кеншіге ескерткіш қою туралы ұсыныс жасалған. Облыс әкімі төрағалық еткен отырыста көмір және болат департаментінің жұмыскерлеріне мемлекеттен субсидия беру арқылы жеңілдікпен ипотекалық баспана берілетін болыпты. Ал жалақыны өсіру мен қауіпсіздікті нығайту сұрақтары  әлі қаралып жатыр дейді.  

Қазір "тау-кен және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу" бабымен тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.  

 

Талқылау