Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Газ бен жарық ақысын төлеуге басқа өңірге баруға тура келетін": Интернет Батыс Қазақстандағы ауыл тұрғындарының өмірін қалай өзгертті

Коронавирус пандемиясы цифрландыру мен технологиялық даму процесін айтарлықтай жеделдетті. Жаһандану үрдісінен Қазақстан да шеткері қалмады. Оған еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан аймақтардың интернетке қосылуы дәлел. Бүгінде “250+” мемлекеттік бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Үшағаш елді мекені жыл басында жоғары сапалы интернетпен қамтамасыз етілді. Осыған орай, Stan.kz тілшісі ауылдықтардың өмірін өз көзімен көріп қайтты. 

Үшағаш ауылы аудан орталығы Қаратөбеден 15 шақырым жерде орналасқан. Дегенмен сапасыз байланыстан көп қиындық көргендерін айтқан елді мекен тұрғындары бұрын  қоңырау шалу үшін қолдарына телефон ұстап, көше кезіп, тал-тасқа өрмелеп кетуге мәжбүр болғандарын жасырмады. Ал биыл осы олқылықтың орны толды. “250+” мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл басында ауыл ортасына Kcell-дің қабылдағыш-таратқыш мұнарасы орнатылды. Енді ақшаңқан табақшалар көзге көрінбейтін байланыс толқындарын шашау шығармай қағып алып, үй-үйге жеткізіп тұр.

@stan.kz

"Газ бен жарық ақысын төлеуге басқа өңірге баруға тура келетін": Интернет Батыс Қазақстандағы ауыл тұрғындарының өмірін қалай өзгертті

♬ оригинальный звук - STAN KZ

Бүгінде тұрғындар бұрынғы операторларды ұмытып, толықтай Kcell байланысына көшіпті. Кең жолақты сапалы ғаламтор келуіне алдымен ауыл мұғалімдері айрықша қуанғаны ақиқат. Өйткені былтыр коронавирус пандемиясының кесірінен оқушылар үйден онлайн оқуға мәжбүр болып, курьердің жолына қарап қалды. 

"Ұялы байланыс мұнарасы орнатылғанға дейін барлық тапсырмалар мен оның орындалған жауаптары хат түрінде поштамен жеткізіліп тұрды", – дейді ауылдағы 9 жылдық білім ордасының басшысы Қанат Зейнуллин. 

2012 жылы салынған 108 орындық екі қабатты еңселі ғимаратта күні бүгін 74 оқушы білім алады. Наурыз айынан, яғни өткен оқу жылының 4-тоқсанынан бастап мектеп штаттық режимде жұмыс жасауда.

“Қазір балалар санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алып жатыр. Мектептің барлық кабинетінде интернет желісі бар. Келешекте "Күнделік.kz" жүйесіне қосылуды жоспарлап отырмыз. Шағын орталыққа балаларды Smart Nation бойынша Egov арқылы қабылдауға қол жеткіздік. Айырмашылығы ата-аналар бұрынғыдай құжатты қолма-қол әкеліп тапсырмайды, электронды жүктейді. Сақтық шараларына байланысты әлі мектепке жиналуға рұқсат жоқ қой. Бұл ретте Zoom арқылы ата-аналармен жиналыс өткізіп жүрміз. WhatsApp чаттары арқылы да кері байланыс орнады. Мұғалімдерге де жақсы болды. Білім жетілдіру, яғни PISA курстарына, семинар, вебинарға Zoom  платформасы арқылы қатысуда. Жалпы интернет келуі біз үшін өте тиімді деп есептеймін. Себебі білім саласындағы барлық жаңалықты қалт жібермей, хабардар болып отырасың”, – дейді мектеп директоры Қанат Зейнуллин.

Ұстаздар күнделікті сабақ барысында да мобильді байланыстың жемісін көріп отыр. Мектепте 5 интернет тақта, 3 "BilimBook" дербес оқыту планшеті бар екен. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі Динара Сұлтанова біз барғанда тақырыпты осы замануи жабдықтардың жәрдемімен түсіндіріп жатты. Айтуынша, биыл жас ұстаз "Bilim center – Bilimlend" платформалары арқылы сабақ өткізуге көшіпті.

Оқушылардың да ғаламтор сапасы артқалы сабаққа қызығушылығы күшейіп, қосымша ізденуге мүмкіндіктері пайда болған. 9-сынып оқушысы Альбина Сағидолланың айтуынша, қазір іс-шараларды, сабақтарды, түрлі слайдтарды, аудио-бейне файлдарды телефоннан көріп, барлық керекті мағлұматтарды алуға мүмкіндік бар. Тек сабаққа ғана емес, оқимын, тоқимын деген адамға өзін жетілдіруге интернеттің көмегі зор дейді ол.

Бүгінде мектеп оқушылары түрлі онлайн байқауларға, білім сайыстарына жиі қатыса бастаған. Мәселен, Альбинаның сыныптасы, осы Үшағаш орта мектебінің 9-сынып оқушысы Нұрайна Сейілбекқызының республикалық "Қадыр оқуларынан" бас жүлдені жеңіп алуы – сөзіміздің айғағы.

Үшағаш

"Бірінші жылы аудандық кезеңге қатыстым. Одан облыстық кезеңге жеттім. Жүлделі орын мен алғыс хат алдым. Ал байқаудың республикалық кезеңі коронавирус індетінің салдарынан онлайн өтті. Мен қазақ поэзиясының қадірін арттырған даңқты жерлесіміз Қадыр Мырза Әлінің 235 өлеңін жаттаған едім. Ең көп өлең жаттаған мен болып шықтым. Нәтижесінде бас жүлдені жеңіп алдым. Байқау жоғары деңгейде әрі әділ өтті деп есептеймін. Шексіз қуаныштымын. Осының бәрі ауылда сапалы байланыс болуының арқасы", – дейді оқушы қыз.

Мобильді интернетті жастар ғана емес орта буын да белсенді пайдаланады. Тұрғындар түрлі қосымшалар арқылы төлем операцияларын жүргізуге жаппай көшкен. Ауыл тұрғыны Гүлмира Кәрімова бұл өте қолайлы деп санайды.

“Бұрын газ бен жарықтың ақшасын төлеу үшін "ойдой" уақыт алып, Қаратөбеге кетеміз. Таңертең барамыз, түске дейін кезекте тұрамыз. Одан ығы-жығы адамдар көп болып, кезек келмесе, түскі ас ішуге ауылға қайтып келеміз. Түстен кейін тағы барамыз. Бір күнің босқа өтеді. Ал қазір рахат! Ешқайда шықпастан, онлайн банкинг арқылы лақтыра саламыз. Әп-сәтте төлем түседі. Өте ыңғайлы болды”, – дейді Гүлмира.

Несиені төлеуге облыс орталығына барудың қажеті жоқ деген ауыл тұрғыны бүгін бәрін де үйден шықпай-ақ орындауға болатынын жеткізді. 

“Kcell қабылдағышы орнатылғаны өте жақсы болды. Несиелерімізді интернетпен төлейміз. Комуналдық қызметтерді де интернет арқылы аударамыз. Үйде де, далада да байланыс сайрап тұр. Бұрын қоңырау соғу үшін төбеге шығып, өкшемізді көтеріп тұрып сөйлесетінбіз. Тіпті жедел жәрдем шақыру үшін телефон соғып, ала алмаған күндер болды. Ал қазір еш қиындық көріп отырған жоқпыз”, – дейді осы ауылдың тағы бір тұрғыны Сарыби Боранбаева.

Үшағаш ауылының айналасы оты мол, шөбі шүйгін құмды шағылдар. Мал шаруашылығына аса ыңғайлы. Жатып қалған бір тоқты жайылып мың қой болған жер. Сол себепті де жергілікті жұртшылық тұрмыс-тіршілігін төрт түлікпен тығыз байланыстырған. Ырыздығын жерден іздеген, несібесін маңдай терден терген ауылда жыл санап мал басы өсіп, шаруа қожалықтарының қатары артып келеді. Соның бірі –  "Жайна" шаруа қожалығы. Негізінен мүйізді ірі қара мен жылқы өсіретін ауыл шаруашылық құрылымы  есеп-қисап жүргізуде биылдан бастап интернетті қолдана бастапты.

"Мал баққасын жоғалады, өзге табындарға қосылып кетеді. Сондайда интернеттің пайдасы көп. Мың тәубе, жоқ-жітігімізді телефон арқылы түгендеп отыратын жағдайға жеттік. Қожалыққа да көп пайдасы тиіп жатыр. Малдың субсидиясына құжаттарды жинап, үйден тапсырамыз. Жем-шөп дайындағанымыз туралы ақпарды тиісті орындарға жөнелтеміз. Салықты да болашақта телефонмен төлеуге болатынын естіп жатырмыз. Бір сөзбен айтқанда, мал шаруашылығына қажетті жылт еткен қандай жақсы жаңалық бар, қандай техника алуға болады, соның бәрін уақытылы біліп отырамыз", – дейді қожалық өкілі Тойдық Сағындықова.

Айта кетсек, Үшағаш ауылы Kcell ұйымының кең жолақты интернетіне биыл мамыр айында қосылған. 

Талқылау