Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Баланы орыс сыныбына беру, оған қарсы жасалған үлкен қылмыс": Қазақстандық ұстаз алдағы уақытта елімізде орыс мектептері жаппай жабылатынын болжады

Қазақстандағы орыс сыныптарының болашағы жоқ. Елордалық гимназияның директоры, белгілі ұстаз Аятжан Ахметжанұлы осындай пікірде. Оның айтуынша, 6-7 жылдан кейін орыс бөлімдеріне бірінші сыныпқа қабылдау тоқтатылады. Ал қазіргі орыс тілді оқушылар бәсекеге қабілетсіз болады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап.

Мектеп директоры Аятжан Ахметжанұлы ата-аналарға балаларын орыс сыныптарына бермеуге кеңес береді. Бұл туралы ол үнемі мақалалар жазып, өзінің ұстанымын бірнеше себептермен түсіндіреді. Біріншіден, демографиялық жағдайға байланысты. Этникалық орыстар Қазақстаннан кетіп жатыр. Ал халықтың табиғи өсуі негізінен қазақ тілінде сөйлейтін оңтүстік облыстарда байқалады. 

Сонымен қатар өткен жылдан бастап жоғары оқу орындарындағы гранттар оқыту тілі бойынша бөлінбейді.Негізінен, қазақ мектептерінің түлектері жеңілдікті көп алады. Өйткені олар ҰБТ-да көп балл жинайды. Сондай-ақ қазақ топтарындағы студенттер саны он есе көп болуы мүмкін.

“Менің ойымша, қазіргі кезде баланы орыс сыныбына беру, оған қарсы жасалған үлкен қылмыс. Қазір бірінші сыныпқа баратындар 15 жылдан кейін мектеп пен университет бітіреді. Ол уақытта біз қаласақ та, қаламасақ та елдегі демографиялық және тарихи жағдай өзгереді. Бұл саясат емес, уақыт ағымы. Кезінде совет уақытында орыс тілін білмегендерге қиындық тудырғанындай, дәл солай қазақ тілін білмегендерге де ауыр болады”, – дейді ол.

Гимназия басшысының айтуынша, қазіргі таңда орыс тілді мұғалімдер жетіспеушілігі байқалады. Ал қазақ мектептерінде бос лауазымдарға бәсекелестік бар. 

Басқа мамандардың пікірінше, бұл дұрыс емес дәлел. Кадрлардың жетіспеушілігі мұғалімдердің жалақысының төмендігінен туындап отыр. Педагог мәртебесі туралы жаңа заңмен жағдай түзелуге тиіс. Сонымен қатар қазақ білім беру сарапшылары лигасының мамандары ата-аналардың оқыту тілін өздері таңдауға құқығы барын, екі тілді оқыту да сұранысқа ие екенін айтады. 

Адамның, баланың құқықтарына нұқсан келтірудің қажеті жоқ. Ата-аналарға өздері қалаған мектепте оқуға таңдау құқығы берілуі керек. Орыс тілді мектептер жойылуда деп айту мүмкін емес. Мектептер толық. Қазақ тілді мектептердің жетіспеушілігі сияқты, орыс тілді мектептерде де жетіспеушілік білінеді. 

Білім министрлігінің мәліметінше, бүгінде республикада жеті жарым мыңға жуық мектеп бар. Қазақ тілді мектептер саны 1500-ден асса, 1300-дей орыс, 2400-ге жуық аралас білім орны бар. Сондай-ақ ағылшын, өзбек және ұйғыр тілдерінде де білім беретін оқу орындары бар. Қыркүйек айында 54 мектеп пайдалануға беріледі, оның 75%-ында мемлекеттік тілде сабақ жүргізілетін болады. 


Қазақстанда тілдер күні мерекесін қашан және не үшін тойлайды

Талқылау