Пермьде университеттегі атыс кезінде дәрісін жалғастырған мұғалім өз әрекетін түсіндірді
Пермь мемлекеттік ұлттық зерттеу университетінің оқытушысы Олег Сыромятников оқу орнында атыс болған уақытта дәрісін тоқтатпай, жалғастыра беруінің себебін түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі РИА Новостиге сілтеме жасап.
Оқытушының айтуынша, ол осы әрекеті арқылы дүрбелеңнің алдын алған. Егер студенттерді жіберген уақытта олар шабуыл жасаған азамат тұрған дәлізге жүгіретін еді.
Профессор аудиторияның металл есігі болғанын және бесінші қабатта орналасқанын айтады. Сондай-ақ аудитория есігі жабық болғанын атап өтті.
"Атыс шығарған азамат екінші қабаттан жоғары көтерілмеді. Сондықтан нақты қауіп төнген жоқ. Егер адамдар дәлізге жүгірсе тек дүрбелеңге айналар еді. Бізге ресми ақпарат жеткен жоқ немесе бесінші қабаттағы терезелерден секір деген хабар келмеді. Ең бастысы – дүрбелеңнің алдын алдық", – деп түсіндірді Сыромятников.
Олег Сыромятников – филология ғылымының докторы. Пермь мемлекеттік ұлттық зерттеу университетінің орыс тілі және стилистика кафедрасының профессоры.
Айта кетсек, Пермь мемлекеттік университетінде (ПГНИУ) 22 қазақстандық студент оқиды. Ешкім зардап шеккен жоқ.
Айта кетейік, 20 қыркүйекте Пермь мемлекеттік университетінде 18 жастағы жігіт оқ жаудырды, алты адам қайтыс болды.
Зардап шеккен 28 адам медициналық көмекке жүгінді, олардың бір бөлігі түрлі дәрежедегі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды.