Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Апай", "ханым" немесе есімі мен тегі: Қазақстандық ұстаздар өздерін қалай атағанын қалайды

Білім және ғылым министрлігінің отырысы кезінде Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев қазақтандық мұғалімдерді “апай, ағай” немесе “ұстаз” деудің орнына “ханым, мырза” деп атауды ұсынды. Әлеуметтік желіде бұл ұсыныс лезде қызу талқыға түсті. Осыған қатысты Stan.kz тілшісі педагогтердің пікірін сұрап білген еді. 

Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім беру академиясының президенті Ғани Бейсембаев әріптестер арасындағы қарым-қатынасты жақсарту үшін мұғалімдер әйелдерге қатысты "ханым" және ер мұғалімдерге қатысты "мырза" сөзін қолдану керек деген ұсыныс айтты. Оның пікірінше, оқушылардың ата-аналары да педагогтерді осылай атағаны дұрыс. 

"Қашықтан оқу кезінде ата-аналар, ұстаздар және оқушылар арасындағы коммуникацияда жаңа әдіс қажет екені байқалды. Біз жаңа жүйені енгізу керек деп санаймыз. Сондай-ақ ата-аналар білім беру тек мектептің емес, ата-ананың да жауапкершілігі екенін түсінулері керек", – деді Ғани Бейсембаев.

Басқа мұғалімдер мен ата-аналар ұстаздарға Айгүл Қапарқызы, Айгүл ханым, Самат Болатұлы, Самат мырза деп айтуы керек деген ойын да жеткізді. 

Өз кезегінде Алматы қаласындағы №157 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Сара Сәтпайқызы бұл ұсынысты қолдайтынын айтты. 

“Мұғалімдерге “ханым” мен “мырза” сөзін қолдануына қарсылығым жоқ. Ұстаздардың мәртебесін көтеріп жатқан тұста неге айтпасқа? Мұғалім – ең құдіретті, ең мәртебелі, қашан да биік тұратын мамандық иесі. Өткен ғасырларда өмір сүрген ұлылар Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсынұлының өзі ұстаз болған. Сол кісілерден қалған мұраны келер ұрпаққа жеткізетін, оқушылардың өмірлеріне бағыт-бағдар беретін мұғалімдер. Оларды “ханым” деп атау артықшылық етпейді. Егер ондай заң қабылданып жатса, тек құптаймын. Көшедегі адамдардың өзін “апай”, “ағай” деп айта береміз ғой. Ал мәртебелі мамандық иесін “ханым” деп атай алмаймыз ба?” – дейді ол. 

Десек те, бұл пікірге қарсылық білдіргендер де табылды. М.В.Ломоносов атындағы №38 гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ержан Дәуітұлының айтуынша, “ханым, мырза” деп айту қазақ менталитетіне сәйкес келмейді.

“Мені мектепте “мырза” деп атауына қарсымын. “Ағай” немесе “Ержан Дәуітұлы” деп атай бергендері дұрыс. Өз басым көбіне есімі мен әкесінің атын қолданамын.

“Мырза” деп айтса құлаққа түрпідей естіледі. Меніңше, “ханым” немесе “мырза” деп айту бизнесте істейтіндерге тән. Егер мені “мырза” деп атаса, жанымда серіктесім тұрғандай сезіледі. Бұл көбінесе, шетелде, Еуропада қолданылып жатады ғой. Ол жақта тұрғындар бірін-бірі “мистер”, “миссис” деп атайды. Біздің менталитетке олай айту сай келмейді. КСРО кезінен осындай жүйе қалып қалды. Енді оны өзгерте алмаймыз деп ойлаймын”, – Ержан Дәуітұлы.

Ал №122 мектептің директоры Әсемгүл Дүйсейқызының пікірінше, “мырза” немесе “ханым” деп айту тым әсірелеу. Жасы үлкен мұғалімдердің бұлай айтып үйренуі екіталай.

“Оқушылардың ұстаздарды “мырза” немесе “ханым” деп айтуы ақылға қонымсыз секілді. Біз олай айтуға үйренбегенбіз. Менің ойымша, бұл әсірелеу. “Ұстаз”, “мұғалім” деп айту немесе бұрыннан келе жатқан “апай”, “ағай” деп айту құлаққа жағымды естіледі. Тіпті болмай жатса, есімі мен әкесінің атын қолданса болады. Осы уақытқа дейін қалай атадық, солай қала бергені дұрыс болар. Мұғалімдердің арасында да “ханым” сөзінің, қолданылуына келіспеймін. Жеке өзімді біреудің олай атағанын қаламаймын. Меніңше, бұл менталитетімізге келіңкіремейді. Қазіргі жастардың тілдері бұған үйреншікті болып кетер. Бірақ бізге үлкен жастағыларға қиынға түсері анық”, – дейді ол.

Бұнымен қоса, Павлодардағы ұлдарға арналған білім инновациялық мектебінің директоры Рахим Қалиоллаұлы мұғалімдерді “ханым” мен “мырза” деп атауға қарсы емесін айтты. Оның ойынша, бұл жағдай қоғамдық дау тудыратын мәселе емес. 

“Ұстаздарды “мырза”, ханым” деп атауына қарсы емеспін. Олай атаса, тіпті жақсы болар еді. “Мырза” сөзі көбінесе жасы үлкен адамдарға қолданылады деп ойлаймын. Негізінде бұл сөздер жұмыс бабы кезінде көп айтылып жатады. Көп жағдайда мәртебесі бар адамдарға қолдану керек шығар. Мектеп директорлары, оқу, тәрбие ісінің меңгерушілеріне айтылса болады. “Апай, ағай” деп айту да дұрыс емес. “Ханым, мырза” деп атау – қоғамдық дау тудыратын мәселе емес. Әріптестер арасында бұл сөздерді қолдану қолайлы болады. Сондай-ақ ата-аналар ұстаздарды “ханым, мырза” деп атауы орынды”, – дейді ол.

Талқылау