Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда дизель отынының қанша мөлшері қалды: Энергетика вице-министрі жауап берді

Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов республикада қанша дизель отыны қалғанын және ішкі нарықтағы жағдайды тұрақтандыру үшін қандай шаралар қабылданғанын баяндап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Энергетика министрлігінің деректері бойынша, ағымдағы жылдың 11 қазанындағы жағдай бойынша Қазақстанда дизель отынының жалпы қалған мөлшері 214,9 мың тоннаны құраған. 

"Оның ішінде Қазақстанның мұнай өңдеу өнеркәсібінде – 38,7 мың тонна, мұнай базаларында 123,4 мың тонна бар", – деп хабарлады Әсет Мағауов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында. 

Оның айтуынша, ішкі нарықты дизель отынымен қамтамасыз ету мақсатында бүгінде мұнай өнімдерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салынды, биыл сәуір айынан бастап дизельді экспорттау тоқтатылды және Атырау мұнай өңдеу зауытына жөндеу жұмыстары 2022 жылға ауыстырылды.

“Сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауыты мен ПетроҚазақстанОйлПродактс (ПКОП) ЖШС-ға 100 мың тонна мұнай және 29 мың тонна дизель отыны жеткізілді. Одан бөлек, Павлодар мұнай-химия зауытына жүргізілетін жөндеу жұмысы кейінге шегеріліп, қазанның алғашқы 10 күнінде аталған өнеркәсіп 30 мың тонна дизель отынын өндірді", – деді Әсет Мағауов.

Министр орынбасарының мәліметінше, биыл 1 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Ресейден 65,7 мың тонна дизель отыны жеткізілді. Ал 1-10 қазан күндері көрші елден тағы 22,2 мың тонна дизель әкелінген.

"Ағымдағы жылдың қазан айында 330 мың тонна көлемінде дизель отыны өндіріледі. Сондай-ақ 80-100 мың тонна көлемінде импорттық жеткізілімдерді ескере отырып, ішкі нарықты тұрақтандыру күтілуде", – деп нақтылады Мағауов.

Сондай-ақ вице-министр дизель отынының қолда бар қорларын жедел мониторингтен өткізу үшін энергетика министрлігі елдің барлық мұнай базаларын автоматты деңгейлі өлшеуіштермен жабдықтау керектігін айтты. Олар нақты уақытта жанар-жағармай материалдары қалдықтарының деңгейін бақылауға мүмкіндік береді.  

Талқылау