Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бес метрге ұшып кеткен": Куәгерлер алматылық полицей жаяу жүргіншіні қалай қағып кеткенін айтып берді

Алматыда полиция қызметкері қызметтік көлікпен жаяу жүргіншіні қағып кетті. Куәгерлер оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап. 

Куәгерлерлердің сөзінше, жолдың шетінде тұрған әйел қатты соққының салдарынан бес метрге ұшып кеткен.

Оқиға Алматының Алатау ауданында болған. Полиция қызметкері қызметтік көлігімен Өтемісұлы көшесімен келе жатқан. Ол екінші көлікке соқтығыспау мақсатында жолдың жиегіне шығып, жаяу жүргіншіні қағып кетеді. Жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды. 

“Ол көлік жуатын жерде жұмыс жасайтын. Ауысымнан кейін баласының аттестат алу рәсіміне бармақ болған”, – дейді марқұмның туыстары. 

Олар жол апатына кінәлі адамды қатаң жазаға тартуды талап етті. Олардың айтуынша, полиция қызметкері үлкен жылдамдықпен келе жатқан.

“Полицей кемінде сағатына жүз шақырым жылдамдықпен келе жатты. Өйткені адам бес метрге дейін ұшып кеткен. Егер ол сағатына 40 шақырым жылдамдықпен жүрсе, оқиға бұлай аяқталмайтын еді. Ол жазаға тартылуы керек”, – дейді марқұмның туысы Сұңғылшаш Айтуғанова. 

Жол апатына кінәлі бас бостандығынан айырылу жазасымен қатар, айыппұл төлеуі де мүмкін. Оған қоса, полицей үлкен көлік пен автокөлік жууға арналған құрылғыны да қағып кеткен. Бұл шығындардың өзі бір миллион теңгеден асады. 

“Шаңсорғыш осы жерде тұрған. Соққыдан кейін шаңсорғы 30-40 метрге дейін кафенің алдына қарай ұшып кетті. Әйел де сол жаққа қарай ұшты. Құрылғының құны бір миллион екі жүз мың шамасында, мен оны жалға алған болатынмын”, – дейді қала тұрғыны Юрий Приходко. 

Апаттың себебі тергеу жұмыстары барысында анықталатын болады.

Алматылық әйелдің өлімі үшін жүргізуші енді бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда полицей жаяу жүргіншіні қағып кеткені туралы жазған болатынбыз. 

Талқылау