Неліктен әйелдер ерлерге қарағанда көбірек ұйықтауы керек – Зерттеу бірнеше себебін көрсетті
Сарапшылар бұған дейін ересектерге күніне 7-ден 9 сағатқа дейін ұйықтау жеткілікті деп мәлімдеді. Дегенмен зерттеулер әйелдердің ерлерге қарағанда біршама ұзағырақ ұйықтайтынын көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Орташа алғанда, гендер арасындағы ұйқы ұзақтығының айырмашылығы – 11 минут.
Ғалымдар бұл мәліметтерді олардың ұйқы ұзақтығы туралы күнделіктері мен өзіндік есептеріне, сондай-ақ үлкен әлеуметтік зерттеулерге сүйене отырып алды. Дегенмен ұйқы ұзақтығының айырмашылығы одан да көп, себебі деректер күндізгі ұйқыны есепке алмауы мүмкін.
“Әйелдер жай ұйқысы келгендіктен немесе солай үйреніп қалғандықтан емес, физикалық қажеттігіне байланысты ұзағырақ ұйықтайды. Ол физиология мен өмір салтына байланысты”, – делінген зерттеуде.
Әйелдердің көбірек ұйқыны қажет ететін бірнеше себебі бар. Әйелдердің әл-ауқатына ұйқының қажетін анықтайтын гормондар әсер етеді. Олар мұны циркадтық ырғақтарға әсер ету арқылы жасайды.
- Менструация.
Етеккір кезінде құрысулар, бас ауруы және іш кебуі пайда болады да, соның кесірінен ағза шаршайды. Шаршау ұйқышылдыққа әкеледі.
- Жүктілік.
Жүктілік кезінде гормоналды ауытқулар ұйқыны бұзады. Ағза шаршап, ұйқы қысады.
- Менопауза.
Менопаузадағы әйелдердің шамамен 80%-ында ұйқы бұзылады.
Әйелдер еркектерге қарағанда ұйқысыздықтан, мазасыз аяқ синдромынан жиі зардап шегеді, бұл созылмалы шаршауға әкеледі. Әйелдер депрессияны, мазасыздықты және психикалық аурулардың әртүрлі комбинацияларын бастан кешіреді деп есептеледі.
Сонымен қатар 2021 жылғы зерттеу ақысыз жұмыстың 75%-ын әйелдер орындайтынын көрсетті. Мұны олар жақындарының үйіне, отбасына және медициналық қажетіне қамқорлық деп атайды. Бұл жұмыс жүктемесі жиі стреске және созылмалы ұйқының болмауына әкеледі, демалу қажеттігін арттырады.