Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құлаққаптарды жалдауға 660 мың теңге бөлінген: Аружан Саин 111 байланыс орталығының құйтырқы қызметін әшкереледі

Балалар құқығы жөніндегі өкілетті уәкіл Аружан Саин балалардың атын жамылып, негізсіз бюджет ақшасын құртып келген 111 байланыс орталығының қызметі жайлы шындықты жария етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 


"2017-2019 жылы білім және ғылым министрлігі мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арқылы 111 байланыс орталығына бөлінген 533 миллион 630 мың теңге туралы сөз қозғайықшы. Балалар құқығы жөніндегі өкілетті уәкіл болғалы бері қолыма тиген қаржы мәселесі бойынша құжаттарды көріп жағамды ұстадым. Қағаздарды саралап президентке бұл негізсіз шығындар екенін жеткіздім. Менің ұсынысымды қолдап мемлекет басшысы байланыс орталығын жауып тастады. Алайда бұған наразы болғандар да табылды", - дейді Аружан Саин. 

Сөзінше, "Немолчи" қорының белсенділері 111 байланыс орталығын жауап тастағандықтан сыни пікірлер білдіре бастапты. 

"Мәселенің түп-төркіні туралы талқылайық. Алғашқы екі жыл бұл орталыққа білім министрлігі 166 миллион теңге бөліп келген. Ал 2019 жылы мекеменің бюджеті 200 миллионға жеткен. Салыстырмалы түрде бұл балалар мен жастарға арналған ұлттық сенім нөміріне бөлінетін ақшадан 13 есе көп. Демеушілердің арқасында күн көріп, 2005 жылы құрылған "150" нөмірінің орталығының бюджеті 15 миллион теңгені құрайды", - дейді балалар омбудсмені. 

Бұған қоса ол "150" орталығын құрған Зүлфия Байсқова балалар құқығы жөніндегі экс-уәкіл Зағипа Балиеваға серіктес болуға ұсыныс білдіргенін, алайда оның ойы іске аспағанын айтады. Осылайша "150" нөмірінің қызметіне ұқсас тағы бір орталық құрылыпты. 

"10 компьютерді жалдаудың өзіне 8 177 679 теңге сұратылып келген. Бір компьютерге 817 мың теңге. Не деген қыруар ақша? Одан да жаңадан ала салған дұрыс олар еді. Ол болмаса игі іс үшін компьютерді тегін беретіндер де табылар еді.

Жұмыс орнының хостингіне 20 орынға 32 894 000 теңге. Нарықта бұл қызметтің құны 700 мың теңге. Оған қоса компьютердің өзі он дана. Тағы он қызметкер жұмыс кестесі 8 сағатқа созылса, не істейді? 

Жобаның әкімшілік қызметіне 13 272 537 теңге. Бұл компьютердің қызметіне жауапты адамдарға бөлінетін ақша. Ал 2019 жылы оларға 48 миилион теңге арналған.

111 Freephone нөмірінің қызметіне 11 499 730 теңге. Ең қызығы 150 орталығында нөмірге бір тиын да төленбейді екен. Бұған қоса 111 нөмірі балалардың экс-омбудсменінің атына рәсімделгенін атап өтейін.

Құлаққаптарды жалдауға 666 400 теңге. Құдайым-ау, интернетті ашып, "құлаққап сатып алу" деп жазсаңыз, ең жақсысы 26 мың теңге тұратын құрылғылар көп қой? Бір рет алып қойсаңыз, бірнеше жыл қолдануға болады.

Және ең соңғысы мониторинг және сараптама қызметтеріне 58 464 000 теңге қарастырылған", - дейді Саин. 

Айтуынша, бұл мәселе жайлы ол жемқорлыққа қарсы қызметке хабар берген. Олар өз кезегінде санақ комитетіне бағыттапты. Комитеттегілер болса, тек жоспар бойынша тексеру жүргізетінін айтып, қолдарын бір сілтепті. 

"Мен өкілетті уәкіл болғалы бері көлеңкелі шығындарға бір тиын да құртылмады. Біздің елімізде қайырымды кәсіпкерлер мен адамдар көп қой. Олар сенімді ұйымдарға көмектерін аямайтын еді. Керек болса компьютер де, құлаққап та тегін тауып берер еді.  Мен орталықты жабу туралы бастама көтергенде маған хабарласушылардың саны артып кетті. Барлығының да айтары: бұл балалар үшін жасалып жатқан дүние ғой. Ал жоғарыдағы мысалдарды мәлім еткенімде бұл кісілер тым-тырыс болды", - деп қосты Аружан Саин. 

Сондай-ақ ол балалардың атын жамылып ақша жасау дұрыс еместігін сөзге тиек етіп, осы бағыттағы басқа да өзекті мәселелер ескерусіз қалып жатқанына сұрау салды.  


Алматы облысындағы балалар үйінің тәрбиеленушілерінен ұрланған ақша: Күдікті Таразда жасырынған

Талқылау