Жанар Байсемізова ер адамдардың не себепті әйелінің көзіне шөп салатынын айтты
Жанар Байсемізова ер адамдардың неліктен опасыздыққа әуес екенін айтты. "Алла сүйген құлын сынайды" деген ұстанымды жоққа шығарып, ерінің қателігі үшін әйел жауапты емес дегенді айтты.
Жанар Байсемізованің айтуынша, оған күйеуі жайлы, отбасылық мәселе жайлы айтып көмек сұрайтындар көп. Әсіресе, күйеуі опасыздық жасайтынын әйелдер жағы басым екен. Тележүргізуші бұл ретте әйелдерге өз кеңесін айтады.
"Бізде көп жағдайда әйелді кінәлап жатады. Әйелге көп жауапкершілік артады. Мәселен, ер адам опасыздық жасаса, әйелін кінәлайды. Өзіне қараған жоқ, күйеуінің көңілін тапқан жоқ, тазалыққа мән бермеді, жолдасына энергия бермеді, алдамады, мақтамады деп түрлі сылтаулар айтады. Мен де кезінде сондай сабақтар айттым. Желідегі біраз дәріс берушілер осындай сабақ жүргізді. Осылайша өзі қиналып жүрген әйелді одан сайын тығырыққа тірейді. Менің қазір көзқарасым өзгерді. Мен қазір басқаша ойлаймын", - деді тележүргізуші.
Жанар ханым мәселенің бәрі - еркектің жауапкершілігінде деген көзқараста. Ер адамның қателігі үшін әйел жауапты емес деген пікір айтты.
"Алла сүйген құлын сынайды, бұл сынақ деп әйелге басу айтады. Мұны сынақ деп қабылдаған әйел көніп жүре береді. Бұл ешқандай да сынақ емес. Алла сүйген құлын сынамайды. Аллаға құлдарының қиналғаны, сыналғаны керек емес. Оған ешқандай мұқтаж емес. Бұл жай ғана ер адамның жауапсыздығы. Ер адам балалары бар екенін, өзін күтіп отырған әйелі бар екенін білсе, өзге әйелге қанша аңсары ауып отырса да, жауапкершілікті бірінші орынға қою керек. Жауапкершілікті сезінген ер азамат ешқашан опасыздық жасамайды. "Ер адам үйден қырық қадам аттаған соң бойдақ" деген сөз бар. Мұның бәрін өзін ақтау үшін шығарған, жауапкершілікті сезінгісі келмейтін адамдардың сөзі. Мұндай сөзге ермеңіз. Бойдақ деп сезіндіңіз, опасыздық жасадыңыз, отбасыңыз бүлінді, балалар екі жақта қалды. Сонда не болды?", - дейді Жанар ханым.
Айтуынша, әйел дене сымбатына, өз күтіміне күйеуі үшін емес, өзі үшін қарауы керек.
"Әйелдердің әдемі болып жүргеніне, күтім жасауына, артық салмақтан арылуына қарсы емеспін. Бірақ күйеуі үшін емес, өзіңіз үшін жасаңыз. Өзіңізді жақсы сезіну үшін жасаңыз. Өзіңізге сенімді болыңыз. Мәселе сынақта емес, жай ғана көңіл бөлмегенде шығар. Мүмкін күйеуіңіз сізден әлденені күтетін шығар. Жақын сөйлескісі келетін шығар. Жылулық сезінгісі келетін шығар, мәселе ешқандай сынақта, тағдырда емес", - деді Жанар ханым.