Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Некесіз қатынасқа түскені үшін дүре соғылған әйел жазаны орындау кезінде есінен танып қалды

заң
Фото: dailymail.com

Индонезияда әйелге некесіз жыныстық қатынасқа түскені үшін дүре соғылды. Ал ол жазалау кезінде есінен танып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Dailymail басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Елдің Ачех провинциясында ислам шариғатының талаптарын бұзғандарға осындай жаза қолданылады. Жазадан кейін есінен танған әйелге дәрігерлер көмек көрсеткен.

Әйел некесіз жыныстық қатынасқа түскені үшін көпшіліктің көзінше жазаланған. Бұл құқықбұзушылық үшін кінәлілерге қамшымен 100 ретке дейін дүре соғылуы мүмкін.

Онымен бірге жазаланған ер адам да соққыдан қатты ауырсынып, тізерлеп отырып қалған. Ол некеде бола тұра басқа адаммен жыныстық қатынасқа түскені үшін жазаға тартылған. Ачех провинциясында бұл да шариғат заңдары бойынша құқықбұзушылық саналады.

Банда-Ачехтегі шариғат соты ислам заңдарының түрлі талаптарын бұзған сегіз адамға үкім шығарған. Олардың әрқайсысына 100 ретке дейін дүре соғу жазасы тағайындалған. Жаза қаладағы арнайы ашық алаңда көпшіліктің көзінше орындалған. Оны көруге аздаған адам жиналған.

Жазаны орындайтын, жергілікті жерде “алгожо” деп аталатын қызметкерлер сот өкілдері мен жұрттың көзінше жазаланушыларды ротанг таяқтарымен ұрады. Қызметкерлер басына дейін жауып тұратын қара киім киіп, жүзін бүркемелеп алады. 

Ачехте қандай әрекеттер үшін дүре соғылады?

Ачех провинциясында дүре соғу жазасы бірқатар істе қолданылады. Олардың қатарында құмар ойын ойнау, алкоголь ішу, бір жынысты адамдар арасындағы жыныстық қатынас және некесіз жыныстық қатынас бар.

Жазаны көпшілік алдында орындаудың мақсаты – адамды физикалық тұрғыдан жазалаумен қатар, ел алдында ұялту. Мұндай жазадан кейін сотталғандардың есінен танып қалу жағдайы жиі кездеседі. Фото мен видеоларда олардың жазадан соң зембілмен әкетіліп жатқаны да көрінеді. Дүре соғу көбіне мешіттердің жанында немесе қоғамдық алаңдарда өткізіледі. Оны тамашалауға жиналғандар оқиғаны ұялы телефондарына түсіріп жатады.

дүре
Фото: dailymail.com

Индонезия – мұсылмандар саны бойынша әлемдегі ең ірі ел. Сонымен қатар мұнда алты дін мен жергілікті наным-сенімдер ресми түрде мойындалған.

Адам құқықтарын қорғау ұйымдары жазаның көпшілік алдында орындалуы адамды қорлаумен шектелмей, ұзаққа созылатын психологиялық зардаптарға да әкелуі мүмкін екенін айтады.

Amnesty International мен Human Rights Watch ұйымдары бұл тәжірибені бірнеше рет сынаған. Олардың пікірінше, дүре соғу Индонезия Конституциясына және елдің халықаралық құқық алдындағы міндеттемелеріне қайшы келеді.

Amnesty International ұйымының Индонезиядағы атқарушы директоры Усман Хамид бұған дейін әлеуметтік желіде жарияланатын әрекеттерге қатысты пікір білдірген.

“Мұндай әрекеттерді орынсыз деп санауға болады. Өйткені әлеуметтік желіні әртүрлі жастағы адамдар, соның ішінде балалар да көреді. Бірақ бұл үшін адамды түрмеге қамауға немесе дүре соғуға бола ма? Бұл шектен тыс жаза”, – деді ол.

Amnesty International бұған дейін де дүре соғу Индонезия Конституциясына қайшы екенін және халықаралық адам құқықтары нормаларын бұзатынын мәлімдеген.

“Бұл – қатыгез, адамгершілікке жатпайтын әрі адамның қадір-қасиетін қорлайтын жаза. Бұл тәжірибе Индонезия қатысатын халықаралық келісімдердегі адам құқықтарын қорғау талаптарына қайшы”, – делінген ұйым мәлімдемесінде.

Жергілікті билік өкілдері бұл жазаны құқықбұзушылықтың алдын алу құралы әрі провинцияның өзіндік ерекшелігінің бір бөлігі деп санайды. Ал сыншылар мұндай тәжірибе Индонезияның адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық беделіне нұқсан келтіріп, жазаға тартылған адамдарға ұзақ мерзімді психологиялық зиян келтіреді деп есептейді.

Соған қарамастан, мұсылмандар тұратын Ачех халқы арасында бұл жазаны қолдайтындар көп.

Индонезияның 255 миллион тұрғынының 90%-дан астамы өзін мұсылман санайды. Алайда олардың басым бөлігі ислам дінінің қалыпты бағыттарын ұстанады.

Ачехте шариғат заңдары қашан енгізілді?

Ачехте шариғат заңдары 2002 жылы енгізілді. Ал 2003 жылы олардың талаптары кеңейтілді. Бұған дейін, 2001 жылы провинцияға ерекше автономия мәртебесі берілген еді. Аймақта ұзақ жылдарға созылған сепаратистік көтерілісті тоқтату үшін билік осындай шешім қабылдаған. 

Осы келісім нәтижесінде Ачех Индонезиядағы ислам шариғатын құқықтық жүйе ретінде қолдануға рұқсат алған жалғыз провинция болды.

Ачех провинциясында шариғат заңдары бойынша некесіз жыныстық қатынасқа түскен, некеде тұрмаса да оңаша қалған, алкоголь ішкен немесе құмар ойын ойнаған адам жазаланады. Діни полиция мұсылман әйелдердің киіміне де бақылау жасайды. Мұндай әрекеттер үшін дүре соғуы мүмкін.

2018 жылы провинция билігі өлім жазасының бір түрі – бас шабуды енгізу мәселесін талқылаған. Алайда Индонезияның орталық билігі бұған ұлттық заңнама бойынша рұқсат жоқ екенін ескерткен.

Айта кетейік, бұған дейін Некеге тұрмай, жыныстық қатынасқа түскен жұпқа 100 рет дүре соғылғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 15 Қазан, 2026 15:39