Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Коронадағдарыс созылып кетсе, үйлердің бағасы құлдырайды": Осы уақытта баспана сатып алған дұрыс па?

Пандемия кесірінен әлем экономикасының құлдырауы тұрғын үй нарығына да біраз қиындықтар алып келді. Бұған қоса, Қазақстанда болған зейнет жүйесіндегі өзгерістер мен доллардың тұрақсыздығы да жылжымайтын мүліктің бағасына әсер етпей қоймады. Алдыда енгізілуі мүмкін қатаң карантин тағы бар. Сонымен, тұрғын үй нарығындағы сұраныс қандай? Қазір жылжымайтын мүлікке инвестиция жасау тиімді ме? Бұл туралы Stan.kz тілшісі анықтаған еді. 

Сарапшылар ұзақмерзімді инвестиция жасауда жылжымайтын мүлік табылмас құрал болатынын айтады. Сөздерінше, әсіресе, жаңадан салынып жатқан үйлерге назар аударған жөн. Дегенімен бұл ретте инвесторлар 2008 жылы болған тұрғын үй нарығындағы жағдайды еске алады. Еске салсақ, дәл сол жылы әлемде қаржы дағдарысының салдарынан үйдің бағасы мүлдем құлдырап кеткен еді. Ал биылғы  коронадағдарысты ескерсек, жылжымайтын мүлікке инвестиция жасау қаншалықты орынды шешім деген сұрақ туады. 

Мәселен, статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда 2020 жылдың қыркүйегіндегі жағдай бойынша жаңа тұрғын үйлердің бағасы алдыңғы аймен салыстырғанда 3,8%-ға көтерілген. 

таблица

Алматы бағалау орталығының директоры Бауыржан Бектаевтың сөзінше, бүгінде "эконом-класс" санатындағы үйлер сұранысқа ие. 

"Қазіргі таңда халық назарын "эконом-классты" үйлерге аударуда. Бұл санаттағы үйлерге деген сұраныстың жоғарылығы оған инвестициялауда тұрақты табыстың ескерілетіні мен мемлекеттік бағдарламаның болуына байланысты. Сондай-ақ, коронадағдарыс жағдайында халықтың табыс көзінің азаюы да бұл жағдайға ықпал етуде", - дейді сарапшы. 

Ал элиталы үйлерге сұраныс жоғары емес. Бұған себеп - ұлттық валютаның тұрақсыздығы мен басқа да экономикалық көрсеткіштер. Әрине, ұлттық экономика ақсап тұрса, қымбат үйлерге сұраныс жайлы айтуға келмейді", - дейді сарапшы. 

Ал қазір жылжымайтын мүлікке инвестиция жасаған дұрыс па? Біз бұл туралы қаржы сарапшыларынан сұраған едік. 

GSB UIB директоры, экономист Мақсат Халық жылжымайтын мүлікті инвестиция құралы ретінде жоғары бағалайтынын жеткізді. Дегенмен қаражатыңыздың барлығын жылжымайтын мүлікке салу да дұрыс емес, дейді ол. 

"Жылжымайтын мүлік алтыннан кейінгі сенімді инвестиция құралы болып есептеледі. 2008 жылы орын алған әлемдік дағдарысқа қарамастан инвестицияның бұл құралы өзінің өзектілігін жоғалтпады. Десек те коронадағдарыстың ел экономикасына деген әсері ұзап кететін болса, жылжымайтын мүліктің бағасы арзандап кетуі де ғажап емес. Сондықтан жиған-тергеніңізді тек осы инвестиция құралына салып отыру деген дұрыс емес. Өйткені оның бағасы ертеңгі күні төмендеп кетсе, салған қаражатыңыздан айырылып қалуыңыз әбден мүмкін", - дейді Мақсат Халық. 

"Жылжымайтын мүлікке инвестиция жасамас бұрын елдің экономикалық жағдайын есепке алған жөн. Әсіресе, осындай қиын-қыстау кезеңде өте сақ болу керек. Дағдарыс кезінде ақшаның қолма-қол болғаны жөн. Өйткені елде қысылтаяң жағдай болып жатса, үйді тез сату қиынға соғары анық. Дифференциация әдісін де есте ұстаған дұрыс. Бұған қоса қаржыгерлер мынандай кеңес береді: егер бәрі үй сатып жатса, үйіңізді сатпай қоя тұрыңыз. Керісінше, сатып алып жатса, сіз бұл қадамнан бас тартыңыз. Себебі көшке ілессеңіз, сіз міндетті түрде опық жейсіз", - дейді сарапшы. 

Мұнымен қоса, ол елімізде тұрғын үй бағасының көтерілуі қолдан жасалып отыруы мүмкін екенін алға тартты. 

"Үй бағасының көтерілуіне қазіргі таңда мемлекеттік бағдарламалардың танымалдылыққа ие болуының ықпалы бар. Сонымен қатар, жақында мемлекеттің зейнетақы жинақтамасын үй сатып алу үшін шешуге рұқсат бергені тағы бар. Міне, мұның барлығы тұрғын үй нарығындағы бағаның өсуіне алып келеді", - деп қосты ол. 

 

Дайындаған Дидар Халық

Талқылау