Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Желтоқсан көтерілісіне қатысушы": Депутат желтоқсаншыларға құқықтық мәртебе беруді ұсынды

Мәжілістегі "Ақ жол" фракциясының мүшелері Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы ресми деңгейде атап өтілуі керек екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса “Желтоқсан” оқиғасында көз жұмған Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджановаларға "Халық қаһарманы" атағын беру керек деп санайды.

"Ұлт мүддесін қорғап алаңға шыққан желтоқсандықтардың басты мақсаты –"Әр халыққа өз басшысы" деген ұран болды. Бұл 70 жылдық кеңес империясына қарсы алғашқы ашық айтылған Тәуелсіздік идеясы, алғашқы айқас еді. Мыңдаған жастың аяусыз жазаланып, қудалануы да бұл жай оқиға емес, нағыз көтеріліс болғандығының айқын белгісі! Ендеше неге қызыл империяға қарсы шыққан Желтоқсан көтерілісі – ұлт азаттық көтеріліс ретінде танылмайды?!", – деді ол вице-премьер Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында.

Депутат 1986 жылы Кеңес империясынан теңдік сұрап, азаттық үшін алаңға шыққан көтеріліске биыл 35 жыл толғанын атап өтті.

“1986 жылғы 17-18 желтоқсанда болған Желтоқсан оқиғасы ұлт-азаттық көтеріліс ретінде танылып, бағалануы қажет. Желтоқсандықтарға "Желтоқсан көтерілісіне қатысушы" құқықтық мәртебесі берілуі керек", – деді Иса.

Сонымен қатар депутат қалаларда Желтоқсан қаһармандарына арналған алаң ашып, монумент орнатуды ұсынды.

Талқылау