Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Заманауи әлем оның түбіне жетті": 40 жыл бойы орманда өмір сүрген ер азамат өркениетке оралып, артынша көз жұмды

Джунглиде 40 жыл өмір сүрген 52 жастағы "вьетнамдық Тарзан" Хо Ван Ланг өркениетті өмірге оралғаннан кейін сегіз жыл ғана өмір сүріп, бауыр қатерлі ісігінен көз жұмды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail-ге сілтеме жасап.

1972 жылы американдық ұшақтар сол кезде екі жасар Хо Ван Ланг тұрған Вьетнам ауылын бомбалаған. Елді мекенде тек Хо Ван Ланг пен оның әкесі Хо Ван Тхан аман қалады. Олар жауларынан құтылу үшін джунглиде жасырынуға мәжбүр болды. Осылайша отбасы Вьетнам соғысы әлі аяқталған жоқ деп ойлап, 40 жыл орманда өмір сүрген. 

Ланг ешқашан сағат көрмеген және электр қуатының бар екенін білмеген. Ол өзінің сырт келбетін тек өзеннен көріп, елестете алған. Сондай-ақ тек 10-ға дейін санау білген. Ол жарқанаттарды "зәйтүн сияқты жеп" күн көрген. Джунглиде өмір бойы әкесінен басқа, Ланг бес адам ғана көрген. Олардың арасында бірде-бір әйел болмаған. 

Лангтың әкесі бүкіл отбасы мүшелерінің көз жұмғанына сенімді болған. Алайда оның тағы бір ұлы Хо Ван Чи аман қалып, көптеген жылдар бойы әкесі мен ағасын іздегені белгілі болды. 2013 жылы ол әкесі мен бауырын Куанг Нгай провинциясындағы Ча Син елді мекенінің жанындағы орманнан тауып алып, ауылға қайтарған. 

Ланг өркениетті өмірде тек сегіз жыл өмір сүрді. 2015 жылы ол зерттеуші Альваро Церезомен кездеседі. Зерттеуші сол кезде адам тұра алмайтын аралдарға жеке сапарлар ұйымдастыратын компанияда жұмыс істеген. Ер адамдар достасып, бір күні Цезеро Лангтан бір апта джунглиде өмір сүруді үйретуін өтінді.

"Ол мен кездестіргендердің ішіндегі ең қызықты адам болды. Джунглиде бірге өмір сүрген кезімізде мен бірнеше сағат отырып істейтін затты, ол секундта істеп тастайтын”, – дейді ол. 

Дүйсенбі, 6 қыркүйекте Хо Ван Ланг бауыр қатерлі ісігінен көз жұмды. Зерттеушінің пікірінше, өркениетке оралу Джунглиде өмір сүріп үйренген вьетнамдыққа оң әсерін тигізбеді. Ол өмірі жеп көрмеген, таңсық тағамдарды жей бастады. Жартылай фабрикаттарды жеп, тіпті кейде алкоголь ішті.

"Енді оның біздің арамызда жоқтығы өте өкінішті. Бірақ мен оның өлімін азаттық деп есептеймін. Өйткені оның соңғы айларда қатты азап шеккенін білемін", — деді Церезо.


Талқылау