Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

66,2 миллион теңге өтемақы төлейді: Алматыдағы блок-бекетте екі полицейдің өмірін қиған қылмыскерге сот үкімі шықты

Қарасай аудандық соты Алматыдағы блок-бекетте екі полицейдің өліміне әкеп соққан жол апатына себепші болған Азат Азаматовқа үкім шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Сот шешіміне сәйкес сотталушы абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін кінәлі деп танылды.

"Азат Азаматов кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын", - деп үкім шығарды судья Мәди Көшікбаев.

Мемлекеттік айыптаушы Арыстан Әлікенов те соттан Азаматовты орташа қауіпсіздік мекемесінде 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұраған еді.


Ақмола облысында көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізуші екі полицейдің өліміне себепші болды


Сонымен қатар, сот Азат Азаматовты жәбірленушілерге 66,2 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеді.

Сот қылмыскерді Алматы полиция департаментіне келтірілген материалдық шығын (сынған полиция автокөлігі) үшін 5,4 миллион теңге төлеуге міндеттеді.

Жәбірленуші Динара Аманның пайдасына сотталушы бір миллион теңге моральдық шығын төлеуге және баласы 18 жасқа толғанға дейін 36 миллион теңге төлеуі тиіс.

Марқұм полицейдің әкесінің пайдасына Азаматов бір миллион теңге моральдық шығын және 2,8 миллион теңге материалдық шығын төлейді.

Қаза тапқан екінші полицейдің жесірінің пайдасына ІІМ экс-қызметкерінен оның үш баласы 18 жасқа толғанға дейін 15 миллион теңге өндіріп алады. Сондай-ақ, әйелге 5 миллион моральдық шығын өтеледі.

Еске салсақ, 25 мамырда таңертең Алматыдағы бақылау-өткізу бекетінде жантүршігерлік апат болды. Шетелдік көліктің жүргізушісі мас күйінде бақылау бекетін бұзып, полицияның қызметтік көлігін қағып кеткен. Белгілі болғандай ол бұрынғы құқық қорғау қызметкері болып  шықты. 

Талқылау